MalimCinema:"Қап-қара адам" кім? Ержанов шеберлігі

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

  • 21.05.2021

Фильмнің қысқаша мазмұны:

Алыс ауылдардың бірінде кішкене бала өлімі тіркеледі. Оны тергеу жергілікті полицей Бекзатқа тапсырылады.  Ол жергілікті басшылардың нұсқауымен, істі бірден жауып тастағалы жатқан тұста, ауылға қаладан осы істі зерттеп журналист қыз келеді. Ариана есімді қыз істі бірден жауып тастағалы жатқан полицей мен жергілікті құқық қорғау орган басшыларына бұл ауылда осыған дейін де дәл осындай екі қылмыс орын алғанын, олардың да жедел түрде жабылып, күдіктілердің қамауда жатып өздеріне қол жұмсағанын айтады. Және өзінің бұл істердің тергелуіне қатысты күмән күдігін барын да айтады. Орталықтан келген журналистен сескенген басшылық Бекзатқа істі қайта тергеп, мәселені обьективті анықтауды қайта тапсырған болады. Оқиға шиеленісі осы тұстан өрбиді. Бұларға мұндай қылмыстарға тікелей қатысы бар жергілікті қылмыскерлер тобы араласады. Күдікті ретінде ұсталып отырған ақыл есі кемдеу  Пукуарды Бекзат фильм соңында құтқарып, жергілікті қылмыскерлердің көзін жояды.  

Драма жанрында түсірілген бұл фильм Қазақстан мен Францияның бірлескен жобасы. Режиссері Әділхан Ержанов, сценарий авторы Әділхан Ержанов пен Ролаф Ян Миннебо. Операторы Айдар Шәріпов, композиторы Ғалымжан Молданазар. Басты рөлдерде  Данияр Алшынов (Бекзат) , Динара Бақтыбаева (Ариана), Теоман Хос (Пукуар).

      Әділхан Ержановтың фильмдеріне әр қырынан үңіле беруге болады. Мәселен, оның «Қап-қара адамының» қатпары мен қайшылығы көп. Режиссер осы қақтығыстар арқылы бүгінгі әлеуметтік, саяси ахуалдың суретін дәл береді.   Киноның саяси салмағы  басқарушы биліктің, құқық қорғау органдарының  әділетсіз, жемқор, қиянатшыл әрекетімен  көрерменді алаңдатып, көңілін ауырлатса, фильм соңындағы шиеленіс оларды киноның өн бойындағы пессимистік ахуалдан арашалайды. Егер біз әділетсіз жүйе, қайырымсыз қоғамды «жолындағыны жайпап өтетін жойқын механизмге немесе дауылға» теңесек, оның жұдырығына «Қап-қара адамдағыдай» миллион тағдырлы адамдар жұқ болмайды. Фильм осы ақиқатты бізге айна қатесіз жеткізеді.     

«Қап-қара адамның» тағы бір қаптары күллі адамзатқа тән рухани құндылықтардың күйреуін көрсетуге ұмтылады. Драманың соңғы тұстарында ғайыптан тайып, бас кейіпкер көкірегіне құйылатын ізгілік нұры (көңіліміздегі қайшылықты растап) тағы да  психологиялық құлдырауға кетіп бара жатқан көрерменін кері сүйрейді.

 Ержанов фильмдеріндегі кейіпкерлер екіге бөлінген. Бірі қызмет бабын асыра пайдаланатын, әділетсіз, «қарақшы, қанаушы билік» өкілдері болса, екіншісі сол әлдіден жәбір жапа көріп келе жатқан дәрменсіз, «кішкентай» адамдар (жынды, ақыл есі кем, естері ауысқан, шаршаған, тозған).

 Біздің қоғам шынайы өмірде әділетсіз билікке көнген, оның бар қиянатына еті үйренген. Сондықтан ол жердегі «қап-қара адам» қандай құбыжық болса да оған ол қорқынышты емес. Әділхан Ержанов осы заңсыздыққа көндігіп, еті өліп бара жатқан, ұйқыдағы  көрерменін оятады.  Қиянатшыл орта салған жараның асқынып, күндердің күнінде жарылатынын ұғындыруға тырысады.  Бірақ  оған дейін  кішкентай адам не істейді?!  Не жынданып, ақыл есінен айырылады, не қорқа қорқа батырға айналады. Өз фильмдерінде режиссер осы екі күйді үндестіре отырып, көрерменді жынданған қарапайым адам үшін қайғыртады,  қанаушы жүйе өкілінің кездейсоқ құрбанына айналмас үшін қайраттандырады.  Бас кейіпкер Бекзаттың аяқ асты батырға айналуының сыры да осында. Бұған қоса біз фильмдегі режиссер қолтаңбасынан оның кейіпкерлерін тек қана ақ пен қараға бөлгісі келмейтінін байқаймыз. Ондай әрекет  Бекзатқа іш тартуынан байқалады.   Бекзаттың жетім балалар үйіндегі өмір тарихы мен одан кейінгі қиын өмір мектептері  арқылы шынайы өмірде де адамды өзгертетін, мәжбүрлейтін әр түрлі ситуациялар, жағдайлар болатынын сездіреді. 

Ержановтың ащы кекесін, ауыр сатирасы «Қап-қара адам» фильміндегі еңсені басатын көңіл күйді сәл де болса сергіткендей болады  (Полиция көлігіндегі музыкаға билейтін, ештеңеден хабары жоқ екеудің қимыл қозғалысы, өшіп қала беретін көлікті итеретін төртеу, қалың бандиттердің ортасында қансырап отырып оған заңдық құқықтарын оқитын полицей, асханадағы төртеу тағы да басқалары).

 Журналист қыз фильмнің сәулесі секілді. Ол арқылы сөнуге шақ үміт үрленді. Бұл кадрлар сәл қарабайырлау, көрерменге белгілі сценариймен өрбісе де, адамның рухани өзгерісіне, адамгершілік төңкерісіне түрткі болғанымен өзін өзі ақтап тұр.

 Фильмге таңдалған табиғат та адамның көңіл күйімен сабақтасып жатқандай. Режиссер сап сары жүгері алқабы, әр кезеңдегі дала көрністері арқылы  адамның ішкі ізденіс, ішкі шайқасын әдемі жеткізеді. Киноның көп тұсында сөз емес, осындай табиғат сөйлейді. Ержановтың суреткерлігін осындай кадрлардан байқауға болады («Хозяева» фильмінде  ол  көп байқалады).

 Қазақ киносындағы мұндай жаңалықтар кез келген көрерменді қуантады. Әділхан Ержанов кинодағы үйреншікті сүрлеуге түспепті.  Өзінің әлеуметтік тақырыптарға арналған  арт фильмдері арқылы киноның да қатып қалған догмаларды бұзып, арнайы технология, арнайы бір заңдылықтарға ғана сүйенбей, режиссер жүрегімен сөйлей алатынын көрсетеді. Ақиқатқа тура қарай білу, оны кино тілінде көркем шешімдермен сөйлете білу - ерлік.

MalimCinema айдарынан оқи отырыңыз: