Солтүстік Қазақстан облысында 6 жыл бұрын әйелін сабап өлтіріп қойған ер адам, қайтадан басқа әйелді ұрғаны үшін сот алдына келді. Алайда бұл жолы ол қылмыстық жауапкершіліктен тағы да босатылды. Бұл туралы Stan.kz жазды.
2020 жылдың қаңтарында СҚО тұрғындарын есеңгіреткен қайғылы оқиға болған еді. Есіл ауданының орталығында белгілі спортшы-күресші 29 жастағы әйелін соққыға жығып, салдарынан әйел көз жұмды. Қылмыс марқұмның қарт анасы мен екі кәмелетке толмаған баласының көз алдында жасалған.
Сот үкімінде көрсетілгендей, 2020 жылғы 14 қаңтарда ер адам үйінде шыққан жанжал кезінде әйелінің басынан бірнеше рет әдейі ұрған. Кейін шашынан тартып, теуіп жіберген. Әйел құлап, басын қабырғаға соққан. Алған жарақаттарының салдарынан ол оқиға орнында қайтыс болды.
Марқұмның анасының айтуынша, қызы күйеуінен көп жыл бойы зорлық-зомбылық көрген, бірақ одан кете алмаған. Қайғылы түні ер адам әйелін қатты соққыға жығып, кейін өзі "көмек көрсетуге" тырысқан. Ол әйелдің денесін сыртқа шығарып, суық су құйған.
Сотта айыпталушы марқұмның анасына 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеп, кінәсін мойындады. Оның ісі қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкелу") бойынша қаралып, 6 жылға орташа қауіпсіздік колониясына сотталған болатын. Ол колонияда екі жылдан сәл астам уақыт отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. 2025 жылдың соңында ер адам әйелді ұрып-соқты деген күдікпен қайтадан тергеуге ілікті.
Дүкендегі жанжал: Ер адам тағы да жазадан құтылды
2025 жылдың желтоқсанында Есіл аудандық полициясына 33 жастағы әйелден арыз түсті. Оның айтуынша, 7 желтоқсанда Явленка ауылындағы дүкенде ер адам әйелге балағат сөз айтып, күш қолданған. Оны сүйреп дүкеннен шығармақ болған. Айтуынша себеп оны қызымен араластырмай қойғаны үшін. Алғашында бұл іс "ұсақ бұзақылық" ретінде әкімшілік тәртіппен қаралған. Алайда сотта күш қолдану фактісі анықталған соң, іс қылмыстық сипатқа ауыстырылып, материалдар прокурорға жолданды.
Кейін ер адамға қылмыстық кодекстің 109-1-бабы ("Бұзақылық ниетпен ұрып-соғу") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ сотта тараптардың татуласқаны және жәбірленушінің шағымынан бас тартқаны белгілі болды. Осыған байланысты қылмыстық іс тоқтатылып, айыпталушы жазадан босатылды. Осылайша, әйелін өлімші етіп сабаған ер адам бұл жолы да жазадан құтылып кетті.