Қазақстан – еріктілер елі

Әлемдегі ешбір мемлекет төтенше жағдайдан, аяқ асты орын алатын апат пен сыннан сақтандырылмаған. Сын сағаттан сүрінбей өту – елдегі экономикалық жағдай мен халықтың әлеуметтік ахуалына тікелей байланысты.

  • 05.12.2023

Дегенмен, қиындықты жеңуде халықтың бірлігі мен ынтымағының анағұрлым көп ықпал ететінін ұмытпауымыз керек. Барымен бөлісіп, жақсылық жасауға жарысып үйренген Қазақстанды еріктілер елі десек шындықтан алыстай қоймаймыз.

Себебі, қазақстандық волонтерлар мемлекеттен гөрі, өзінің күшіне, халықтың қолдауына көбірек арқа сүйейді. Содан болар, құзырлы органдар шешім қабылдап, көмек қолын созамын дегенше, белсенді топ еріктілердің басын қосып, зардап шеккендерге алғашқы қолдауларын жіберіп те үлгереді. Ал жеке адамдарға қол ұшын созып, демеген жандардың санында тіпті есеп жоқ. Олар өздерінің жақсы істерін жарнамаламайды. Тіпті, волонтер ретінде тіркелу де ойларында жоқ.

– Біз ешбір бақай есепсіз көмек береміз. Біреуге көмегіміз тисе, оны азаматтық парызымыз, кісілік міндетіміз деп білеміз. Оны жарнамалау, жасаған жұмысымыз үшін жылы сөз күту біздің табиғатымызға жат, – дейді заңгер Ғалым Болатұлы.

Ғалым Болатұлы – Алматы облысы, Кеген ауданы, Жылысай ауылының тумасы. Ауылдастарының ұйымшыл, жақсылық жасауға бейім екенін айтқан ол әр жылғы жастардың күшімен бой көтерген мешіт, тойхана, күрес секциясы үшін арнайы жасақталған орынды көрсетті.

– Ауылымыз Алматыдан 200 шақырым алыста орналасқан. Сондықтан, жастардың көбі оңтүстік астанаға барып жоғары білім алып, сол жақта мәнсабын жалғастырып жатады. Бірақ, ауылдан кеткен сол балалардың ешқайсысы туған жерден қол үзген емес. Бұл біздің ауыл халқының тәрбиеге терең мән беруінің арқасы деп ойлаймын, – дейді ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Таубалдиев.

Ақсақалдың айтуынша, басқа жақта қызмет етсе де, ауыл жастарына тұрақты қолдау көрсетіп жүргендер жетерлік. Мысалы, Айбек Әбділбаев деген кәсіпкер жігіт мықты палуан жігіттерге қолқа салып, қаржысын төлеп, аптасына бір рет ауылға барып, жастарды шынықтыруына бастамашы болған. Соның арқасында мектептің спортзалына жан бітіп, спортқа жаны құштар балалардың саны артты. Бүгінде ауылымыздың ғана емес, аудан, облыстың атынан байрақты додаларға қатысып жүрген Асқат Рахметов сол кезде жатыққан балалардың бірі.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегенді бабаларымыз дәл айтқан. Айбек сияқты ағалардың шапағатын көріп, спортта жеңіске жеткен Асқат Рахметов енді өз қаржысына ауылдан күрес орталығын ашып, жастарды ұлттық спортқа баулуға бел шешіп кіріскелі отыр. «Бұлақ көрсең көзін аш» қағидасын басшылыққа алған спортшы жігіттің талай ауылдасының бағын ашуға, спорттағы жұлдызының жануына көмегі тиері анық.

– Ауыл деген береке. Мұнда кімнің қандай тірлік жасап жатқаны, неден қысылып жүргені алақандағыдай көрініп тұрады. Содан болар, жалғызілікті қарттардың, жағдайы төмен отбасылардың назардан тыс қалған кезі жоқ. Әсіресе, құрбан айт кезінде жастардың жақсылық жасап жарысып жатқанын көріп көңіліміз марқаяды, – дейді Болат Таубалдиев.

