Құндақбай мерген

Malim Админ

  • 31.05.2021

ХХ ғасырдың басында қазақ даласы аласапыран еді, отаршы саясаты үдеп, халық жер-жерде толассыз қарсылық көрсетіп жатты. Әсіресе 1916 жылы еркек кіндік ереуіл атқа ер салып, станица, форпостарға лап қойды.   Бұл кезең қазақ тарихында біршама зерттелген. Мұхтар Әуезовтың "Қилы заманы" майданға жастарды бермейміз деп жанұшырап, "Бала өлгенше шал өлсін"  деп ақсақалына дейін атқа қонған қазаққа қойылған мәңгілік белгі іспетті.  Қазақтың туған топырақ үшін қолға қару алғаны осы ақ патша кезеңімен келте қайырылып жүр. Сондықтан Совет үкіметіне қарсы шыққан ерлер жайлы аз білеміз.  Тарихшылар көтерілістерді жалпылама зерттеп, жазып жүр. Ал, сол көтерілістердің басында тұрған, қызыл саясаттың диірменіне түсіп кетіп жаны қысылған қазағы үшін арпалысқан азаматтардың жеке тарихы елеусіз қалып келеді. Солардың бірі – Құндақбай Төлендіұлы.          

Әлі күнге дейін "Қой мінезді" деп сипатталып келе жатқан қазақ  неге патшалық Ресейге де, Совет үкіметіне де қарсы шықты? Ұлтты момақан етіп суреттеудің де ауылы шындықтан алыс.  Қазақ ешқашан жалбақай шашпа, емпең қаққан жасық болған емес. ХХ ғасырдың басындағы  тарихқа үңілген сайын осыған көзіміз жетіп келеді.

Бірінші дүнежүзілік соғыс кезінде қазаққа салынған салық бес есе өсті. 1914 жылдан бергі үш жылда Түркістан өлкесінен  70 000 бас жылқы, 12 700 түйе, 13 000 киіз үй алынған. Астықтың бәрі қазынаға жиналды. Ол аздай қара жұмысқа адам алу жайлы "Июнь жарлығы" шыққанда төзім түгесіліп, ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ етті. Одан ары қаш-қаш басталып, аласапыранда үркіншілікке ұшыраған халықтың 100 мыңнан астамы қаза тапты. Құндақбай Төлендіұлы осы кезде қара жұмысқа бармау үшін жандарммен жағаласып, қашқын атанған. Ол Ұзақ батыр бастаған албан көтерілісіне де қатысты. Қаш-қаш кезінде Демікпе, Сатылы асуларын жағалай босқан халықты арғы бетке асырды. Алайда 1916 жылдың күзінде шекара асқан қазақты Қытай мемлекеті де құшақ жайып қарсы ала қоймады. Тонап, бездіріп жіберді. Тозған халық қайта бері лықсыған кезде Алаш қайраткерлері қамқор болды. Уақытша  үкіметтен ақша сұрай бастап, босаған жерге орныға қойған қара шекпенділер мен қазақ-қырғыз арасындағы қырғынды тоқтатуға күш салды. Уақытша үкімет сұралған 11 млн 150 мың сомды бөлді, оның басым бөлігі мұжықтардың мұқтажына жұмсалсын деп талап та қойды. Бұл кезде Жетісудың қазіргі Қырғызстанмен  шекараласатын аймақтары, Жаркенттегі,  Құлжаға қашып барған қазақтар аштан бұралып жатыр еді. Қаражат 1917 жылдың қысына қарай әзер жетті. Бөлінген қаржының есебін жүргізген Мұхамеджан Тынышбаев: "Нарынға 40 мың жiбердiк. Тоқпақ төңiрегiндегi қырғыздар үшiн Пiшпек комиссарына 60 мың сом жiбердiк. Бұл жерде бидай болмаса да, жақындағы дүнгендерде күрiш көп екен. Жаркент уезiндегi қырғыз hәм қазақ үшiн 60 мың сом жiбердiк. Жаркент комитетi жаздай аянбай астық тасып тұр. Құлжадағы жаңа консулға сонда қалған қазақ-қырғыз үшiн 60 мың жiбердiк. Жаңа өкiмет шығарған 5 миллионды босқыннан қалған қазақ-қырғыздарды ендi бұдан былай тiрi сақтауға хаир етпекшi болдық. Жетiсудан киiздi тысқары жiбертудi қойғызып, бәрiн сатып алып, босқындарға таратпақшы болдық. Бiрақ 5 миллион қысқа қарсы келiп, арзан уақытта, бар уақытша еш нәрсе ала алмадық. Қолымыздан келгенше әрекет жасадық, бiрақ жазға шейiн қаншасы тiрi қалып, қаншасы қырыларын болжай алмаймыз... талай өлiм-жетiмнен қалған, талай зорлық-қорлық көрген бейшара тiрi бауырларым ендi аман қалсын деп тiлеймiн" – деп жазады.     Июнь жарлығы туғызған үркіншілікте босып жүріп атақоныстан айырылып қалған халыққа азаматтық соғыстың салығы қосымша соққы болды.  Бұл 1919-21 жылдардағы жұт пен аштыққа ұласты

