Кәмила Құдабаева. Айсараның сүймейтін күйеуі

Malim Админ

  • 02.03.2021

Аялдаманың маңы ығы-жығы халық. Жұмыс аяқталған  уақыт болғандықтан,  әсіресе бала жетектеген немесе балапандарын   қолдарына  көтерген  әйелдер қарасы басым. Аяқтары шыққан  сабырсыз  сәбилер болса, ары-бері жүгіріп, өздерінше мәз.

Осындай ду-дуы мол жаздың әдемі кешінде аялдамадағы көпшіліктен шеткерірек оқшау жерде, үлкен қытай сөмкесінің бауын екі қолымен ұстап бір қыз тұрды. Ол да осы көңілді балапандарға қарап сүйсініп тұрған тәрізді. Әйтсе де оның ойы басқа жақта екені де байқалады. Мұны адам психологиясын жақсы білетін Марат  та бірден  аңғарды. Неге екені белгісіз, өзі алысырақ жерден көз салып тұрған бұл қызда  бір сыр, өзіне  тартатын бір  сиқыр бар тәрізді. Сондықтан болар, өзі  отыратын автобусы  ырғалып келіп  ақырын дәл қасына тоқтаса да, Марат оған отырмады. Ал ала бұлттай  жөңкілген жұрттың біразы  жаңағы мәшинеге  мініп  кетті. Аялдамада  бірен-саран ғана кісі  қалды.

Ана оқшау тұрған қыздың бейнесінде еш өзгеріс жоқ. Ол, тіпті, дәл қазір аялдамада тұрғанын да ұмытқандай. Әйтсе де  келесі бір  автобус асығыс  келіп гүрілдей  тоқтағанда, одан  шуылдай түскен  бір топ қыз-жігіттердің  көңілді дауыстарына ғана селт еткендей болды. Дереу қол сағатына үңіліп, есіне әлдене түскендей, ауыр сөмкені көтеру оңай болып тұрмаса да, жылдамдата басып елмен бірге ол да автобус ішіне кірді. Оң жақтағы ортадағы бос орындыққа отырып, жаңа ғана өзі  кеткен аялдама жаққа бұрылып, сыртқа қарап үнсіз  қалды.

Марат сол қыз отырған орындыққа жақындап, оның қасындағы жердің  бос тұрғанын меңзеп дауысын созыңқырай:

– Қарындас, қасыңызға отыруға бола ма? – деді сыпайы түрде.

Ол үнсіз қалды.

– Қасыңыздағы орын бос болса, отыруға рұқсат па? – деп, Марат майда үнмен қайта сұрады.

– Ол мен сатып алған орын емес қой... –  деп, салқын  жауап қатты қыз. Бірақ жүзін бері бұрмады.

– Солайы солай ғой... Алайда, сіз ренжімейсіз бе дегенім ғой.

– Жоқ... – деді қыз әлі де теріс қарап отырған бойы.

– Қызық екен. Сіз адамдармен  теріс қарап отырып-ақ  сөйлесе береді екенсіз ..., – деді орындыққа отырып жатқан Марат сөзіне қалжың  араластырып.

– Иә... – деді қыз біртүрлі құмығыңқы үнмен. Бірақ бәрібір жігітке қарап бұрылмады.

– Онда мен де, сіз сөйлесеңіз, теріс қарап отырып жауап беремін...

Қыз «мейлің» дегендей бұны, тіпті, жауапсыз қалдырды.

Ал Маратты мына бейтаныс қыздың мынадай түсініксіз, тұйық мінезі  бұрынғыдан да таңдандыра, тіпті, шынын айтса өзіне тарта түсті десе де болады. Сондықтан  жайдары қалыпта:

– Бәрібір таныса отырайық, қазақпыз ғой. Атыңыз кім? Менің атым – Айболит, – деді ол енді өз орнында тіктеліп отырып, салмақты үнмен.

– Айболит?!... – деді қыз тұңғыш рет бері бұрылып, таңырқағанын жасырмай жігітке тура қарап.

– Шынымен бе?

Оның жасыл  көздері бір сәтке жалт ете қалған.