Мектепті кеше бітірген түлектен бастап, білім ордасын тәмамдағанына 30, 40, 50 жыл болған түлектердің де ауылды ұмытпайтыны рас. Олар ораза кезінде кезектесіп ауыл халқына ауызашар беруді жақсы дәстүрге айналдырған. Кей жылдары тіпті бір күнде екі жерге жинап ауызашар беретін сәттер болады. Бұл да жастар арасындағы бірліктің, туған жеріне деген сый-құрметтің белгісі.

– Балаларым жас, күйеуім мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан, бірталай қиындық көрдік. Ұлым мен қызым өсіп қолғанат болғанша, ауыл жастары шөбімізді түсіріп, отын-суымызды түгендеуге жыл сайын көмектесетін. Енді міне сол ағаларынан көргенін өз ұлым да қайталап жүр. Баламның қариялардың үйіне барып отын жарып, көңін ойып, шөбін жинап беріп жатқанын көргенде, осындай мейірімді, кең жүректі жандардың ортасына қоныстанғаныма тәубә айтамын, – дейді Клара Тіреуова.

Клара Тіреуова бұл ауылға алыс туыстарын паналап келген. Бірақ, жаңа келген көршіні ешкім шеттетпеген. Керісінше, күйеуінің денсаулығын көріп, ауыр жұмысқа жарамайтынын білген соң барлығы мүміндігінше қолдау көрсеткен.

– Басында бір шопанның отбасына өтініш айтып, үйінде уақытша тұрғанбыз. Кейіннен еңбекке араластық. Жұмыстың ауыр, жеңіліне қарамадық. Соның арқасында үйлі болдық, аздаған мал да жинадық. Осының бәрі халықтың қолдауының арқасы, – дейді апамыз.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қалаға көшіп кеткен, басқа аймаққа қоныс аударған жандар да назардан тыс қалмайды.

– Ауылымызда Бекболат деген есепші ағамыз болған. Өте көпшіл, аңқылдаған азамат еді. Кейіннен денсаулығы болмай ертерек көз жұмды. Артынша отбасына соққы болып үлкен ұлы қайтыс болды. Орта жастан асқан әйеліне мұның бәрі оңай тимеді. Сонда да болса, Тұрсынбүбі апа Алтынорда базарында көжесін сатып, күнделікті нәпақасын тауып жүрді. Алайда, қырсық бір айналдырса, шыр айналдыратыны рас екен. Қыстың күні пештен от кетіп үй түгелдей жанып кетті. Сол сәттегі ананың жылағанын, шарасыздығын көріп жанымыз жүдеді. Қайта әбүйір болғанда үйдің қабырғасы сау. Осы кезде де ауыл жастары үлкен көмек берді. Әр жылғы түлектер жеке-жеке жылу жинады. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде үйді қалпына келтірді. Әсіресе, жұмысынан сұранып, арнайы уақыт тауып барып үйдің шатырын жабуға көмектескен, қабырғасын сылап, есік-терезесін қойған, пеш жасаған балалардың жақсылығына риза болдық, – дейді Ғалым Болатұлы.

Расында, Жылысай ауылының жастары мұрындық болған қайырымдылық шараларынан алыс-жақын жердегі ауыл халқы тегіс хабардар. Олар көрші ауылдағы игілікті істерді айналасына үлгі етіп үнемі айтып отырады. Соның ішінде Талғат Әлиасқаровтың қызы Аружанның сырқаты жылысайлықтармен қоса, бүкіл Кеген ауданын қайырымдылық ісіне біріктірген болатын. Бұл жолы да игілікті істің жаршысы болған – Жылысайдың жастары.

