«Өзіміз де шығара аламыз» - Қазақстанда электр генераторлары қарқынды шығарылып жатыр

Қазақстанда ғалым Жанболат Мұзбаев 2013 жылы алғаш рет жел генераторларын жасап көреді. Ғалым мен оның қызметкерлері 9 жылда жеткен жетістіктері туралы сөз етеміз.

Ақниет Аманжолқызы

  • 04.07.2022

Жанболаттың сөзінше, олар генератордан таза әрі тегін энергия алады. Қазір оның компаниясы өндіріп жатқан қуат генераторлары дауылға, суық және температураға төзімді. Өзге елдерден әкеліп қойылып жатқан генераторлардан ерекшелігі отандық өнім аса биіктікте орналаспайды және қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуде оңай болады.

Жанболат 2013 жылы Алматы облысы Есік қаласы маңында жеке шаруашылықпен айналысып жүрген. Қожалығына жарық тартудың қиын болатынын білгенде тегін әрі тез электр алуға болатын жолдарды іздейді. Алдымен үйінде ұлымен бірге генератор жасап, өз қожалығына қояды. Кейіннен көршілері қызығушылық танытып, көмектесуін сұрайды. Ол бұл істі көлемде зауыт қылып ашуға болатынын ойлап, Tree Energy компаниясын ашады. Әзірге бұл Қазақстан мен ТМД елдері аумағындағы электр генераторларды өндіретін жалғыз компания.

«Ұлым екеуміз жасаған алғашқы генератор шаруа қожалықтағы барлық техниканы электр қуатымен қамтамасыз етті. Мен істеген ісімді видеоға түсіріп, желіде жарияладым. Бізде ауылдардан алыс орналасқан қожалықтар көп қой. Солар хабарласып, клиенттер пайда болды. Ақырын-ақырын тапсырыс алып, шетінен істеп беріп жүрдім. 2016 жылы Маңғыстау және Қызылорда облыстарында елді мекендерді жарықтандыру бағдарламасы аясында бірнеше жоба жасап көрдік. Сол кезде орнатқан генераторларымыз әлі күнге жұмыс жасап тұр. Осы кезге дейін түсінгенім, алдымен қажеттілік туындайды. Сосын өзің жұмыс істеп, нәтижеге жетуге болады. Біздің халықтың қолынан келмейді деп отырмау керек», - дейді Жанболат.

Компания 1вВт/сағ - 10 кВт /сағ көлемінде қуат өндіре алатын вертикальді генераторлар жасайды. Бұл әсіресе электр жолдарынан алыс аумақта орналасқан аймақтар үшін қолайлы. Мәселен, 2021 жылы Шарын шатқалында бірнеше адам қайтыс болғаннан кейін шатқалға қуат көзін тартып, мобильді желі қосу мәселесі талқыланады. Шатқал электр жолдарынан алыс орналасқандықтан, мәселе бірден шешілмейді. Tree Energy компаниясы мобильді оператормен келісіп Шарынға жел генераторын орнатады. Қазір шатқалда жарық та, мобильді желі де істеп тұр.

Генераторлар Қазақстанның әр аумағындағы құбылмалы ауа райына төзімді. +40 градустан -50 градусқа дейін еш қиындықсыз 25 жыл көлемінде жұмыс істейді. Қазір компанияның генераторлары Қазақстанның барлық облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында орнатылған. Бірнеше облыстың маңызды магистральдерін жарықпен қамтып отыр.

«Біз энергия шығатын генераторды, былайша айтқанда станцияның жүрегін жасап шығарамыз. Оны өзімізге қолайлы қылып жасаудың жолын таптық. Қазір кез келген күш-қуаттағы генераторды жасай аламыз. Және айта кететін нәрсе, біз тек вертикальді түрін жасаймыз. Себебі олар ұзақ мерзімге қойылады, әдеттегі генераторлардай желдің бағытына бағынышты емес, жел қай жақтан соқса да, қабылдап ала береді. Горизонтальді түріне қарағанда қатты шу шығармайды. Сосын жасау құны арзан түседі. Қай жағынан алып қарағанда да артықшылығы көп», - дейді Жанболат.

Қазір компания тек жел энергиясын қолданып қана қоймай, басқа да ресурстардан энергия алуды қолға алған. Күн сәулесі, өзендердің ағыны мен жел күші электр энергияға айналдыру жолдарын қарастырып жатыр.

Ғалымның сөзінше, отандық өнімді бірінші кезекте ел аумағында кеңірек таратуды қолға алу қажет. Компания Қорғаныс министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Олар шекара бекеттерін және әскери аумақтарды қуат көзімен қамтамасыз ету керегін айтып келеді.

«Қазақстанда жел генераторларын кез келген салада қолдануға болады. Мұнай-газ өндіруде, төтенше жағдайлар болуы мүмкін аймақтарда, коттедж қалашықтарда, мұнай бұрғылау бекеттерінде, метеорология бекеттерінде, мал шаруашылығында, жылыжайларда және т.б. көптеген мүмкіндіктер бар. Мысалы, ауыл шаруашылығын алайық. Қазірдің өзінде 7 мыңдай қожалық күн энергиясын қолданса, 33 қожалық жел энергиясын қолданады. Осы бағытта әрі қарай жұмыс істей беру керек», - дейді Жанболат.

Компанияның жұмысына қазір Біріккен Араб әмірліктері, Индонезия, Ресей Федерациясы және Қырғызстан мен Өзбекстан қызығушылық танытқан. Алдағы уақытта Қазақстаннан шыққан электр генераторлары осы елдер аумағына орнатылуы мүмкін.

Байланысты жаналықтар

Олжас Бектенов: Импорттық тауарларды сатып алуды доғару керек

13.08.2024

«Қарапайым заттар экономикасы»: Үкімет қандай жеңілдіктер жасайды?

21.07.2020
MalimBlocks
Олжас Бектенов: Импорттық тауарларды сатып алуды доғару керек

Премьер-Министр отандық шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемелеріне мониторинг жүргізудің пәрменді тетігін әзірлеуді тапсырды.

«Қарапайым заттар экономикасы»: Үкімет қандай жеңілдіктер жасайды?