Марат қазақтың қара  көздерін, қой  көздерін, көк  көздерін  көргені бар . Ал мынандай сұлу , жасыл  көздер...  ойлы  көздер... Мұндайды Марат бірінші рет  көріп тұр... Сондықтан ба кім білссін, айтпақ  болған  сөздерін жұптап та  үлгермеді.

– Айболитті ертегіден білетін  едік. Ал сіз,  немене, мені  әжуалап тұрсыз ба?! – Қыз кәдімгідей ренжіп  қалды.

– Жо-о, жоқ... Айболит ертегіде ғана емес, өмірде де бар... Мәселен, мені құрбы-құрдастарымның бәрі «Айболит» деп атайды. Бірақ неге екені белгісіз, дәл қазір мен тек сіз үшін Айболит болғым келеді...

– Мен үшін?!... Ол енді шынымен таң қалды.

– Иә, тек сіз үшін... Дұрысы – сіздің ғана Айболитіңіз болсам ғой...

Қыз үнсіз қалды... «...Қайдан шыға қалған Айболит бұл?!. Ешкім ертегі  әлемінде жүрген жоқ қой.... Және ертегі әлемі дегеннің қазір қай жақта екенін кім біліпті?!.. Алайда, қандай жақсы жаңалық десеңші. Тіпті, менің  ғана Айболитім болмақшы... Өзі менің жанымдағы жараны біліп қойғандай айтуын қарашы... Сонда бұл жәй сәйкестік пе, әлде бізді тағдыр арнайы жолықтырып тұрғанының бір белгісі ме?! Ой-ау, бұлай деп пайымдап  отырғаныма  жол болсын?!... Менің өзі  басым бос та жан емеспін ғой... Әрі қазір Айболиттердің емес, ғажайып роботтардың уақыты емес пе?!.».

Қыз өз ойының астарына  сүңгіп  кеткені  соншалық, Марат тағы да оған бұрылып,

– Қарындас... – дей бергенде, тіпті, селк ете қалды. Бұл дауысты мүлде  күтпеген тәрізді.

– Мені сіз де Айболит деп атасаңыз болады. Сонда, шын мәнінде  Айболитіңіз боламын. Әрі сіз маған жүрегіңіздің қалай ауыратынын  айтасыз...

– Мен  сізге  жүрегім ауырады деген жоқпын.

– Иә, айтқан жоқсыз. Бірақ мен бәрін сезіп тұрмын... Дәрігер мен пациент бір жақ болса, кез келген сырқатты жеңу жеңіл.

– Осындай жаттанды  сөздерді  қайталамаңызшы...  Әйтпесе... бәрі шын екен деп сеніп қалуым мүмкін...

– Рас, мен дәрігермін. Хирургпін. Маған сеніңіз. Себебі, сенім адамға ауадай қажет.

– Бірақ бұл –  өте күрделі мәселе, – деді қыз алға қарап отырған салмақты қалыпта.

 

Бұл кезде  автобус та бір аялдамаға  келіп тоқтаған  еді.

– Кешіріңіз, мен осы арада түсемін, – деді де қыз, «бар әңгіме осымен аяқталды» дегендей дереу орнынан тұрып, алға жылжыды. Жұрт соңын ала автобустан да жедел түсіп үлгерді.

Әуел баста не істеуді білмей сәл дағдарып қалған Марат та дәл қазір өстіп отыра берсе, мына қыздан мүлде айырылып қалатынын, бәлкім, бұдан былай ешқашан кездеспейтінін сезгендей, әлдебір алапат күштің әсерімен, алды-артын ойламастан орнынан ұшып түрегелді.

– Ендеше мен де осы арада шығамын! – деп, іле-шала қыздың соңынан  автобустан секіріп түсті.

– Әйтеуір, сіз осы маңда тұрмайды шығарсыз енді?!. – деп, жақтырмаған кейіпте үн қатып жігітке бұрылғанда, қыздың жасыл жанары екінші рет жалт етті.

– Әрине, мен басқа жақта тұрамын. Өтірік айтып қайтейін. Бірақ... Бұдан  былай, сен қай жерде болсаң, мен де сол жерде боламын... – деді жігіт жүрегі дүрсілдеп кетсе де, неге «сенге» көшіп кеткенін өзі де байқамай, әлдебір нық сеніммен.