 «...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...»

Ахмет Байтұрсынұлы, 1922 жыл,

«Тәні саудың - жаны сау» мақаласынан, "Қазақ календары".

Ашаршылықта елді аман сақтау үшін Құндақбай сынды ерлер атқа қонды. Күреңбелдің тау-тасын кезіп, аң-құс аулап асырады. Бірақ бұл да ұзаққа бармады. 1920 жылдың  26  тамызында Жетісу облысына арналған №76-бұйырық шықты. Соған сәйкес жазылған Ереже бойынша   аңшылардың облыстық қоғамына мүше адамдарға ғана аң атуға рұқсат алды. Ол аң-құстың еті мен терісі орталыққа жөнелтілді. Ереженің 2-тармағында: "Аң мен құстың барлық түрін тұзақпен, тормен, аранмен, ілмекпен, қақпанмен де ұстауға рұқсат жоқ, аңдарды қуып, соғып алуға да тыйым салынады" – деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Жаңа билік шиті  мылтығына дейін  сыпырып алған қазақтар тұзақ құру хақысынан да айырылды. Бұндай талапқа көнбеген Құндақбай бастаған жігіттер қашқын, контра атанды. Қызыл әскер олардың адымын аштырмауға күш салды.   Орта есеппен үш жылда аштан  1 млн 200 мыңдай адам қырылыпты.       

1924 жылы компартияның 14-сиезінде елді индустриаландыру туралы шешім қабылданды. Ел дегенде зауыт-фабрикалардың барлығын Ресейдің ортасына салып, басқа мемлекеттерді соларды шикізатпен қамтамасыз етуші етті. Ол кәсіпорындарда жұмыс істейтін миллиондаған жұмысшыны асырау тағы да отардағы елдердің міндеті. Қазақтың қолында қанша мал, қамбасында қанша астық барын білу үшін ұжымдастыру жұмыстары жедел қолға алынды. Ол жұмыс Романовтар әулетінің баласына дейін атып, қанішерлігімен  атағы шыққан Голощекиннің билік тұсына дөп келді. "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деп аттандап жүріп, қазақ даласының бар аумағында 40 миллион бас мал барын санап шықты. 1928 жылдан бастап Мәскеу, Ленинград ет комбинаттарының бөлімшелері  Ресейге тонна-тонна ет жөнелтіп жатты. Кәмпескеге ұшыраған байлардың малы түгел етке кетті. Аз уақыттың ішінде 40 миллион бас малдың 4,5  миллионы ғана қалды. Қамбадағы дәнді тұқымдығына дейін қоймай сыпырып әкетті. Міне, осыдан тағы  аштық басталды. Бұны бір тарихшылар "Ұлы жұт" деп жүр, меніңше бұл саяси тұрғыдан қате. Құндақбай Төлендіұлы секілді азаматтардың тарих сахнасына қайта шығуы осы тұс. Олар қасапқа түсіп жатқан малды айдап әкетіп, елге үлестірген. Осыдан бастап құжаттарда "банды" атана бастайды. 

"Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер" деп кедейге қорған, шонжарға тажал көрінгісі келген Советтің де түппиғылында  империялық амбиция жатқанын қазақ ерлері бар болмысымен сезінді. Елдің түкпір-түкпірінде сарбаз жиып майдан салды,  аштан бұралған ауылдарды құтқаруға кірісіп кетті.  Күреңбелдің бойындағы жігіттердің барлығы дерлік Құндақбай мергеннің маңына топтасты. Жас өкіметтің астамшылығына бар қазақ ызалы еді.  Талдықорғанның түбіндегі Шұбар ауылында көтерілістің алғашқы ошағы бұрқ етті, "Біз Совет өкіметін құлаттық, көтеріліңдер!" деп жан-жаққа шабарман жіберді. Дәл осы кезде Құндақбай мерген бастаған жігіттер Қоғалыдағы большевиктерді қуып шығады. Талдықорған ОГПУ-ы бастығы Липень Семейден атқыштар бригадасын шақырып, олар Айнабұлақ стансасынан бастап, көтерілісшілерді жазалай бастайды.  Шұбардан басталған толқын, Қаратал, Ақсу-Бүйен, Ақкөл көтерілістеріне ұласты. Бұл 1930 жыл еді. Бас-аяғы 2 ай ішінде көтерілісшілер жеңілді. Шұбардан ұсталған жиырмадан аса адамның аты-жөні Талас Омарбековтың  «1929-1931 жылдардағы халық көтерілістері» атты  кітабына енген. Ал, сытылып кеткен сарбаздар қарсылықты жалғастыра берді. 

Алматы секторы. Талдықорған ауданы. 1931 жылдың  26 қазанындағы мәлімет бойынша Шолақ тауларында 30 жігіттен құралған қарулы банды жасырынып жүргені белгілі болды. Оларды қашқын Құндақбай Төлендинов жинаған екен. Бандыға Ноғайбаев Молданазар деген де жетекшілік етіп жүр (бұл бірінші рет аталып отыр).  Екінші қараша күні белгісіз банды тобы (Төлендиновтың жігіттері болса керек), қаруланған 10 жігіт Талдықорған ауданының 12-ауылына шабуыл жасады. Ауылсовет өкілі Әбділдаев Баймұратты, бірнеше колхозшыны сабап, 45 бас ірі қараны (Оның 15-і жылқы)  айдап әкетті. Аудандық ОГПУдың төтенше өкілінің көмекшісі Оңалбаев 4-қараша күні Шолақ тауларынан винтовкасы бар бандит Дүйсенов Ишанды ұстады.

8 қараша күні Оңалбаев отряды 9 бандитті тұтқындап, оқшантайына тоғыз оқ сиятын бір жапон мылтығын, 16 оқ, бір құсмылтық тартып алды. Бандының қалғаны Октябрь ауданына қарай қашып кетті.

   ҚР Президенті архиві 141-қор,  тіркеу  1,  іс 5052    

Құндақбай мерген туралы тек архивтен емес, сол заманда операцияны жүзеге асырған чекистер жазған "Незримый фронт", "Мы из Чк" секілді кітаптардан да оқуға болады. Бірақ, ол жерде Құндақбай – құбыжық, ал чека қызметкерлерінің барлығы ел үшін егілген ерлер болып сипатталған. Жоғарыдағы мәліметте аталатын, мергеннің серігі  Молданазар Ноғайбаевтың ұрпағы қазірде Алматы облысының Кербұлақ ауданында тұрады.

