Қайрат Жаңабеков: Карантин кезінде ешкім жұмыстан заңсыз шықпау керек
Төтенше жағдай кезінде көптеген жұмыс орындары жабылса, ал кейбір мамандық иелері күндзі-түні еңбек етуде. Олардың еңбек шарттары, әлеуметтік ахуалы қандай деген сауал туындауы анық. Осы тұрғыда МӘЛІМ КЗ сайтының тілшісі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Жаңабековпен сұхбаттасқан еді.
-Қайрат мырза, біріншіден, карантин кезінде уақыт тауып, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет. Олай деуім осындай кезде жұмыстарыңыздың қауырт екенін түсінуге болады. Қазір өндірістер тоқтап жатыр. Орта және шағын бизнестің де жағдайы түсінікті.
-Оның рас. Біздің Кәсіподақтар федерациясында 2 миллионға жуық мүшеміз бар. Барлық өңірлерде филиалдарымыз жұмыс жасап жатыр. Облыстық кәсіподақтың бірлестіктері бар. Он сегіз мыңға жуық кәсіподақтық бастауыш ұйымдар және бар. Оларда жедел желі жүйесі қосылған. Төтенше жағдайда жедел штабтар құрылып, сенім телефондары іске қосылды. Біздің мүшелеріміздің біразы үлкен өндірістік мекемелерде еңбек етеді. Олардың жағдайын осы жүйе арқылы бақылап, проблемалар туындаса, тез арада шешуге барымызды саламыз. Штабтардың құрамында бірлестіктердің басшылары мен заңгерлер бар. Біз карантин кезінде жұмыс берушілер тарапынан заң бұзушылықтың алдын алмақпыз. Еңбек шарттары бұзылған жағдайда қарапайым жұмысшылар құқығын қорғаймыз. Мәселен Алматы қаласындағы «Евразиан Фудс Корпорэйшн» АҚ-ның жұмысшылары өткен аптада хабарласты. Олар өздерін жұмыстан шығарып жатқандарын айтады. Аталған компания азық-түлік шығарумен айналысады. Дәлірек айтқанда, май, майонез. Карантин кезінде халыққа тамақ керек. Сондықтан олар жұмысын тоқтатқан жоқ. Тауарларына сұраныс бар. Сонда не үшін жұмысшыларын шығармақ? Және бізге хабарласқан адамдар «Евразиан Фудс Корпорэйшн» компаниясына кеше ғана жұмысқа тұрмаған. Еңбек өтілімдері 10 жыл. Қазір біз осы мәселемен айналысып жатырмыз. Қиын қыстау кезде жұмыстан шығару туралы бұйрық беру орынсыз ғой. Басшыларына хабарластық. Әлеуметтік әріптес ретінде әкімшілік те бізбен бірігіп, осы проблеманы шешуге ат салысып жатыр. Адамдарға қазір жұмыс табу қиын ғой. Карантин жарияланған кезде наурыз айында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы әлеуметтік серіктестерге жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығаруға, жалақы және әлеуметтік аударымдар бойынша берешек, еңбек жағдайының негізсіз нашарлауына жол бермеу туралы үндеу жариялады. Оның септігі тиіп жатыр. Мысалы Ақмола облысында өндіріс басшылары 42 500 теңгені беруде үкіметке ауыртпалық салмай өз мүмкіндіктері болғандықтан қызметкерлерін ақылы еңбек демалыстарына жіберген. Біз осыған өз септігімізді тигіздік.Үкімет қаражаты мұқтаж жандарға жетсін деген ой. Біз штаб басшыларымен күнде онлайн байланыстамыз.
-Осы уақытқа дейін қанша шағым түсті?
-Мың үш жүзге жуық адам хабарласты. Олардың көбі 42 500 теңгені қалай алуға болатынын сұрады. Біз мемлекеттік емес қоғамдық ұйым болсақ та ол сауалдарына жауап беріп, кеңестерімізді беріп жатырмыз. Қазір медициналық қызметкерлердің қалай еңбек етіп жатқанын барлықтарыңыз білесіздер. Індетпен күресте сол кісілер алғы шепте. Кәсіподақтар федерациясының шипажайлары, қонақ үйлері бар. Соларды дәрігерлердің қажеттілігіне бердік. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Турист» қонақ үйін, Алматыдағы «Көктем» шипажайында жүзге жуық медицина қызметкерлері орналасты. Қызылорда облысындағы Жаңақорған шипажайы мемлекет қажеттілігіне берілді. Өскемен, Павлодар қаласындағы нысандарымызды да бердік. Бұл кәсіподақтың үлесі.
- Карантин кезінде әскерилер, полиция, дәрігерлер мен мұғалімдер және т.б. жұмыс жасап жатыр. Олардың тарапынан еңбек шартымыз бұзылды деп шағымданғандар болды ма?
