Айбек Ережеп: Бас

Malim Админ

  • 12.12.2020

Өзге әлемді құстардай құшып көктен,
Жаным қайта оралды ұшып кеткен.
Алма ағаштың басына шығыпты күн,
Кеше ғана құдыққа түсіп кеткен.
Тереземе арқандап кең өлкемді,
Күннің шашы қытықтап мені ертеңгі,
Тәнді еріне төсектен ажыраттым,
Оятпауға тырысып көлеңкемді.
Босағаға қайғыны масқара қып,
Байлап қойғам, көзінен жас тамады.
Жүрегімді жегісі келген оның,
Өзін жейді немесе аш қалады.
Сағат тілі жүрмейді,
тізгін тартқан,
Ғасырларды өлшеуге құзғын таққан.
Адамдарға қадірін ұқтыра алмай,
Кетіп қалған уақыт біздің жақтан.

Ажал ғайып өмірге өшіккен күн,
Ақ сарайдай осы үйге көшіп келдім,
Өрмекші өрмек тоқыды есігіне,
Мені іздеп келуге кешіккен кім?
Содан бері есікті қақпаған кім?
Қақпағанын айтуға батпағанмын.
Іздеп келер мұнда әлі келмеген жан,
Арайланып таңы әлі атпаған күн.
Қабырғалар жетеді айғағына,
Үнсіздіктің айналған аймағына.
Осы бір үй жоғалған кеме сынды,
Шөгіп кеткен мұхиттық қайраңына.
Бар ма, жоқ па біледім сыртта ғұмыр,
Көлеңкелер сырымды ұқпады бір.
Алтын тісті аждаһа сақ болмасам,
Алдап - сулап мыйымды жұтқалы жүр.
Содан кейде сорсада сүліктей мұң,
Жемісінен тістемей бүлікті ойдың,
Иығымнан басымды жұлып алып,
Кітаптардың ішіне тығып қойдым.

Жан-жағымнан көрсем де кіл өлімді,
Әдет қылдым көңілге гүл егуді.
Шаң түспесе екен деп бал күнгі,
Естелікке ораймын жүрегімді.
Болмысына үңіліп көмескінің,
Бостандықтың шырылын көп естідім.
Торда отырған торғайдай ұғындым мен,
Кең сарайдың кеңістік еместігін.
Арман менен қиялдың сағы сынып,
Бұл қапаста кетердей жаны шығып.
Керегеге соғылып қалі кетті,
Қаққанменен қанатын жанұшырып.

Торын жинап есіктен өрмекшінің,
Дүниені бір шарлап келмекшімін.
Жылдар өтті бұл үйден шықпағалы,
Енді әлемге назар сап көрмекшімін.

Ашылмаған баж етіп есік көптен,
Бар тіршілік түскендей көшіп көктен,
Еш күтпеген тосын бір жәй болғандай,
Үрке қарай қалды әлем,шошып кеткен.
Қарап қалған күн үнсіз тауға асылып,
Әлем үнсіз әдеткі дау басылып.
Өмірі адам көрмеген дүниедей,
Көк те, жер де қарайды ауызы ашылып.
Кірпік қақпай тұр үнсіз күдікті орман,
Бұлақ үнсіз сылдырап ырықты алған.
Жапырақтар сыбырлап сөйлеспейді,
Желде орынында мелшиіп тұрып қалған.
Тау өзені тоқтатқан желіккенін,
Бұрын –соңды мұндайды көріп пе едің.
Ызыңы да жоқ шыбын-шіркейлердің,
Шырылы жоқ көгалда шегірткенің.
Бұл көрініс ақылға сыйар қалай,
Иттер үрмей, мысықтар мияуламай,
Көбелектер қанатын қағар емес,
Армандамай гүл қалған қиялдамай.
Жылқы, сиыр, қой , ешкі қостағандай,
Қыл бұрау салсаң да ауыз ашпағандай.
Қаз қаңқылдап, әтеш те шақырған жоқ,
Тілін кесіп бәрінің тастағандай.
Бота, тайлақ, түйе де боздамайды,
Тасбақа да шалғынды қозғамайды.
Жалқаулықты көтеріп арқасына,
Құмырсқалар қасқайып көз қадайды.
Тек тыныштық қалқыған күйді бағып,
Үнсіздікке бастарын иді неғып?
Тышқан зытып берген жоқ ұясына,
Көк қоян да қашқан жоқ шиді қағып.
Кетуші едім кезінде дүрмекке еніп,
Мылқау күйді басынан тұрды өткеріп.
Күннің нұры төгіліп түскен де жоқ,
Қатып қалған алдымда сурет болып.
Салып алып толқындар жорғасына,
Атырылып жатқан жоқ жар басына.
Көл көзінен дүние көрінеді,
Түсіп қалған уақыттың арбасынан.
Құстар отыр үн–түнсіз қарап бәрі,
Сайрамайды, білмей ме таң атқанын.
Көк аспанды қыйғылап,асыр салып,
Сусылдатып қақпайды қанаттарын.
Ұша алмады қиялға жол тарылып,
Сезім қалды, ой қалды қаңтарылып.
Өз көзіме сене алмай жұмып-ашып,
Тұрып қалдым бір сәтке аңтарылып.

