Жыл ақыны

Malim Админ

  • 04.10.2020

Аузын айға білеген ақындар көрінбейді қазір. Бәрі жиналып бір жаққа кеткен бе? Осы күні экранда да, баспасөзде де көретінің - әншілер одан қалса айтыскерлер. Бүгінгі заманның ел танитын тұлғалары да осылар. Ал, ақындар кімдер сонда? Олар анау-мынау жерлерде жүрмейтін, баланың сөзімен айтқанда «кәкей» кісілер ме? Ақындар жүрмейді, анда-санда жылт-жылт етіп көрініп қалады. «Өткенде пәлен туралы, бәленшекең туралы мақтапсың ғой.Көрініп қалыпсың. Дұрыс. Көрініп жүру керек деп» жатады. Немесе «анау жолы пәленшені сойып салыпсың. Міне, көрініп қалдың. Осылай көрініп жүр» дейді.Кей- кейде қалай көрінудің жолын таппаса, ақындар «Әй, пәленше! Пәленінші ғасырдың сарқыншағы болатын ана тамды сенен бұрын мен көріп едім ғой. Мұны неге айтпайсың?» деп проблемалық мәселе көтереді газет бетінде. Қарсы ақын да газет бетінде «кешірім сұрағансып, кішірейіп» көрініп қалады. Ортада біреулер қол жинап та көрініп жатады. Әйтеуір шегі жоқ, шеті жоқ көріну.Осылай кете берсе не болады екен қызығушылығымнан басым сұрақтарға толып кетті.Содан бір күні түс көріппін.

Үлкен залда иін тірескен халық. Сахнаның жоғары жағына үлкен ақ плакатқа «Жыл ақыны» деп қызыл пламастермен жазып қойыпты. Бұл сахнаның безендірілуі болса керек. Бір кезде фанфара ойналып, сахнаға Жүрсін Ерман шықты: «Айтысты айтыс қылған мен.Бірақ соңғы кезде айтыс жасарды ма, мені менсінбей кетті.Бірдеңе ұйымдастырып қалған басым, «Жыл ақыны» ұлттық шоуын қолға алдым. «Жыл әншісі», «Жыл аңызы» болғанда «Жыл ақыны» неге болмасқа?! Айта кету керек бұл жыр-жарысқа ақындарды ойдан-қырдан әзер жинадым. Ақындар да қызық. Бір күн болатын «Жыл ақынын» бір жыл өтетін мереке екен ғой деп біразы Алматыға көшіп келіпті. Енді ақындарды кері қарай қайтарудың жолын ойластырып жатырмыз. «Жыл ақыны» ұлттық шоуында бас жүлде - алтын алқа. Алқаны келістіріп жырлаған ақын ғана жеңімпаз болмақ. Ақындардың жыр-жарысын ұлылардың жалғасы Ұлықбек Есдәулет бастайды. Қошеметтеп сахнаға шақырайық!

Ұлықбек ақын «Ақындар мен Әкімдер және Алқа»деген топтама жазып келген екен:

            

           ... Ақындар, ойхой, оңбайды,

             Әкімге тиісіп сорлайды.

             Басынан бірі айрылса

             Бірінде бас та болмайды.

             Сор, мұңы, бағы-өлеңі,

             Алқаның барда әлегі.

             Әкімдер алқа тістесе

             Ақындар түсінде көреді.

Бұл өлеңнен кейін ақындар да, әкімдер де бір көтеріліп ,бір басылды. Бұдан кейін сахнаға Ғалым Жайлыбай шықты.Ғалекең кең залда толған халыққа риза болып, «Жүрсіннің ұлттық шоуы біздің өткізе алмай жатқан шарамыз. Әдемі идеяларыңыз болса, жалғыз өзіңіз жей бермей, Одаққа да өткізіп тұрыңыздар.Осы бесжылдықтың жоспарына енгізбекпіз. «Бұл кісі Одақтың жұмысын көрінсін деп»жанталасып жатыр ғой деп, залдағылар күбір-күбір етеді.Соны сезген Ғалым Жайлыбай да өлеңін оқи жөнелді:

           Ұлытаудың дара шыңында,

           Ұлтыма біткен бар әлем.

           Қараша айының қарашығында

           «Алқам-айлаған» қара өлең.

           Сарыарқа жақты сағым биледі,

           Желпініп кейде жел ессе.

           Жанымның жалқы жалын күйлері

           Алқаның дүбірі емес пе?!

           Алқам-айым-ау!

           Ақ қанатым –ау, Аламан болдың ақ таңда.

           Жарығы мәңгі жатталатындай

           Баяны мәңгі бақ бар ма?!