– Әрі әкеліңіз, ана үлкен сөмкені мен көтерейін, – деп, әй-шәйға қарамастан қыздың қолындағы қытай сөмкесін өзі көтеріп алды.

«Мұндай да десберместік, өжеттік болады екен-ау?!.» деп, осы жолы қыз, тіпті, бұрынғыдан да қатты таңғалды.

– Мынадай... «көзсіздігіңізге»...  қарағанда... Айболит болсаңыз боларсыз... – деп қыз тұңғыш рет сәл жібіп, күлімсіреді.

– Күйеуім  алдымыздан шықса, «туысқанымын» дейсіз бе?!

Неге екені белгісіз, бұл тосындау сөздерге жігіт, тіпті, таңғалмады. Қайта өзіне жаңа ғана сәл күлімсірей қарағанында, қыздың сол жақ көзінің асты   көгілдір тартып тұрғанын байқады. Майласа да, опаласа да, бәрін жасыру мүмкін болмаса  керек.

«Ойпырмай, мынау жуан жұдырықтың ізі болмасын... Кісі бітіне тура қарамай, теріс бұрыла бергенінің бір сыры осында жатуы да ықтимал..» деп,  іштей әлденеден қиналып қалған. Бірақ бұдан кейін, тіпті, өзінше іштей қатуланып:

– Алдымнан кім  шықса ол  шықсын! Маған бәрібір, – деді.

– Ол көше төбелесінің көсемі болса ше?! Кісіні өлтіріп тастауы мүмкін болса ше?!

– Ажалым содан болса, оны да көрермін...

Қыз томсырайып, тағы үндемей қалды. Жүзі жабырқау тартты. Екеуі қала шетіне жақын тау бөктеріндегі шағын ауылдың тар көшесінің  шаңын басып жай аяңдеп  келеді.

– Сізді қайдам, ал мені ол екі рет... өлтірмекші болды... – деді қыз сәлден соң бұған ескі танысы құсап, енді біртүрлі мүлде басқаша бір байсалды қалыпта,  әлдебір мұң аралас солғын үнмен. Тіпті, ұзақ баяндауға жүк болатын  әңгіменің қақ  ортасына бірақ көшкенін өзі де аңғармай қалған тәрізді..

– Қалай?! Мына заманда, өлтірмек болғаны несі?!. – енді жігіт қатты таңғалды.

– Әуелде мен өзім де оның не мақсаты барын түсінбеген едім. Отбасындағы күнбе-күнгі ырың-жырың деген бір-біріне ұқсас бола береді ғой. Артынан, сол оқиғадан кейін, арада бірталай уақыт өткен соң ғана ойланып барып,  бәрін  ұқтым. Сол жолы  және одан бұрын бір рет... ол мені шынымен өлтіруі, жоқ қылуды көздеген екен.

– Қойыңыз, бұл... сұмдық... қой! Не үшін сонда?

– Шынында, сол өткен нәрселер жайлы...  айтқым да келмейді...

Екеуі жай басып ілбіп келеді. Мұндай  әңгімені жалғап әкетудің өзі де оңай емес. Сонда да Марат іштей сілкініп:

– Жоқ, бұлай болмайды. Онсыз да менің тынышым кетіп қалды. Ал мұның анығын білмесем, бұдан былай, тіпті, мазам болмайтыны сөзсіз, – деді әлденеге тастүйін бекінген күйі.

– Қап, бұл нәрсені неге  бастадым екен?! – деп налыды қыз.

Шыны керек, ол қатты мұңайғанын жасыра алмады. Ішкі арпалысын білдірмеуге тырысып бақты. «Айдаладағы біреуге, бір көргеннен осынша сырымды айтып маған не көрінді!.. Және бір еркектен көрген жәбірді екінші бір еркекке айтасың... Бұл не деген кереғар дүние... Бұл кісі сот та емес,  адвокат та емес. Ақыр аяғы дос та емес. Оны айтасыз, тіпті, танысым да емес.  Мен шынында жынданайын деген шығармын. Әлде бәріне өзімнің соншама тұйықталып, жалғыздыққа әбден бой ұсынып, бар жұрттан безініп  кеткендігім кінәлі ме?! Олай болса, нағыз психологиялық тоқырау осы  шығар. Онда мен шынымен дәрігерге көрінуім керек болар. Ал сондай бір дәрігер дәл қасымда келе жатыр емес пе?!»