- Мемлекеттік мекемелер тарапынан медициналык маскалардың әлі де қажеттілігі туралы айтылды. Заң бұзушылық сол кәсіпорындар мен жекелеген компаниялардан анықталды. Кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері салалық кәсіподақтардың филиалдарымен бірге алғашқы күннен бастап коронавирустық инфекциямен күресетін медициналық қызметкерлерге материалдық көмек көрсетеді. Кәсіподақтардың медицина қызметкерлеріне көрсеткен көмектің жалпы көлемі бүгінде 100 миллионға жуық қаражатты пандемияға қарсы күреске бөлді. Бұл қаражат материалдық қамтамасыз етуге, жеке қорғаныс құралдарын, дәрігерлер мен олардың отбасы мүшелеріне қажетті заттарды сатып алуға, медициналық пункттерде және ауруханаларда медициналық қызметкерлерге ыстық тамақ ұйымдастыруға жұмсалды.Кәсіподақтар федерациясы болғандықтан, бұл біздің атқару керек жұмысымыз. Міндетіміз еңбеккерлер құқығын қорғау болғандықтан, бұндай қиын кезде бірінші кезекте біздің жәрдемдесуіміз керек қой.
-БАҚ беттерінде Атырау облысында дәрігерлер өздеріне қорғаныс құрал-жабдықтарының берілмей жатқанын айтып қалған еді.
- Атырауда аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «Сенім» кәсіподақтар ұйымы бар. Олар бұл мәселеден хабардар. Өз мүмкіндіктерінше көмектерін берді. Біздің аймақтағы бірлестік басшылары үкіметтік органдармен бірге түрлі комиссияның мүшелері. Сондықтан да бұндай проблемаларды шешу де оңтайлы. Үнемі онлайн жиындарда бірге ғой. «Сенім», «Казмед» кәсіподақтары Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік актілерін әзірлеуге белсенді қатысады. Атап айтқанда, кәсіптік одақтар алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларына үстеме ақылар белгілеу туралы бұйрыққа енгізу туралы ұсыныс жасады, оның ішінде орта медициналық білімі бар, эпидемиологтар мен емханалардың әлеуметтік қызметкерлері, неонатальды дәрігерлер, жалпы практика дәрігерлері, реаниматологтар - анестезиологтар, тар профильді педиатриямен, карантиндік қызметтермен, зертханашылармен және бактериологиялық және вирусологиялық зертханалардың медбикелерімен байланысы бар мамандар.Атап айтатын болсақ, медициналық-санитарлық мамандық иелеріне үстемақы белгілеу туралы ұсыныстар беріп жатыр. Ауруханалардың әлеуметтік салаларында еңбек ететін тағы да кейбір адамдар сол үстемақыға ілінбей жатыр ғой. Кейбір медициналық қызмектерлер басшыларына айтпауы мүмкін. Бірақ кәсіподақ басшыларына проблемасын жасырып қалмайды.
-Жұмысшылар құқығы дегенде біздің көзімізге бірден үлкен өндіріс еңбеккерлері түседі. Бірақ олардан бөлек мәдениет саласының адамдары бар. Қарапайым кітапханашылар, театр, филормония қызметкерлері дегендей. Олар жайлы не айтар едіңіз?
-Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Мәдениет – халқымыздың рухани қазынасы ғой. Бұл саладағы жандарды да ұмытпаған абзал. Біздің федерация құрамында мәдениет саласының кәсіподағы бар. Олар өте қарқынды түрде еңбек етіп келеді. Кітапханалар онлайн түрде ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырып жатыр. Оны әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Қысқасы, бұл саладағы адамдармен де тығыз жұмыс жүргізілуде.
-Шағын және орта бизнестің ахуалы қалай?
-Шағын және орта бизнес экономиканың негізі саласы ғой. Олардың тарапынан жиі қойылатын бір сауал бар. Президент Қ.Тоқаев жақында шағын және орта бизнесті қолдауға (дағдарысқа қарсы) қатысты екінші шаралар топтамасын жариялады. Экономиканың ең көп зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлер үшін жалақы қорынан салықтар мен басқа төлемдерді есептеу және төлеу 6 айға тоқтатылады. ШОБ несиелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және қайта құрылымдау бойынша банктермен және басқа қаржы ұйымдарымен жұмыс жалғасуда. Дегенмен барлық банктер өзінің төтенше жағдайдағы шарттарын несие алушыларына ашып айтқан жоқ. Заң аясында біз банктердің жұмысын қадағалап отырмыз. Бір банктер пения мен штрафтар төленбейді. Ал проценттер қалады дейді. Яғни екі айдан кейін олар несиелерін ек-үш есе етіп төлеу керек қой. Сонда сұрақ туындайды, егер де кірістер жоқ болса, ол қалай төлей алады? Бұл өте маңызды мәселе. Яғни қойылған пайыздары болмау керек. Кейбір банктер оған қарамай, бұрынғыша жұмыстарын істеп жатыр. Біз кәсіпкерлерді қолдау мақсатында осы жағын зерттеп жатырмыз. Әрине, олар жекеменшік банк. Бірақ мына жағдайда жеке пайданы ойламай, бизнесті қолдауды ойлаған абзал.
