freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

СҚО тұрғыны TikTok-тағы пікірі үшін бес жылға сотталды

Құқық
СҚО тұрғыны TikTok-тағы пікірі үшін бес жылға сотталды
pixabay.com

Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік желідегі жазбаға пікір қалдырған әйел сепаратизм үшін сотталды, деп хабарлайды  Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. Сотқа Шал ақын ауданының 40 жастағы тұрғыны тартылған. Әйел – жеке кәсіпкер. Оның екі қызы бар, олардың бірі кәмелетке толмаған.

Сотта анықталғандай, өткен жазда ол TikTok әлеуметтік желісіне «Цветочек» деген лақап атпен кірген. Айта кетейік, сотталушы әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, оның шамамен екі мың жазылушысы бар.

Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы талқылау жарияланған постты көрген соң, ол кейін әлеуметтік тұрғыдан қауіпті деп танылған пікір қалдырған. Тергеу нұсқасы бойынша, оның сөзі елдің аумақтық тұтастығына қатысты саяси тәуекелдер тудыруы, сондай-ақ ұлтаралық шиеленісті қоздыруы мүмкін болған.

«Сотталушы жариялаған жазбаға TikTok әлеуметтік желісінің пайдаланушылары сепаратистік әрекеті үшін оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға шақырған бес пікір қалдырған», – делінген сот үкімінде.

«Цветочекке» тағайындалған жаза

Пайдаланушылардың бірі «Цветочек» лақап атымен отырған қолданушыға қатысты полицияға арыз жазған. Полиция қызметкерлері парақша иесінің нақты тұлғасын бірнеше сағат ішінде анықтаған.

Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындаған жоқ. Ол сотта TikTok-та аталған пікірді шынымен жазғанын, бірақ мүлде басқа мағына меңзегенін айтты.

«Сотталушы өзінің қателігі ойын сауатты әрі көркем түрде толық жеткізе алмағанында екенін түсіндірді. Сарапшының қорытындысымен келіспейді. Бұған дейін сепаратизм үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін естімегенін, Қылмыстық кодекстің 180-бабы (“Сепаратистік қызмет”) бойынша шығарылған үкімдер туралы жаңалықтарды көрмегенін айтты», – делінген үкімде.

Сотталушының кінәсін мойындамауына қарамастан, оның кінәсі куәлардың айғақтарымен және өзге де дәлелдермен, соның ішінде саясаттанушыны тарта отырып жүргізілген соттық психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысымен дәлелденген. Сарапшы сотталушының сөздерінде «Қазақстан Республикасының тұтастығын, оның аумағының қолсұғылмаушылығы мен бөлінбейтіндігін бұзуды насихаттау белгілері бар» екенін растаған.

Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын аудандық соты әйелді кінәлі деп танып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған дейін ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен жүрген сотталушы сот залында қамауға алынды.

Сотталушының кәмелетке толмаған қызы қамқоршылық органдары тарапынан ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау орталығына орналастырылды.

Бұған дейін Қостанай қаласының тұрғыны әлеуметтік желідегі сөздері үшін екі жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жазған едік. Сот анықтағандай, 2024 жылдың қараша айының басында әйел TikTok әлеуметтік желісіндегі онлайн эфирге қосылып, тікелей эфир барысында басқа қатысушылармен сөйлесу кезінде ұлттық белгісі бойынша көпшілік алдында қорлайтын пікірлер айтқан.

Сот оған қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеумен екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу