Полинаның сәнді протезі немесе кемтарлыққа мүсіркей қарау - ұят 

Айшолпан КЕРІМ

  • 30.04.2023

 

Жеті жасар Полинаның сол қолы толық жетілмеген. Алайда анасы жүктіліктің бірқалыпты өткенін, туылған соң баланың денсаулығында ақау болатынына қандай да бір белгі болмағанын айтады. Полина төрт жасынан бастап протез тағады. Бірақ бала өсіп жатқандықтан, алғашқы протез өлшемі де уақыт өте тарлық ете бастайды. Ал протез құны арзан емес. Мектепке барар жылы жаңа протез керек болып, кейіпкеріміздің анасы Ольга ақпар іздестіре бастайды. Осы жылы “Артель” қайырымдылық қоры қымбаттау құрылғының шығынын көтеруге келіскен. Ольга мен қор жетекшісі Аленамен кездесіп, патологияның бұл түрі мен елдегі протездеу жайлы сөйлесіп көрдік.

– Бес балам бар, Полинам - үшінші перзентім. Жүктілігім қалыпты-ақ өтті, босанған соң дәрігер келіп, баланың саусақтарын көрсетіп, кеміс туғанын айтты. Білмеймін, екі балам сау туған соң да бұлай болары ойыма кіріп шықпапты, бірақ таң қалу деген тек сол алғашқы кездері болған шығар. Одан кейін уайымға салынып, Полинаны біреуден кем екен дегенді ойламаппыз, - деген Ольга бірден ашылғысы келмеді, бұл сұраққа жауап беруге де ниетті еместей көрінді. Екі минут өтпей, өзі қызу әңгімені бастап кетті.

– Білесіз бе, біздің әңгімеміз қаншама адамға пайдалы болуы мүмкін ғой?.. Босанып, хабарды алған соң бірден анама хабар бердім. Ол “ойбайға” салды, жаңа туған нәресте “ертең тұрмысқа шыққанда қиналып қалмас па екен?” дегенге дейін айтты, ескінің адамы ғой. Қазір бұны күліп айтамыз, бірақ бас кездері өзім де көшеге шыққанда сол қолы көрініп қалмады ма екен деп, орап, қымтаумен болатынмын. Кейін Полина төрт жасқа толғанда бірінші протезін жасаттық, сондай әдемі, сәнді протез еді. Сол кезде суретке түсіп, желілерге салған соң ғана достарымыз бен жақындарымыз жағдайды біліп, сұрай бастады. Оған дейін өзіміз оны кем көргеннен емес, жалпы еш айырма жоқ деп қараған соң жақындарымызға айта бермейтінбіз. 

Ал протездің әдемі болғаны соншалық, оған басқа балалар да қызыға бастады, ойыншық сияқты. Ал ересектер бізді батыл санап, мақтау айтатын болды. Осының бәрі, одан бөлек бәрібір баршаға жария болуы - сырымды бөлісуімнің арқасында жеңілдеп қалғандай болдым. 

Протез расында өте сәнді. Протезден хабары жоқ адам көшеде көріп, оны расында сәндік бұйым деп ойлап қалуы да ғажап емес. Ал Полинаның жақында жасатқан протезі тіпті әдемі.

– Бұл протезді өткен жылы жасаттық. Алғашқысы сыймай қалды. Бала мектепке баруы керек, сондықтан протез аса керек еді. Протездеу орталықтарына қатынап, амалдарын іздей бастадым. Бізде протездеуге қаражат бөлінгенімен, талап тамаша: өндіруші Қазақстан болуы керек, елдің ақшасы ел қазынасында қалуы үшін. Ал біздегі протездер тым ыңғайсыз, денені ауыртып, жарақат та пайда болып жатады. Сондықтан көпшілік өз ақшасына шетелден жасатып жатады. Сол күндері реті келіп, орталық қызметкерлерінен “Артель” қайырымдылық қоры ашылғанын естідім. Бірден өтініш жібердік.

“Артель” қайырымдылық қоры құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, бүгінде он бес балаға көмектесіп үлгерген. Қор жетекшісі Алена бірінші баланың көмегіне қаражат бір апта ішінде жиналғаны әрі қарай қайырымдылықпен айналысуға шабыттандыра түскенін еске алды.

– Қордың құрылғанына бір жарым жыл болды. Ертеден қайырымдылықпен айналысқым келетін, бірақ қай бағытта қозғаларымды білмедім. Сөйтіп жүріп 2019 жылы білек тұсы дамымай қалған кішкентай қыздың протез алып, бақыттан жылап жібергенін, протездің ол үшін кәдімгі қолдан еш айырмасыз қызмет ете алатынын көріп, осындай өзге балаларға көмектесемін деп шештім.

Солдан оңға қарай: Алена, Полина, Ольга

Полина да бізге алғашқылардың бірі болып келді. Бірақ ол сұмдық ұқыпты. Протезді онымен қатар алған ұл балалар осы уақытқа дейін кемі үш рет келіп, “қолдарын” жөндеуден өткізіп үлгерді (күліп). Жалпы қор жайлы бәрі сол әлеуметтік желі, туыс-таныс арқылы біліп жатады. Ал қолдаушыларымыз - коммерциялық ұйымдар және “Көп түкірсе - көл” демекші, ақырғы тиынына дейін қайырымды іске жұмсауды жөн көретін жақсы адамдар. Адамдардың 182, 384, 1756 теңгелеп жібергенін көрген кезде, үнемі өмір сүруге ынтам арта түседі. 

Осы тұста әңгімемізге Ольга қайта қосылды.