– Қызымның диагнозын естігенде есеңгіреп қалдық. Алғашында жақындарыма ғана айттым. Кейіннен қызымның еміне көбірек қаржы керек болды. Алматыға әрі-бері қатынап жүру де қалтаға аз салмақ салмайды. Сосын амал жоқ, ауылдастарыма жағдайымды айттым. Шынымды айтсам, ауыл халқынан сондайлық көмек болады деп ойламағам. Кейіннен қарасам, әр жылғы бауырлар бірлесіп көмек қолдарын соза бастады. Одан ауылдағы мектеп, балабақша, әкімдік пен емхана ұжымы атсалысты. Артынша көрші ауылдардың да көмек беруге ынталы екенін байқадым. Ең әсер еткені – мектептегі оқушылар. Олар басында өз қолдарымен жасаған бұйымдарын, тағамдарын сатып, мектеп алдында жәрмеңке өткізді. Содан түскен қаржыны Аружанның еміне деп берді. Кейіннен мектептің өнерлі балалары бағдарлама ұйымдастырып, көрші ауылдарға барып ақылы концерт қойып, түскен қаржыны қызымның еміне деп тапсырды. Осындай қолдауды көрген отбасымыз қиындықты жеңуге тырыстық. Расында, мынандай қолдауды көріп, сезіп тұрып, алға ұмтылмау, аурумен күреспеу күнә ғой. Біз де отбасымызбен ауруға бой бермейміз, елдің дұға-тілегі үшін алға ұмтыламыз деп шештік, – дейді Талғат Әлиасқаров.

Халықтың қолдау, көмегінің арқасында Аружан барлық талдамаларды тапсырып, балалардың қатерлі ісігіне қарсы ота жасайтын дәрігердің қабылдау уақытын асыға күтті. Өкінішке орай, бас сүйегінің көзге жақын жеріне орналасқан ісікті алуға дәрігерлер тәуекел ете қоймады. Тек бір дәрігер ғана Бағанашылда ота жасауға келісім берген. Межелі күні Аружанға ота да жасалды. Сол күні ауруханаға барып, ота жасаған дәрігерлермен көзбе-көз сөйлескен ауылдың тумасы, білікті дәрігер Айнұр Молдахынова жағдайды сырттай бақылап, дұға-тілек тілеп отырған ауылдастарды жақсы жаңалықпен қуантты:

– Ауылдастар, көптің тілеуі көл деген рас екен. Осыған дейін қаншама талдама жасалды. Қаншама онколог-дәрігердің кеңесін алдық. Барлығы шарасыздық танытып, ота жасауға батпап еді. Кеше ота жасалды. Мынау бір адам айтса сенгісіз таңғажайып жағдай. Ота жасаған дәрігердің айтуынша, бас сүйегінде өсіп, көздің жұмысына кері әсер етіп отырған ісік қауіпті болмай шықты. Ол тек еш зиянсыз су екен, – дегенін оқығанда риза болмаған, шүкіршілік айтпаған адам кем. Бәрі бір сәтте сырқатынан айыққандай бір-бірін құттықтап жатты. Бұл шын мәнінде халықтың дұға-тілегінің арқасы. Көпшіліктің тілеуімен қатарға қосылған Аружанның да өскенде қайырымдылықтың бел ортасында жүреріне күмән жоқ.

Байланысты жаналықтар

Шығыстың еріктілері елдің алғысына бөленіп жүр

01.10.2024

Көшпенділер ойындарына қызмет еткен еріктілер марапатталды

22.09.2024

«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасады

20.06.2024

«Жаңа Адамдар» су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер орталықтарын ашады

12.04.2024

Қиын кезеңде халықты бірлікке шақырып, қолдау қажет

11.04.2024

Еріктілер Ақтөбедегі 50 үйдің 30-ын су тасқынынан құтқарып қалды

10.04.2024
MalimBlocks
Шығыстың еріктілері елдің алғысына бөленіп жүр

Облыста екі мыңнан атсам волонтер бар

Көшпенділер ойындарына қызмет еткен еріктілер марапатталды

Сондай-ақ, оларға арналған концерт қойылды

«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жалғасады

400 адамға жуық топ Астана қаласының айналма жолы маңынан 300 қаптан астам қоқыс жинады

«Жаңа Адамдар» су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер орталықтарын ашады

Бұл жерде тек киім-кешек, азық-түлік пен қажетті керек-жарақ жиналмайды.

Қиын кезеңде халықты бірлікке шақырып, қолдау қажет

Өз аудиториясын пайдаланып хайп жинауға емес, елді біріктіріп, көмек жинауға шақырып жатқан блогерлер барлық алғысқа лайық.

Еріктілер Ақтөбедегі 50 үйдің 30-ын су тасқынынан құтқарып қалды

Табиғи апат ел азаматтарын біріктірді.