Сол қалпында дүние тұрды қарап,
Мына мен де бар сынды бір кінәрәт.
Өн бойымды сипақтап зерттеп шығып,
Аңғал басым, іс болды бұл бір ағат.
Ойламағам қалайша мұны тіпті,
Жүрегімді тұрсын деп жылытып күн,
Терезенің алдына қоя салғам,
Содан қайта салуды ұмытыппын.
Ести алмай кеудемде бар дүбірді,
Тіршіліктің мәні сол дәл бүгінгі
Өз орнына жүрегім жайғасқан соң,
Оның қайта бойына қан жүгірді.

Ойым бұлттан лақтырып күнге құрық,
Ғарышта үнсіз арбады сыр көміліп.
Кеңістікті шарладым жер кемемен,
Ақ желкендей Алып тау тұр керіліп.
Желмен бірге келемін жолға шығып,
Тез–тез жүр деп сүйрейді ол да асығып.
Мен жылдаммын, уақыт менен жылдам,
Дейді нәзік сәулелер талға асылып.

Алтын бұлақ түсуде күннен ағып,
Көлеңкелер тығылсын түнге барып.
Көл бетіне сүзіліп, қасын керді,
Көгілдір көк көзіне сүрме жағып.
Айналаға махаббат үлестіріп,
Гүлдің жүрек қағысы тұр естіліп.
Көктем кетіп барады күзге қарай,
Өмірменен өлімді күрестіріп.
Буырқанып, долданып, айбат қылып,
Өзен жатыр көбігін қаймақ қылып.
Діттегенге жетсем деп жағадағы,
Тар соқпаққа келемін жайдақ мініп.

Бір шұңқырды аяғым аттай беріп,
Маңдайымды бұтаққа соқты-ай келіп,
Иығымнан үзіліп сонда басым,
Кетті еңіске домалап доптай болып.
Не істерімді ұға алмай састым анық,
Ұстай да алмай табанда басты барып.
Қашып берді сол сәтте қиқар өзен,
Қақпашыдай кәлләмді қақшып алып.
Селдей есіп бір сезім арнасы жоқ,
Жүрек қалды ділгіріп алғаш рет.
Келген ой жоқ, бар болса баспен кетті,
Ойсыз қалу, әлбетте, сол қасірет.

 

Табанымнан із-түзсіз жол жоғалды,
Аңдып тұрған секілді сор қадамды.
Шыркөбелек жөн сілтеп бағыт-бағдар,
Шырайнала көк тұман торлап алды.
О, мұндайда қанатты қайдағы арман,
Бұраңдаған із салдым айдаладан.
Жиі-жиі шалынып, бағдарсыз жол, —
Бармағымен бағымды майдалаған.
Жүре бердім сондада салып ұрып,
Руһым шіріп, бойымда қаным іріп.
Сүйкімді боп көрінді сұрқай түнде,
Іштім уды бал татыр дәрі қылып.
Тірі жанға санамай жердегілер,
Өліге де қоспады көрдегілер.
Бақи менен фәнидің ортасынан,
Ойқы-шойқы мен жүрген жол көрінер.
Кедергіден көрінген дөңгеледім,
Жігерімді бір сәтте жерге көмдім.
Қалжырадым, шаршадым, шала-жансар,
Шуағынан шет жаттым сонда әлемнің.