Молданазарды жары мен баласы 1930 жылдан кейін көрмепті.  Ұлы Қойшыман ол кезде 4-ақ жаста екен.  Анасымен туған елге оралып,  67 жасында көз жұмған Қойшекеңнің кеудесінде "Әкемнің дидарын бір көрсем-ай" деген жалғыз арман кетіпті. Молданазар "бандының" есім-сойы 1931-32 жылдардағы құжаттарда да кездеседі. 2020 жылдың  25 қыркүйегінде "Егемен Қазақстан" газетіне «Қарақшылық» қарекеті" деген мақала жазған Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің бас сарапшысы Айнаш Сейсенбаева Дүйсенбаев Ишанмен бірге Молданазар да тұтқындалды деп жазыпты. Өзіме ол мәлімет кезікпеді. Рас болса, онда екеуі де атылған. 

Талдықорған ауданы: Қытайдан бері асқан Төлендинов Құндақбай мен Мұқашев Қанапияның бандысының қолынан  6-ауылда колхоз басқармасының төрағасы Джунчибаев қаза тапты. 17 қыркүйек күні үшінші ауылдың колхозына шабуыл жасап, 60 жылқыны айдап әкетті. 254 түтінді көтере көшіп, "Қара" аталатын жерге  қарай тартып, жасырынып үлгерді.

ҚР Президентінің архиві,  қор 141, тіркеу 1, іс 5052

Міне, Құндақбай мерген бір көшіргенде осылай екі жүз-үш жүз түтіннен бір-ақ әкетіп отырған. 1929-32 жыл аралығында талай ауыл Құндақбайдың арқасында аштықтан құтылып, аман қалды. Айдап әкеткен жылқыларды аш қазаққа сойып беріп, одан артылғанын шекара асқаннан кейін гоминдан өкіліне беріп, ауылдарға қоныс сұраған. Байлардан алған алтынды да босқын қазаққа жемтіктей қарағандардың көмейіне тыққан. Сөйтіп арғы бетке көптеген ауыл қоныстандырған, Құлжа маңындағы Дүңгенмәлі, Қытаймәлі ауылдары, Бесағаш жайлауы қашқан қазақтың қонысына айналды. 

Құндақбай Төлендіұлының сарбаздарын жою үшін Талдықорған ерікті милициясының қаруланған жүз қызметкері 2 жыл бойына із кеседі. Басшылары Беляев деген.  Сатқындар кесірінен мерген 1932 жылы тұзаққа түседі. Албан, жалайыр, қаңылы ауылдарын Түлкілі тауының басына жиған мергенге аран құрылады. Беляев түнде көш жолына екі тұстан пулемет құрғызып, таң ата қозғалған халықты қырып салған. Құндақбай мерген пулеметшілерді қағып тастағаннан кейін ғана ауыл жұрнағын аман алып кету мүмкін болған. Ол жер қазір Кісіқырылған деп аталады. Большевиктер қаза тапқандарды көмдірмепті, тау басында 1985 жылға дейін сүйектер шашылып жатқан.   Сол маңдағы ауылдардың қарттары жасырынып келіп көзге түскен сүйекті таспен бастыра беріпті. Бұл қан қасапта Әтима деген апамыз өлік астына жасырынып,  аман қалған. Беріде, тоқсан жастан асып көз жұмды.     

Қапалдан жеткен Мальцевтің 15 адамдық комотряды  18 қыркүйек күні Емел асуында бандымен соғысады, 70 банды қаза тапты. Ал біз жақтан 1 комотряд сарбазы қаза тапты, тағы бірі жараланды. 21 қыркүйекте Дукарский бастаған жасақ Төлендинов пен Мұқашевтің қалған сарбаздарына тап болып тағы 10 адамның көзін жойды. 4 адам тұтқындалған, олардың екеуі әйел... Құндақбай Төлендиновтың  бандысының жұрнағы қазан айында Октябрь ауданының еріктілер жасағымен тағы талқандалды, 8 бандиттің көзі жойылды. Банды басшысы Құндақбай 4 сарбазымен Қытай асып кетті.  