Жігіт осы арада бұдан ары ештеңені күткісі келмегендей сөзді өзі бастап  кетті.

– Білем, сізді қызғанғаннан болған шығар бәрі... Шыны керек, сіздей сұлу  әйелді қызғанбау да қолдан келмейтін шаруа болар. Оған жігіттің  жігіті ғана шыдауы мүмкін.

– Ой, сұлулық дегенді қоя тұрайықшы. Мен өзімді сұлумын деп   ойламаймын. Бірақ анам айтып отырушы  еді. «Сұлулық  әйелдің жарты бақыты әрі жарты соры...» деп.

– Міне, міне, менің де айтып отырғаным осыған келеді...

Қыз жігіттің жүзіне жай ғана көз тастады да, ары қарай  әңгімені өзі жалғай түсті.

– Бірақ біз бір-бірімізге сеніп қосылып  едік....

– Сеніп пе, сүйіп пе?!

– Әрине, сеніп... Отбасында алдымен сенім болуы керек ...

– Ал сезімді қайда қоюға болады?

– Меніңше, сенім болса, бәрі бір-бірінен туындай береді... Сенім + құрмет!!! Одан барып махаббат шығады деп ойлағанмын...

– Негізі, махаббаттың қашан, қайдан шығатыны мәңгі құпия дүниелердің бірі шығар. Ал оның хас жауы – опасыздық екені бесенеден белгілі. Әйелі ерінің  көзіне шөп салса, оны өлтіруді көздейтін еркектер күні бүгінге дейін бар... Әрі оған заң да түсіністікпен қарайды.

– Дәл  солай болса, мен де күйеуімді түсінген болар едім.

– Сонда басқа не себеп болуы мүмкін?! Ол, бәлкім, психикалық ауру шығар?

– Жоқ. Сап-сау адам.

– Мен бәрібір ұғар емеспін.

– Иә, ең қиыны, міне, осы. Негізі, мен оны сүйе алмадым.

– Сен оған күйеуге шықтың емес пе?

– Иә.

– Сүймесең, неге шықтың?

– Шыққым  келді, шықтым... Себебі ол басында мені қатты ұнатқан жібі түзу жігіт болатын. Бастысы, мен біреуге ерегестім!

– Құдай сақтасын! Ол не ерегес?!

– «Сен басқаға үйлендің, мен де бөтен біреуге күйеуге тиемін» деп жанықтым. Сөйтіп бір жігітті жазаламақ болдым, – деді қыз бүртүрлі кектеніп.

– Сонымен...

– Сонымен бәрі бітті.

– Біткені қалай?!

– Махаббат өлді. Ерегесу дегенді махаббат көтермейді екен. Ерегесу  арқылы басқа біреуді сүйе алмайды екенсің... Есесіне, басқа бір, бәлкім, мүлде  жазығы жоқ  адамды бақытсыз етеді екенсің, – деді салы суға  кеткендей, тіпті, көңілсіз кейіпте.

Енді екеуі де біраз уақыт үнсіз қалды.

– Күйеуіңмен содан кейін ажырасып кеткен шығарсыңдар, – деді жігіт те шарасыз үнмен тізгінді енді өз қолына алып.

– Жоқ.

– Құдай  сақтасын! Бұл мүмкін бе?! Сонда қандай өмір болды?

– Ешқандай да  өмір болған жоқ. Ол үлкен лауазымды қызмет атқаратын. Ол  бәрін біле тұра, менен кетпеді. Себебі біз ажырассақ, тақтан айырылатын  еді. Әрі біздің бір қошақанымыз бар болатын. Ұлымыз.

– Солай де. Көндік. Ал сен қалай шыдадың?

– Айтпа.  Итшілеген өмір... Талай рет ішіп   келіп те,  ішпесе өз-өзінен  ызаланып та, мені ұрып-соқты . Одан да  махаббат деген жарықтық  туындамайды екен.

