«Жекпе-жек» сарайына Үшкемпіровтың аты беріле ме?
Ашық үкімет порталында астанадағы «Жекпе-жек» сарайына Олимпиада және Әлем чемпионы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіровтің атын беру туралы Асқар Маминнің қаулысы шықты.
Қазақтың даңқты балуаны биыл тамыз айының екісі күні қатерлі дерттен көз жұмған болатын.
Қоғам талқысына салынып отырған атауды халық бірауыздан қолдайды деп сенеміз.
«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 4-1) тармақшасына және «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темiржол вокзалдарына, темiржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншiгiндегi басқа да объектiлерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттiк заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есiмiн беру қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 11, 81-құжат) сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
- Нұр-Сұлтан қ. мынадай спорт ұйымына:
1) «Жекпе-жек» сарайына «Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және Әлем чемпионы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы» есімі берілсін.
- Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiлсін» деп жазылған құжат мәтінінде.
Осыған дейін Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт кешеніне спортшының атын беру туралы сөз болған. Жақсылық Әмірәліұлы 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Тегістік ауылында дүниеге келген болатын.