-Сарапшылар карантиннен кейін экономикаға ауыр болатынын және жұмыссыздық проблемасы туындайтынын айтады. Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан соң жұмыстарыңыз тіптен көбейеді. Дайындықтарыңыз қалай?
-Иә, оныңыз рас. Сарапшылардың болжамы өкінішке қарай жақсы емес. Бұл, әрине, әлем бойынша болатын қиындық. Жұмыс орындары қысқарады. Біраз адам жұмыссыз қалуы әбден ықтимал. Соның алдын алу үшін біз қазірден әрекет етіп жатырмыз. Үлкен өндірістерге әлеуметтік пакеттерді (медициналық сақтандыру, сыйақы, он үшінші айлық және т.б), жұмыс сағаттарын, жұмыс күндерін қысқартуды ұсынып жатырмыз. Я болмаса, бәлкім айлықты аздап азайту мәселесін де көтердік. Бастысы - жұмыс орындарын сақтап қалу. Халық жұмыссыз қалмауы керек.Карантин біткесін әлеуметтік ахуал қиындайды. Сондықтан халықты соған психологиялық тұрғыдан дайындау керек деп ойлаймын.Сондықтан бізге дәл қазір сабыр сақтау керек. Біз бұдан да қиын кезеңдерде сағы сынбаған халықпыз. Өткен ғасырдың өзінде алапат аштық пен дүние жүзін шарпыған сұм соғыстан аман өттік. Соның бəрін аталарымыз ынтымақ пен төзімнің арқасында еңсерді. Қандай қиын-қыстау кез болса да бірлігіміз бен берекемізге еш сызат түсірген жоқ. Қайта сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болып, жұдырықтай жұмыла білді.Қазір де дəл солай бірігуіміз қажет. Бүгінмен ғана емес, болашақты ойлап өмір сүрейік. Мемлекет ешкімді аш-жалаңаш қалдырмайды. Президентіміздің тапсырмасымен мұқтаж азаматтардың бəріне көмек көрсетіледі. Тек шыдамдылық танытқан жөн. Қашанда жоққа сабыр, барға қанағат еткен халық едік қой. Сол құндылықтарымызды жоғалтпайық. Осындай сындарлы сəтте жаға жыртыспай, байбалам салмай, қайта ұлт болып ұйысуды, ортақ іске жұмылуды ойлайық. Тəуелсіздіктің, елдіктің қадір-қасиетіне мəн берейік.Қолдау шараларын жүзеге асыру кезінде техникалық ақаулардың болғаны рас. Мықты деген жүйенің өзі бір мезетте мыңдаған адам қосылған кезде сыр береді. Алдағы уақытта ондай олқылықтардың қайталанбауы үшін жаңа ресурстар іске қосылып жатыр. Ең бастысы, бұл дағдарыстың уақытша екенін ұмытпайық. Одан аман-есен өтеміз. Оған ешкімнің күмəні болмауы керек. Ұсақталмайық. Мына қиындықты ұйысуға берілген мүмкіндік деп қабылдап, бірлігімізді, ірілігімізді танытайық. Тəрбиелеп отырған ұл-қызымызға солай үлгі көрсетейік. Біртұтас ұлт болып қалыптасудың қамын ойлап, елдігімізді нығайтуға баса мəн берейік.
Осы дағдарыстан кейін кейбір басымдықтардың өзгеретіні түсінікті. Тіпті бүкіл əлем дамудың жаңа кезеңіне қадам басады десек те артық емес. Сол сәтте бізге осалдық танытуға болмайды. Осындай кезде əлсіз тұстарымыз да көрініп жатыр. Соларды жетілдіруіміз керек. Халқымыз «көппен көрген – ұлы той» дейді. Бұл сынақпен тек біз емес, бүкіл жаһан жұрты бетпе бет келіп отыр. Сондықтан еңсемізді түсірмейік, ел екенімізді естен шығармайық. Қандай дүрбелең болса да мойымай, морт сынбай, лайықты еңсере білейік.
Біз – рухы мықты халпықпыз. Азаматтарымыздың кешегідей əнұран шырқап, бекем бірліктің озық үлгісін көрсетуі соған дəлел. Еліміздің барлық өңірінде белсенділік танытып жүрген волонтерлердің де ерен еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды. Арамызда өз еркімен əскерге барғысы келетіндердің де қатары қалың екені қуантады.
Ендеше, қазіргідей қиын шақта бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болайық. Сонда осы сынақтан сүрінбей өтіп, көздеген мақсаттарымызға қол жеткіземіз.
Сұхбаттасқан Қанат Тілеуханұлы