– Иә, қайырымдылықпен айналысу оңай емес. Бірақ өзімізге қаражат жинаған кезде, жүз теңгенің де маңызы зор екенін түсіндім. Жүз адам жүз теңгеден жіберсе, істің басы дей беріңіз. Біз де дәл сол адамдардың арқасында жылдап қаражат жинап, бір ай ішінде 1 200 000 теңге жинап,  Полинаның арманын орындай алдық. Енді ол да кибиқаһармандар тізімінде, - дейді ол.

– Қазір кезекте тағы бес бала тұр. Негізі кей айларда ешқандай өтініш түспей, бір аптада бірден бірнешеуі жиналып та қалып жатады. Алайда көмектесуге шама жете бермейтінін білсем де, өтініш мейлінше көп болса, қуанамын. Себебі бір өтініш - бір бұрышта саусақтарынан, қолынан қысылып жүрген баланың бойында сенімдік ұялатып, өмірін жеңілдете түсетін керемет құрылғыға қол жеткізуге мүмкіндік, - дейді қор жетекшісі.

– Рас, Полинаның протезін көріп, қор  туралы менен де сұрағандар көп болды, - дейді Ольга. - Бірақ, ашық түрде әлеуметтік желілде ақша жиналатынын, баланың суреті, диагнозын ашық айту керек екенін айтқан соң, көбі хабарсыз кетеді. Бірі баласы ұялады дейтін болар, енді бірі өзі ұялады. Бірақ басты нәрсе, мұнда ұялатын түк те жоқ. Біздің қоғамда қашан пайда болғанын қайдам, бірақ ауру болуды, денсаулық ақауын ұят санайды. Бірақ ол емес, адамды ауру деп, ерекше екен деп мүсіркей қарау ұят. Кезінде соғыстан адамдар түгел аяқ-қолынан айырылып қайтқандағы көрініс, рас, ауыр болды, адамдарда мүгедектерге деген аяныш та содан қалған сияқты. Бірақ қоғамды өзгерту біздің, сол кемтар туған балалардың ата-анасының жауапкершілігіне қалдырылғандай: қазір өзіміз өз баламызды қоғамның қатардағы мүшесі дегенді қайта халыққа жеткізе білуіміз керек. Физикалық ауыртпалығы бөлек, бірақ осындай психологиялық тұсы тіпті ауыр ғой. Полинаның өзі бұл тақырыпта көп ашылып әңгіме айтпайды, бірақ мен үнемі “Қызым, адамдарға айтуымыз керек, сен протез алдың, басқалары да білсін, біз жай осылай-ақ қанша адамға көмектесе аламыз” деп отырамын.

Рас, Полина аса сөзшең емес. Кездесуге келгенімен, қайтуға асығып отырды. Бірақ протезінің артықшылықтары туралы ашыла айтып, қандай керемет екені туралы құлшына түсіндіріп беріп, бірнеше рет киіп-шешіп көрсетті.

– Фортепиано сабағына барып жүрмін. Осы протезбен ойнаймын. Ұстазым сол қолыма қарай аккордтар ыңғайлап береді. Биге де қатыстым, осы протезіммен сахнаға шықтым. Протезім қатты ұнайды, сәнді ғой. Мектепке достарым киіп көргісі келіп, кезекке тұрады.

– Иә, жақсы тұсы сол - қазір бұл протезді бала кем тұсы емес, артықшылығым деп қабылдайтындай етіп жасалған. Тек енді мемлекет протездеу талаптарын қайта қарап шықса, керемет болар еді. Себебі шетелден тапсырыс беруге көптің қалтасы көтере бермейді. Ал ақша бәрібір бөлініп жатқан соң, ол пайдаға асатын нәрсеге бөлінсе екен дейсің. Осылайша көп мәселе шешілер ме еді. Қатты протезден, бұлшық еттері де қатып қалған балаларды көрдік. Сондай таныстарымыздың бірі кейін тартпалы протез жасатып киген, бұлшық еттері созылып, өсе бастағанын да байқаған. Сондықтан, мұндай жағдайда мемлекет бәлкім, басымдықтарды қайта қарап шығуы керек болар: адам денсаулығы қазынаға түсер қаржыдан маңыздырақ шығар, - дейді Ольга.

Байланысты жаналықтар

Перизат Қайрат Палестина халқына да «қайырымдылық жинаған»

16.11.2024

Шығыстың еріктілері елдің алғысына бөленіп жүр

01.10.2024

Фариза Төреәлі бір тәулікте оқырмандарынан 46 млн теңге жинап алған

12.07.2024

Қазақстанда игі істер марафоны басталды

09.07.2024

Қара маска таққан жігіт жалғызбасты әкеге үй сыйлап, жұмыс тауып берді (ВИДЕО)

19.06.2024

«Әділдік және Өркендеу» қорының Маңғыстау өңіріндегі белсенділері қарттарға көмектесті

30.04.2024
MalimBlocks
Перизат Қайрат Палестина халқына да «қайырымдылық жинаған»

ҚМА тағы оған қатысты бір дерек анықтағанын мәлімдеді

Шығыстың еріктілері елдің алғысына бөленіп жүр

Облыста екі мыңнан атсам волонтер бар

Фариза Төреәлі бір тәулікте оқырмандарынан 46 млн теңге жинап алған

Блогер оқырмандарынан көмек сұрады

Қазақстанда игі істер марафоны басталды

Бірегей жоба барлық қазақстандықтардың волонтерлік, қайырымдылық іспен айналысуына ықпал етпек

Қара маска таққан жігіт жалғызбасты әкеге үй сыйлап, жұмыс тауып берді (ВИДЕО)

Ол егістікке Мерген деген кісіні іздеп барған

«Әділдік және Өркендеу» қорының Маңғыстау өңіріндегі белсенділері қарттарға көмектесті

Белсенділер өз қаражаты есебінен азық-түлік сатып алды.