Ақтөбеден Мейірхан Ақдәулетов келіпті жыр оқуға. Оның өлеңі тым қысқа екен.Екі-ақ жол:

                 Алқаның сыңғыры,

                Мақалаға тақырып!

Осы екі жол өлең үшін келген бе?

Есенғали Раушановтың кезегі келіп, сахнаға шықты. Ол кісінің өлеңі өзгешелеу болды. Алқа емес, қайдағы бір қасқалдақ жайлы екен.

            Қара бауыр қасқалдақ,

            Қайдан ұштың пыр-пырлап.

            Сазың қалды сәбидің

            Еңбегіндей былқылдап.

            Ұя қалса иесіз,

            Айдын үшін сол қайғы.

             Қаңғып келген шүрегей.

             Көлге пана болмайды.

Ол өлеңін аяқтағанда, залдағылар сәл қозғалақтап қалды.

Тыныштықбек Әбдікәкімов жүгіріп шықты сахнаға. Неге екенін білмеймін, бұл кісі ерекше көңілді көрінді.Микрофон алдына келіп, костюмінің калталарын кезек-кезек қарай бастады.Сірә, өлеңін іздеп жатқан тәрізді. Бір кезде басын көтеріп: Өлеңімді үйде ұмытып кетіппін.Семейге барып алып келе қойсам, жыр-жарыс бітіп кетеді-ау. «Сіз» деді залға қарап. Орныңыздан тұрып, көрініп қойыңызшы. Праймерезге қатысып жүресіз. Депутатсыз-ау деймін. Теледидардан көп көрем сізді. Сіз де тұрып көрініп қойыңызшы деді тағы біреуге. Үнемі осындай жерлерде жүресіз, иә. Костюміңіз әдемі екен.Костюмі әдемілерді көргенде қуанып қалам.Азаматтар бар екен ғой деп.Сіздерді көргеніме өте қуаныштымын. Айтайын дегенім осы еді»деп сахнадан түсіп кетті. Ақынның да түрлі-түрлісі бар.

Келесі кезекте Көпен Әмірбек шыққанда Жүрсін Ерман «Көпен келе жатыр»деп жарнама жасағандай, даусын созып айтты.Көпеннің оқыған жыры былай екен:

«Жыл ақыны». Кіл арқалы,

                 Ақындар өлең оқып, күй тартады.

                 Сұрасаң дым бермейді мына бізге

                 Әкел, қарғам, үйдегі

                 өзіміздің алқаны» деп күлдіргісі кеп еді, онысынан түк шықпады. Осы жұрт күліп-күліп шаршаған ба?

Бұдан соң маң-маң басып, сахнаға Маралтай шықты.Қолын сілтеп өлеңін оқи жөнелді:

             Сорлап жүрсің билік айтар тақ болмай,

             Жүрмін мен де басыма бір бақ қонбай.

             Жердің беті-шахматтың тақтасы

             Тоқтамайтын корольдері мат болмай.

             Ақындардың арылған жоқ соры әлі.

             Мойынымда-бар Әлемнің обалы.

             Алқа деген- атақ, даңқ, ақша, доллар болса егер

             Алқасыз да күн көруге болады!

Сонымен, «Жыл ақыны» жарысына іріктеліп алынған ақындар жырларын оқып бітірді. Ендігі сөзді әділқазылардан тыңдайық. Қазылар төрағасына Сейіт Қасқабасов пен Мырзатай Жолдасбеков шақырылған екен. Бірақ ол кісілер «Алматыға барсақ, басымыз ауырады» деп келмей қалыпты. Содан қазылар алқасында үш бірдей тең төраға болып шықты. Олар: Асанәлі Әшімов, продюссер Баян Есентаева, «Базар жоқ» әзіл-сықақ театрының директоры Тұрсынбек Қабатов екен. Шешімді кім айтар екен деп, ел екі көзі төрт болып күтіп отыр.Тұрсынбек Қабатов: «Асеке! Қатысқандардың бәрі де базар жоқ ақындар ғой. Өзіңіз шешім шығарып айта берсеңізші,біз көп өлең оқитын жұрттан емеспіз » деп, қасын керіп кербездене үн қатты. Баян Есентаева : « Асеке! Осы ақындар сіз құсап әдемі киінбейтіні несі?! Алған қаламақыларын қайда жібереді сонда?» деп бұртиды. Жүрсін Ерман қазылардың шешімін айтыңыз деп асықтырмаса не дауыл көтерілерін кім білсін?! Асекеңнің әртіс екені есіне түсті ме, паңдана басып сахнаға беттеді. Бұл кісі үнемі түртіп жүреді емес пе көрген-білгенін. Қолында сала құлаш қағазы бар екен. Сөйлей бастады.

