Міндетін абыроймен атқарып, құрметке бөленгендер
Бүгін медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі! Айтулы күнге орай, президент Қ. Тоқаев Twitter парақшасында арнайы құттықтау жариялады.
Онда мемлекет басшысы медицина саласында жүргендерді «өз міндеттерін абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленгендер» деп бағалап, халық атынан алғысын айтып, сәттілік тіледі.
Ал Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният болса, өз құттықтауын видео түсірілім арқылы жеткізді. Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктердің арқасында қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 74,4 жасқа жеткен және бұл соңғы 30 жылдықтағы ең үздік көрсеткіш. Әрине, бұл жерде қитұрқы сұрақ қойып, орташа өмір сүру жасының ұзаруы дәрігер мен дәрінің жақсы болуынан емес, ел жағдайының түзелгенінен шығар дегендей пікір талас жасап кетуге болады. Алайда, айтулы күн болған соң, министр дәрігердің айтқанын құп көреміз. Оның үстіне дәрігерлердің, медицина қызметкерлерінің 2 жылға созылған пандемияда тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн, жылына 365 күн тыным таппай, әр азаматтың жаны мен денсаулығы үшін қалай күрескенін көрдік. Ондай ерлікті ел ұмытпайды. Президенттің елдің алғысын алып, құрметіне бөленген жандар деп айтуы да тегін емес.
Біз осы мерейлі датаға орай, мереке иелерін құттықтай отырып, медицина саласындағы кейбір деректерді назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
-Елімізде 280 мыңға жуық медицина қызметкері бар. Оның 79 мыңы дәрігер, қалғаны орта буын мамандары.
- Денсаулық сақтау мамандарын даярлайтын елімізде 8 медициналық жоғары оқу орыны бар. Одан бөлек, көп бейінді ЖОО құрамында 7 факультет білім береді. Бұл білім ордаларында бүгінде 64 мың болашақ дәрігер, медицина қызметкерлері білім алып жатыр. Дегенмен, еліміз бойынша, дәрігер тапшылығы бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін президент тапсырмасымен жыл сайын медицина мамандығына бөлінетін гранд көбейіп, дәрігерлердің айлығы жылына 30 пайызға көбейіп жатыр.
-2022 жылы медицина саласында елдегі жалпы ішкі өнімнің 3,7 пайызы бөлінді. 2027 жылы ЖІӨ-нің 5 пайызы президент тапсырмасымен медицина саласына бөлінуі тиіс.
-Соңғы бір жылда стационарлық деңгейде 800 мыңға жуық, оның ішінде 2 мыңнан астамы күрделі операция жасалған. Яғни, күніне шамамен 2 200 науқасқа ота жасалған.
-Еліміз бойынша 75 инсульт орталығы және 42 тері арқылы коронарлық араласу орталығы жұмыс істейді. Онда қанайналым және жүрек жүйесінің ауруларын емдейді.
- Орталық Азияда ең бірінші ашылған Гамма-пышақ орталығы Қазақстанда. «Ұлттық нейрохирургия орталығы» базасында ашылған бұл орталық нерв жүйесінің ауруларын емдеуде ең озық радиохирургиялық әдісті пайдаланады. Бұрын мұндай науқастарды бірден шетелге жіберетін. Астанадағы орталықта осы күнге дейін мыңға жуық күрделі нейрохирургиялық операция жасалды.
- Қазақстанда белең алған аурудың бірі онкологиялық ауру. Осы дерттің алдын түбегейлі алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспар жобасын әзірледі. Сондай-ақ, қазір қоғам талқысына ұсынылған жаңа Денсаулық сақтау кодексінде де осы мәселеге басты назар аударылмақ.
-Елімізде 6 заманауи мамандандырылған трансплантаттау орталығы бар.
2012 жылдан бастап 2 371 трансплантаттау жүргізілген. Оның ішінде жүрек – 88, бүйрек – 1 752, бауыр – 451, өкпе – 19. Трансплантатаудан кейінгі пациенттердің өмір сүру деңгейі әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Дегенмен, ел азаматтарында ағзаларды донорлыққа беру-бермеу мәселесінде әлі де келісімді түсінік жоқ. Ағзалық донор болу тәртібі де көпшілікке түсініксіз.
Биылғы мереке қарсаңында 2 500 медицина қызметкері арнайы марапаттарға ие болды.