Жетісу облысының шаруалары неге ренжулі?
Жетісу облысының шаруалары Алматыға келіп баспасөз мәслихатын өткізді.
Олар қант өндіретін зауыттар монополистердің иелегінде екенін айтып, «зауыттарды акционерлік қоғамға беру керек» деп реніштерін жеткізді.
Бұл жиында фермерлер мемлекет тарапынан ешқандай қолдау таппай отырғандарын да сөз етті. Бірақ, бір қызығы, жиынды ұйымдастырушы Қазақстан баспасөз клубының бір күн бұрын таратқан ақпаратында шаруашылықтардың ішінара шығындарын өтеу мақсатында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жылдан жылға өсіп келе жатқаны айтылған. Мәселен, осы жылы егін шаруашылығы бағытына 10,3 млрд теңге бөлінгені жазылған.
Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен қосымша тағы – 2,2 млрд. теңге қаражат бөлінгені айтылады.
Бірақ сонда да фермерлер Жетісу мен Жамбыл облысында орналасқан төрт қант өндіретін зауытқа билік тарапынан ешқандай қолдау болмай отырғанын айтады.
Жетісу облысындағы «Рахимов» шаруа қожалығының басшысы Рахим Каримовтың сөзінше, бұрын қант өндірумен айналысатын сегіз зауыт болған. Алайда соның төртеуі жабылып тынған. Қалған төрт зауттың екеуін Ресей сатып алған.
Жұмыс істеп тұрған төрт зауыт монопалистердің қолында болған еді. Енді Жамбыл облысындағы екі зауытты ресейлік «Доминат» компаниясы сатып алған. Қазақстанның қолында екі зауыт қалды. Ресейге қант қызылшасы керек емес, оларға біздің нарық керек. Қалған екі зауытты да Ресей алатын болса, онда біз де, қант өндіретін зауыт қалмайды,- дейді Рахим Каримов.
Оның сөзінше, монополистердің қолындағы компанияны акционерлік қоғамға бөліп беру керек. Рахим Каримов қант зауытын кімдер басқарып отырғанын білмейміз деп отыр.
– Билік заң аясында қарап, тексеруі керек. Бірақ министрліктің шамасы келмей отырғанына қарағанда, мұның артында Назарбаев әулетінің қатысы болуы мүмкін. Біздің қолымызда мұны дәлелдейтін нақты құжат жоқ,- дейді Рахим Каримов.
Айтуынша, Қазақстан жылына 500 мың тонна қант тұтынса, соның 380 мың тоннасы сырттан келеді. Оның 200 мың тоннасы Ресейден, 180 мың тоннасы Бразилиядан. Бұған билік 300 млн доллар жұмсайды.
Жетісу облысы бойынша «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» кеңесінің мүшесі Айтжан Тыналиев Бразиялидан келетін қанттың көбейіп кетуіне байланысты Қазақстанда қант бағасының өсуіне біршама әсерін тигізгенін айтады. Ол тек Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек деді.
Ресейде бір милиион гектар жерге қант қызылшасы тұқымы себіледі. Ал біздегі 15 мың гектар жерге егілетін қант қызылшасын себудің өзі үлкен проблема. Қазір 15 мың гектар жердің 8 мыңына ғана қант қызылшасы себіледі. Яғни Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда қант өсіру өте төмен. Сондықтан Ресеймен қарым-қатынасты көбейте беруіміз керек. Себебі бізге 50 пайыздан астам қант Ресейден келеді. 30 пайыз Бразилиядан, қалған 15-20 пайызын ғана өзіміз өндіреміз,-дейді Айтжан Тыналиев.
Ол көршілес Қырғызстан мен Ресейде қант өндірумен айналасытын зауыттар акционерлік қоғамның меншігінде екенін, ал Қазақстандағы қант зауыттарын монополистер иеленіп алғанын алға ратты. «Бұрын қант зауыттары акционерлік қоғам болды. Кейін жоғалып кетті. Енді мұны қалпына келтіріп, фермерлер араласып жұмыс істеуі керек»,- деді Айтжан Тыналиев.