Асанәлі Әшімов: Алғашқы өлеңнің иесі -Ұлықбек Есдәулет «Әкімдер мен ақындар және алқа »деген өлең оқыды.Бүгінгінің әкімдері гүл сияқты. Мақтасаң - гүлденіп жүре береді, даттасаң-солып қалады.Ұлықбек, сен әкімдерді жамандама. Әкімдер де -  біздің досымыз.

Екінші –Ғалым Жайлыбай. «Жарығы мәңгі жатталатындай, Баяны мәңгі бақ бар ма?!» деп жырлапты. Неге болмасын, Ғалым шырағым, мұңдана бермесеңші.Сен білген нәрсені біз де білеміз.

Үшінші -Мейірхан Ақдәулет. Екі жол өлеңің құтты болсын! « Анау-мынау» деп көп сөйлейтін ақындарға қысқа сөйлеудің үлгісін көрсеттің. Сендей үлгің қазір қолданысқа енбес. Бірақ сен күдер үзбе.

Төртінші - Есенғали Раушанов. Есенғали құс жырлаудың шебері. Бүгін қателесіп келген ғой. Жүрсін, келесі жыр-жарыс құс тақырыбына арналғанда, Есенғалиды шақыр. Бәйгесін сонда алар.

Бесінші- Тыныштықбек. Өлеңін ұмыт қалдырғаны болмаса, өзі әжептәуір ақын сияқты.

Алтыншы- Көпен Әмірбек.Сатирашылардың мүшәйрасында оқыған өлеңін мұнда келіп оқығаны,бір спектакльді қайтара қойғандай әсер етті. Ол кезде де мен төраға болып ем. Бірақ сен әртіс емессің ғой, Көпен! Мен-әртіспін.

«Ұзын сөздің қысқасы» барлық ақынға да «Жыл ақынына»қатысқаны туралы сертификаттар тапсырамыз кейін.

Жетінші ақын-Маралтай. «Алқа деген атақ-мансап, ақша, доллар болса егер,

Алқасыз да күн көруге болады»деп жырлады. Мен де жас кезімде дәл Маралтай сияқты ойлайтын едім.Мәссаған! Маралтай әлі есеймепті ғой. Ақынды есейту үшін атақ, марапатты аямай, үсті-үстіне беру керек. Мақтай беру керек тіл жетсе. Бүгінгі жарыстың тарланы Маралтай деген менің батыр інім» деп сыйлығын тапсырды да, Жүрсін Ерманға бұрылып: Жүрсін, келесі жыр -жарыстың тақырыбы «Асанәлі коньягы». Қазірден хабарлай бер, ел құлақтансын. «Асанәлі коньягы» туралы да жыр жазылуы керек қой. Мына Маржан жазбай ма? Мүшәйраға қатыспайтыны несі ?» деп залда отырған мені қолымен нұсқап сөйлеп қояды. Асекеңнің мұнысы несі екен деп қоям. Бір кезде концерт басталды. Сахнаға түріктің белгілі  әншісі Таркан шықты. Шамасы ән салып бер деп шақырған-ау. Таркан шырқап кетті түрікше әнін. Шырқап жатыр, әні де тым ұзақ екен, бітер емес.Мәссаған! Көзімді ашып қалсам, таңғы сағат 7.00.Сахнадағы Таркан дегенім ұялы телефонымдағы дабыл оятқыш-қайта-қайта безек қағып жатқан Тарканның әні екен. Дабыл оятқышыма қазақтың әншісінің әнін қойсам, қазір Мақпал шырқайды, финалға дейін Роза шыққанша біраз уақыт бар ғой деп, қазақы мінезбен ұйықтап қалар ма едім, кім білсін?!

Маржан ЕРШУ

Көрнекі фото

Байланысты жаналықтар

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021

Бауыржан Игілік. Шіркеудегі Айса құсап жылаймын...

03.03.2021

“Мен дым ұқпадым, мына Ақберен не демекші...” деп сұрап алсаңыз...

03.11.2020

Мен Фаризаның көшірмесі емеспін

28.09.2020

"Ақұштап өресіз бе, Фариза өлік пе?"

25.09.2020
MalimBlocks
Айдында жүзген ақ желкен

Бауыржан Игілік. Шіркеудегі Айса құсап жылаймын...

“Мен дым ұқпадым, мына Ақберен не демекші...” деп сұрап алсаңыз...

Мен Фаризаның көшірмесі емеспін

"Ақұштап өресіз бе, Фариза өлік пе?"