Қанша жаттым білмеймін есімде жоқ,
Зор түнекте тігіліп қосым бөлек.
Сездім бір кез қолымнан тартты біреу,
Келген екен жаны ашып тосын көмек.
— көрсетейін шуағын жарық күннің, —
деп бойында әлсіз шоқ жанып тұрды.
Бала күнгі тап-таза жүрегімғой,
Жүрегім ғой мен оны танып тұрдым.
Қалт-құлт етіп орнымнан түрегелдім,
Жетектеген жағына жүре бердім.
Жұлдыздардың әйнегін қайта сүртіп,
О,Жаратқан маған бақ тілеген кім.
Көңіл құсын байырғы жаққа бұрдық,
Тоқтамадық,ай жүрдік, апта жүрдік.
Таудан асып,шөліркеп шөлден өттік,
Теңіз кештік, жүгіріп отқа кірдік.
Әлсіз сәуле түнекке араласып,
Бара жатты айқын жол маған ашып.
Кеңістіктің беймәлім бұрышында,
Қалып қойды өткен күн тағы адасып.
Өткен өтті, ендеше бос қалғымай,
Жол бағдарлап, сүйреуге көшті алдыға.
Өзен бойлап ерінбей іздеп,тауып,
Қою керек алдымен басты орнына.
Бас ішінде бар еді ескі өмірім,
Сан мың бояу төгілген естелігім.
Сан ақтарып сарғайған парақтарын,
Табушы еді бір уақ хош көңілім.
Бар еді онда бақытты бал шақтарым,
Айдалаға жүгіріп алшақтадым.
Тас мүсіндер ішіне тап болыппын,
Дүдәмәлдің басам деп сан соқпаған.
Сағынышпен кей күні толғанатын,
Мінгізгетін үкілеп арман атын.
Жүрегінен мейірім құйып берген,
Пәк жандардың бейнесі бар болатын.
Қырық қанат қиялым шарықтаған,
Толғамдарым, ойларым қорытпаған.
Бар еді онда қаламы суретшінің,
Таңқалдырып әлі өзін танытпаған.

Соқпақ жатыр өзеннің жағасында,
Қиындықтың басталған бәрі осында.
Басымды іздеп келеді жүрек көзі,
Батыс пенен шығыстың арасында.
Үмітімді қорқыныш тағы ойрандап,
Кететіндей алыстап қарайған бақ.
Саңылауы санамның суға толып,
Батып кетсе қайтпекпін,қалай болмақ?...

Анадайдан бір затты кенет көріп,
Жүрек сүйреп, біз сонда дедектедік.
Ағып келген өзенмен тал, қарағай,
Жиылыпты бір жерге бөгет болып.
Қорқыныштың сол сәтте басылғаны,
Пана қылып бөгетті осындағы.
Менікі бар, тағыда сан бас жатыр,
Бөтен бастар не болмақ қасындағы.
Өзімдікі мінекей иығымда,
Екі көзім әлемнің қиырында.
Қалай жүр деп ойладым, бассыз дене,
Дүниенің қым-қут жиынында.
Енді ешқашан денесі арқаламас,
Қалып қойды сол жерде қаншама бас.
Әлі қанша бас мұнда келеді ағып,
Маңдайына соққы боп жолдағы ағаш..

Байланысты жаналықтар

Ислам Сәтбаев – Олимпиадаға қатысатын қазақстандық тұңғыш мерген

24.04.2024

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

08.04.2024

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

03.04.2024

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

02.04.2024

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

31.03.2024

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

29.03.2024
MalimBlocks
Ислам Сәтбаев – Олимпиадаға қатысатын қазақстандық тұңғыш мерген

Ол Қазақстан рекордын да орнатты.

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

Ол кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-де жеңіске жеткен. ҚР спорт шебері.

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы А. Жұмағалидің басшылығымен өткен ведомствоаралық мәжілісте айтылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

Футболдан Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері Игорь Солошенко өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Malim.kz команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі WTA турнирдің финалында Даниэль Коллинзді (53 WTA) жеңе алмады. Кездесу 7:5, 6:3 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

Сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін спаррингтік кездесулерге шақырту алған боксшылардың құрамы бекітілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдейді Malim.kz.