– Біздің заманда ұрып-соғу деген тіпті сорақылық  қой, --  Марат  көзін  көрмеген замандасы үшін  ұялып қалды.

– «Біздің заман, өткен заман» дейтіндей ештеңе жоқ. Әйелді  отбасында  ұрып-соғу деген ешқандай заманға қарамайтын болса  керек.

– Соның бәріне  сен қалай төздің? – деді жігіт осы жолы оған  шын жаны  ашып. -«Сенің жаның тым  нәзік емес пе. Ұрып-соғу түгіл, қатты  сөйлеудің өзі  саған ауыр тимей ме?!»,  дегенді айта  алмай дымы құрыды.

– Қайтейін... Өзі кетпеді. Мені де жібермеді. Және сен ең сорақысын білмейсің...

– Ол не сонда? Бұдан да  сорақы нәрсе бола ма? Айтасың ба?

– Айтайын... Айтпаған не қалды өзі... Сен зиялы жан тәрізді  көрінесің. Бірақ менің әңгімемнің бәрін түсіну саған да қиын болар.

– Неге? Мен ештеңе ұқпайтындай кісімін бе?!

– Себебі... Сенің де затың еркек қой...

Мұны ешбір зілсіз, айыпсыз, кексіз айтты. Өзі жақсы білетін риясыз шындық тәрізді. Оп-оңай жеткізді.

Айболит үн-түнсіз қалды, бірақ неге екені белгісіз, еркінен тыс, қасында  келе жатқан қыздың ап-арық иығынан құшақтады. Күйзелгенінің әсері  шығар, оның денесінде сәл-пәл діріл бар екен. Аяқ астынан мейірімі оянып, мына қуыршақтай әдемі ап-арық қызды ыстық құшағына алып, оны қатты қысқысы келді. Бірақ оның тәкәппарлығынан сескенді. Және ол біреудің  келіншегі емес пе...

– Ол бар ғой... мені өзінше сүйді... күйеуімді айтам... Ол менен махаббат  талап  етті... Рас, мен  отбасы үшін тырысып бақтым. Бірақ бәрібір оны сүйе  алмадым... Ал ол өзінен туған жалғыз ұлын жақсы көрмеді.

– Қалайша? Өзінен туған, өз ұлы бола тұра ма?!

– Барлық парадокс осында жатыр. Мен оны сүймедім. Есесіне, ол туған ұлын сүймеді. Мен осылай жазаландым...

– Иә...Күтпеген жайттар екен....

Екеуі де сәл уақыт үнсіз қалды. Не деп сөз қозғауды Айболит те білмеді.  Әігімесін әрі қарай жалғауға қыздың да ынтасы жоқ еді. Әйтсе де сәлден  соң:

– Тағы бір  сұмдығы бар. – деді жұлып алғандай.

– Ол не тағы? – жігіт, тіпті,  таңданысын  жасырмады..

– Менің  көзімді бақырайтып қойып, басқа әйелдермен жүре бастады...

Дауысында бірақ өкіну де, опыну да жоқ. Әлдебір немқұрайдылыққа толы   салқындық бар. Ана жігіттің «белсенділігі» жаман ба, әлде мына қыздың  «сабырлылығы» қисынсыз ба? Қайсысын дұрыс, не бұрыс дей алатынын жігіт те айыра алар емес.

– Білесің бе, бұған мүлде айтарым жоқ менің...- деп ақырында  шынына  көшіп, ол тіпті тұйыққа тірелгенін жасырмады.

 

* * *

Жай ілбіп жүріп келе жатқан екеуінің қасынан жол үстіндегі кішкене  шалшық суды шаша-маша бір жеңіл  көлік  жүйткіп  өтіп  кетті. Екеуі « бұл қалай, не деген мәдениетсіздік.мынау..» деп ренжімек түгілі, мұнысы несі деп те оған  көіңл  бөлмеді.

– Ал сен – өзің неге кетпей жүрсің? – деді  жігіт бір кезде ұйқыдан шошып оянғандай ішкі ызасын ешбір бүркемелемей  қызға бүкіл денесімен бұрылып.

– Кетіп көрдім...