  қор 141 тіркеу 1 іс 5052 20-бет

Бұл деректен Құндақбай Төлендіұлының қаншалықты зор болғанын байқауға болады. Беляев, Мальцев, Дукарский, Оңалбаев деген комотряд жетекшілерінің негізгі мақсаты мергеннің көзін жою болған. Ол қолдарынан келмеді. 

Қарттар Кісіқырылған оқиғасынан кейін мерген елге оралмады дейді. Ол Күреңбелден ауа көшкен халықты Құлжадан 70 шақырым жердегі Бесағаш жайлауына апарып орнықтырып, қызылдарға қарсы күрестің жаңа амалдарын қарастырған.  Шан Хай ши мен Мао билікке таласып,  қытай екіге жарылып тұрған тұс қазаққа ауыр тиеді. Босқан жұртты тезірек тонап алу үшін қытай билігі азық-түлік бағасын тым қымбаттатып жібереді. Ірі қараға бір қап бидай алып жүдеген жұрттың бас көтерер азаматтары өз мемлекетін құру үшін айқасады. Оспан батыр көтерілісі бұрқ еткен кезде Құндақбай өз жігіттерін ертіп  партизандық соғысқа кіріседі. Шығыс Түркістан мемлекеті құрылғанда кеудесіне медаль да тағыпты. Ал содан кейін қытай билігі қазақтың ішінде бас көтере алар азаматтарды жоя бастайды. Қыспаққа қалған халқының малын базарға айдап апарып жақсылау бағаға өткізіп беріп жүрген өр Құндақбай осы кезде "Ұры!" деген жалаға қалады.  Бұған дейін де бірнеше сылтаумен абақтыға қамалып, қыспақ көрген мергеннің соңғы сәттеріне Қыдырбек Омаров ақсақал куә болған екен. Ол кісінің әкесі Сәми базарда қызмет еткен, Құндақбай сататын жылқыларын соның қорасына қамапты. Бір адам менің малым деген соң мергенді қамауға алады. Шалғайдағы Бесағашқа кісі жіберіп, малдың нақ иелері келгенше бір аптадай уақыт өтеді. Ақ екені дәлелденіп, абақтыдан шыққан Құндақбай Сәмидің үйіне сырқаттанып келеді. Ас ішсе бұратылып, ағайындар арбаға салып ауылына жеткізіпті. Екі-үш күн дөңбекшіген мерген көз жұмады.  Ел арасында "Мерген абақтыда аталадан ұшынып, түрме дәрігері бір түйір дәрі беріпті, сол дерт боп жабысты" деген сөз бар.  

Осылайша Күреңбелдің көкбөрісі Құндақбай көз жұмады. Қайтыс болған  жылын нақтылап 1947 деу керек. Оған дәлел де жоқ емес. Құндақбайдың соңымда бір тұяқ қалса деген  ұлы арманы бар еді, жары Ақтолқынның  туғаны тұрмай, екі мұңлықтың жүрегі жаралы болатын. Сен төккен қанның сорына осы азапқа ұрындық па деп Ақтолқыны сан мәрте жылаған екен. Інісі Мырзақбайдың да баласы көп шетінеп, ағайындылар перзентке зар болады. Көз жұмарынан аз уақыт бұрын Құндақбай келін босанса бір перзентіңді маған қи деп Қожахмет деген ағайынына қолқа салған екен. "Ұлға не жетсін, қыз да болса ұлымдай көріп есімін Ұлтай қоярмын!" – деп езіліпті қайран ер. Қол бастаған ағасының қолқасына Қожахмет қарсы шыға алмайды, құрсақта жатқан перзентін батырға қияды. Бірақ Ұлтайын иіскеу мегеннің пешенесіне жазылмапты, Қожахметтің келіншегі  ол көз жұмған соң босанады. Бірақ, Құндақбай қайтыс болғаннан кейін де сарбазы сертінен айнымаған. Перзентін Ақтолқын жеңгесінің бауырына салып беріпті. Үш жас үлкен туған әпкесі Кәмила Қожахметқызы: Ұлтай сұсты болды, мергеннің қызы деген соң ба, мінезі Құндақбай атаға тартып кетті. Бізді мойындамады. Тек қайтыс болғанда құлпытасына Ұлтай Қожахметқызы–Құндақбайқызы деп жазылды, – дейді.          

1954-55 жылдары Қытайдағы қазақ қайта бері қозғалады.  Құлжа маңынан 1000 түтін өтіпті. Кәмила апаның әке-шешесі де сол кезде көшіп келген. Ал, Ақтолқын батырдың зиратын қалдырмаймын деп Ұлдайымен сол жақта қалып қояды. Тек 1962 жылы бері өтеді. Атақты Құндақбай мерген мен отбасының қысқа тарихы осындай. Қазағы үшін большевикпен алысып, гоминдамен шабысып, бордай тозған халқының қонысы үшін күрескен ер Құндақбайдың денесі жат жұртта жатыр. Ол зират қазір бар ма, әлде қарқынды дамып жатқан мемлекет жойып, құрылыс астында қалды ма? Ол жағы белгісіз. Жалпы Жетісу халқын озбырлықтан құтқарамын деп Советке қарсы соғысқан Құндақбай Төлендіұлы, Омар Мұртазин, Құдияр Тезекұлы, Омарбек мерген Еркінбекұлы секілді тұлғалардың тағдыры әлі аз зерттелген. Қалың қазақ тығылған Қараңғысайдағы қырғын, әкемнің аузынан естіген Сатылы маңындағы атыс туралы архив құжаттары әлі  қолға түскен жоқ. Саяси қуғын-сүргін дегенде осындай ерлердің де есімі аталса, олардың шейіт болған сарбаздарының, қуғыншылар оғына ұшқан, аштан қырылып, тау-таста сүйегі қалған адамдардың есім-сойы түгенделсе  дейміз.  Ол үшін 1993 жылы қабылданған "Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы" заңның 6-бабының в тармағында "қарулы бандыларды ұйымдастырған адамдарды ақтауға болмайды" деген талапты жою керек. Дәл осы заңның кесірінен жері,  елі үшін қару алып соғысқан азаматтардың ешбірі, бәлкім жүздеген, бәлкім мыңдаған, бәлкім жүз мыңдаған адам ақталмай келді.  Ерлікке қиянат, елдікке сын боп тұрған бұл кемдіктен құтылар кез баяғыда келген.  

Серік Әбікенұлы

Фото: 7-su.kz

Байланысты жаналықтар

Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

08.04.2024

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

03.04.2024

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

02.04.2024

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

31.03.2024

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

29.03.2024

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

29.03.2024
MalimBlocks
Бүгін – Геннадий Головкиннің туған күні

Ол кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-де жеңіске жеткен. ҚР спорт шебері.

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелген

Жыл басынан бері спорт саласында 39 жемқорлық қылмысы тіркелді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте агенттік төрағасы А. Жұмағалидің басшылығымен өткен ведомствоаралық мәжілісте айтылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Шахтер» футбол командасының бас бапкері қызметінен кетті

Футболдан Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері Игорь Солошенко өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Malim.kz команданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Miami Open: Елена Рыбакина финалда жеңіліп қалды

Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі WTA турнирдің финалында Даниэль Коллинзді (53 WTA) жеңе алмады. Кездесу 7:5, 6:3 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Спаррингтік кездесуге шақырту алған боксшы қыздардың тізімі жарияланды

Сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында Астанада өтетін спаррингтік кездесулерге шақырту алған боксшылардың құрамы бекітілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады, деп мәлімдейді Malim.kz.

«Оқжетпес» футбол клубы өз қызметкерлеріне 400 млн теңгеден астам қарыз

Көкшетау прокуратурасының мәліметінше, «Оқжетпес» футбол клубы 160 қызметкерінің жалақысын төлемеген, деп хабарлайды Malim.kz.