– Бәсе. Біздің заман басқа ғой.  Біз  бүгін  азаматтық  теңдік орнаттық . Жаңарып, жаңғырып жатырмыз...

– Заман-заман деп қоймадың ғой. Заман деген басқа, сенің үйің, жанұяң бөлек нәрселер. Кейде екеуін бір-бірімен қабыстыра  алмайсың. Бәлкім, мен   заманның сондай кереметінен ештеңе ала алмай келе жатқан әлсіз, ақымақ біреу шығармын.

– Жоқ, сен әлсіз, ақымақ емессің. Меніңше, мықты жансың.

– Жә, жұбатпай-ақ қойшы. Бәрі-бір өз-өзіме риза емеспін.

– Өз-өзіңе  риза болмаудан бірталай ауыр сырқат түрлері бастау  алады, – деді жігіт осы арада  өзінің дәрігер екендігі есіне түсе қалғандай. Әрі әйел  адам  сендегідей  сұлулығын жоғалта бастайды.

– Ой, сол сұлулық ...дегенді қойшы. Меніңше, нағыз сұлулық  адамның  сыртында емес, ішкі дүниесінде деп білемін.

– Солайы  солай негізі....

– Бірақ еркектер үшін басты нәрсе сыртқы сұлулық!. Неге бұлай, тіпті, түсінбеймін. Мұны олардың өздері де түсінбейді шығар деп ойлаймын кейде, –  деді.

«Бұл шындық енді ...» дегендей Айболит ләм-мим деп қарсы дау айтпады.

 

* * *

– Алғаш  рет таяқ жегенде әрі  ызаланып,  әрі қорланып, дереу қапысын тауып баламды құшақтап үйден қашып  кеткенімде, әрине,  ата-анамның  қолтығына жасырындым. Бірақ, «қайтып  келген қыз жаман, қайта  шапқан жау жаман»  деген ғой. Өз туған үйімде екі-үш күннен  артық  қала  алмадым. Ұяттан өртеніп, әкеммен бірге  бір дастарханның басында отыра алмадым. Содан баламды құшақтап, әкеме сырымды айтпаған күйі, Алматыдағы досымның үйіне тарттым. Досым Сағиланың үйіне күйеуім артымнан қуып келіп іздеп тапты. Одан басқа жерді паналай алмайтынымды ол жақсы білді, – деп көңілсіз болса да әңгімесін  жалғастыра түсті..

Сол бір сойқанды  сәттерді еске  алу, ауызша айту  оған өте қиын  болса да,  бәрі көз алдынан кеше  көрген  киносындай  көлбеңдеп өтіп жатыр.

 

*   *  *

Сол жолы,  есіктен кірер-кірмес, кешірім  сұраудың орнына  күйеуі  мұны тарпа  бас  салды.

– Мына  сұлу жүзіңді, Айсара,  пышақпен тілгілеп, адам қарамайтындай  етемін! Тіпті өзіңді өзің танымай қаласың! – деп, оны жұлқылай бастағанда.  одан  бұрын  Сағиланың зәресі ұшты.

– Мұның не, досым-ау,  сен тәп-тәуір  азамат  емессің бе ?! – деп Сағила оны жөнге шақырды. Бірақ  оның қанталап шытынап  тұрған  көздерін  көргенде  тілі байланып қалды.

– Сен кіріспе, Сағила! Мен секілді дардай  мемлекеттік қызметкерді тастап қашып, ұятқа қалдырған мына досың Айсараның... осы әрекеті дұрыс па?! – деп әкіреңдеуін баса алмай, Сағалаға қарап қалш-қалш етті.

Осы сәтте Айсараға тіл бітті. Себебі досының үйін қызыл қырғынға  айналдыруға  оның  еш қақысы жоқ еді.

– Сағила, шынында да  сен бізді  кешір... Әп-сәтте  сенің тып-тыныш үйіңнің   ойранын шығардық. Еркектің абыройы, баланың тағдыры деген де бар. Шынында да  менікі үлкен қате болды! – деді. Ол  аяқ  астынан  құрбысына қарап  салқын үнмен.

Көзінде  тіпті жас жоқ. Үнінде тек суық  сабыр бар.

– Бәсе, сөйтіңдерші... Татуласыңдаршы... Ұрыс- керіс бізге неменеге  керек...  Кішкентай Тимурларың да оянып, қорқып  кетер... Мен барып шай  қояйын, – деп, байқұс досы жыламсырағанын жасырып, ас бөлмесіне шығып  кетті.

Бұл аралықта Айсараның шаңқылдап ұрыс шығармағаны, артық-кем айыбын бетіне баспағаны, тіпі кінәсін мойындаған мына сабырлы-салқын сөздері  күйеуін мүлде таң-тамаша қалдырды. Ақкөзденген ашуының қалай басылып қалғанын өзі де түсінбеді. Осы Айсараның мінезіндегі  әртүрлі  ерекшеліктерді, кейде өзіне тіпті оп-оңай бағындыра  алатын сәттері  болатынын күйеуі   әлі де  аяғына дейін үғып болған жоқ.

Сонымен досының дастарқанында бәрі  көңілсіздеу отырып  шайларын  ішкен  соң,  Айсара  оны-мұныларын жинастырды. Көп  ұзамай  Тимурды оятып,  тамақтандырып, Сағила досына  рахмет  айтып,  бұлар отбасымен сабырлы  қалыпта әуежайға  жол тарқан.

* * *

Ойға шомып  кеткен қыздың жанында үнсіз келе жатқан Марат едәуір жердегі  үш қабатты жаңа үйдің  биік баспалдағында алыстан  бұларға қарап  түрған ұзын бойлы, иықты еркектің сұсты кейпін көрген де жоқ. Ол  сәкіден  аттап-пұттап  секіріп түсіп, алқын-жұлқын қалыпта темір қақпаны айқара  ашып, бұлардың  алдына жүгіріп шықты.

– Мына  сұмпайың  кім, Айсара?- деді  өктем дауыспен зілдене.

– Туысым...- деді Айсара  бәсең үнмен. «Қанша қызғаншақ болса да, бөтен  адамның  алдында шу шығарып, масқара бола қоймас»  деген оның  аздаған  сенімі  бар  еді.

– Қайдағы... мен білмейтін туысың?!- деген  кекесін  - жүрегін тіліп түскендей болды.

– Ал  сен менің  қай туысымды түгендеп  білген  едің?!-  деп осы жолы  Айсара  да күтпеген жерден  ызаға булықты... Бәлкім, қасында  Марат болған соң осындай күш  пайда болды ма, кім білсін... Ызаның да  бір  күні  сыртқа шығатын  сәті болады емес пе. Намысты да қашанғы  кісендеп ұстауға болады?!

Бірақ  ашу кернеген  үй иесі -  «мен  бәрін  онсыз да білем» дегендей, Айсараны бір шетке итеріп жіберді.

– Жер астынан шыққандай  қайдан пайда болған туыссың?! Оның  әкесі де өлген, шешесі де  өлген! Ешкімі жоқ басқа! – деп кеуделеп,  Мараттың жағасына жармаса кетті.

– Өлмегендері де бар! Сен білмейтіндері де бар! – деп Марат  одан да  ширақ  қимылдап, қарулы қолдарымен оны кеудесінен  иеріп қалды. Күш  серпіні  сондай ерекше шықты,  еңгезердей  еркек  құлай жаздап, тәлтіректеп барып әйтеуір аяғында тұрып қалды. Әйтсе де  ыза қысқан  ол   оң жұдырығын түйіп  қайта   ұмтылды.

Мараттың ойында онымен төбелесу мүлде жоқ болатын. Жаздың жарық  күнінде,  ешкімнен жасырынбай ашықтан  ашық  сөйлесіп келе жатқан  адамдарды  да осындай  қиянатқа қиюға  бола ма екен? Есі бар қай қазақ  өстеді?! Қандай еркек  ақ-қараны  анықтамай, танымайтын біреуді  тарпа  бас  салады. Мұндай жабайылықтан қашан құтыламыз? – деп те  ойлап  кетті Марат. Оның үстіне өз кеудесінде Айсараның манадан бергі әңгімелерінен пайда  болған бір зілбатпан  тас түйнек пайда болғанын  анық  сезді... Әйтсе де бір шешімге келіп, ойша топталып үлгергенше, добалдай  қатты жұдырық  оның оң жақ шекесінен сарт ете қалды. Бұл енді әңгіменің бәрінің  шешуі сияқты болды.

Сарт- сұрт жұдырықтасу басталып кетті.

– Мен  сендей жауыз емеспін. Батыр майданда мықты, қорқақ үйінде мықты деген. Сенің күшің үйдегі әйелге әлімжеттік жасау екен. Ал енді  сыртта мынаны  көр! – деп,  тастай  жұдырырығынан оңай жалтарып, Марат  оны  құлақ  шекеден періп қалғанда,  ол  рингтегі жеңілген  боксердей жалпасынан түсті. Бірақ дереу ұшып түрегелді.

Мұның қандай «шайқас» екенін  дәл қазір түсіну қиын. Жұдырықтар бірінің басына, бірінің  көзіне тиіп жатыр.

Аяқтар да бірін-бірі шалуда. Есік  алдының шаңы шығып  кетті. Мынандай көз ілеспес қимылдар мен жылдамдықтан аңырып, есі ауғандай болып жалғыз  Айсара ғана тұр...  Ары қарата не боларын  кім білген, дәл осы  кезде  үй жақтан бір баланың нәзік дауысы  естілді.

– Мама, папа, мен мындамын! Мама, бүгін маған не  әкелдің? – деп төрт-бестер шамасындағы бір  бала  қақпадан сыртқа жүгіріп шықты.

Бұл кезде аюдай еркек үсті-басын қағып, бетін сүртіп тіктеліп үлгерген  еді.

– Саған ерекше сыйлық бар, қошақаным, сенің туған күнің ғой, – деп Айсара да есін  жиып, аяғына оралған баланы құшағына алды.

– Бара ғой енді. Біз де  қазір кіреміз... – деді еңкейіп, ұлының маңдайынан иіскеп.

– Кешір, Айсара, –  деді бұл кезде жаға-жеңдерін түзетіп үлгерген Марат  тұңғыш рет оның  атын  атап.

– Мен бұлай болғанын қалаған жоқпын.

– Оқасы жоқ, Айболит, – деді Айсара  да тұңғыш рет  оның атын өзінше  атап. – Ешкім ештеңені алдын-ала болжай  алмайды...

– Сонда да, кешір... Мен қайтайын...

– Жүр, – деді Айсара Маратқа жауап қайтармаған күйі, әлі де есі ауысқандай зеңкиіп тұрған күйеуіне қарай бұрылып. – Үйге  кірейік... Оның дауысынан  шаршағаны білініп тұрды.

Анау  аюдай қорбаңдаған  ебедейсіз күйі Маратқа бұрылмастан   қақпасына қарай беттеді. Сәлден  соң темір қақпа  сырғанап барып, тарс етіп  жабылды.

Айболит үнсіз кері қайтып  келе жатты.

«Бұл не қылған  сұрғылт өмір, Айсара ...» деп ойлап, одан сайын тұнжырай тісті.

Байланысты жаналықтар

Жаңа роман жарық көрді 

30.10.2024

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

09.10.2024

Бердібек Соқпақбаев – 100 жыл

27.07.2024

Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері

18.07.2024

Қасым Аманжоловтың өлеңдері

11.07.2024

Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдері

11.07.2024
MalimBlocks
Жаңа роман жарық көрді 

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

Бердібек Соқпақбаев – 100 жыл

Биыл ақын, жазушы, журналист Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы

Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Жангелді ауданы, Қостанай облысында дүниеге келген. 1937 жылы 8 желтоқсанда Алматы қаласында қаза тапқан. Ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Қасым Аманжоловтың өлеңдері

Қасым Рақымжанұлы Аманжолов (10 қазан 1911, Қарқаралы уезі — 18 қаңтар 1955, Алматы) — қазақтың аса ірі ақындарының бірі.

Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдері

Ақын Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында туған. 2011 жылы, 10 қазанда дүниеден озды. Қазақ поэзиясының жарқын өкілдерінің бірі – Тұманбай Молдағалиев Қазақ Ұлттық Университеті, филология факультетінің түлегі. 1954 жылы «Украина қызына» деген алғашқы өлеңі жарық көрген.