Бүгін Өскеменде жылу электр орталығын кеңейту жобасын практикалық іске асыру басталды. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Ыдырысов, мемлекеттік органдардың өкілдері, компания басшылары мен жоба серіктестері жаңа энергетикалық нысанның іргетасына болашақ ұрпаққа арналған үндеуі бар символикалық капсула салды.
Жоба дамып келе жатқан қаланың негізгі міндеттерінің бірін шешуге, яғни қажетті энергетикалық қуат қорын қамтамасыз етуге және жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтқандай, бүгінде энергетиканы дамыту Өскеменнің одан әрі өркендеуімен тікелей байланысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, оның сенімділігі мен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мемлекет үшін аса маңызды міндеттер екенін бірнеше рет атап өтті. Өскемен қаласы мен өңірдегі өнеркәсіптің өсуі энергияға деген қажеттілікті арттырып отыр. Сондықтан сенімді энергетикалық инфрақұрылым – біздің одан әрі дамуымыздың негізі. Мұндай жобаның іске асырылуы станцияның қуатын арттырып, облыс орталығын жылумен жабдықтаудың сенімділігін күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Өскемен ЖЭО-ны кеңейту оның қуатын арттырып, қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін қосымша ресурс қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дайындықтың негізгі кезеңдерінің бірі ҚР Энергетика министрлігі мен Өскемен ЖЭО арасында инвестициялық келісімге қол қою болды. Соның арқасында жоба ұлттық маңызы бар мәртебеге ие болды.
«Жаңа энергия блогы қала тұрғындарын жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл Өскеменді одан әрі дамыту үшін қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жоба аясында жаңа жұмыс орындары құрылады. Мамандар заманауи жабдықтармен жұмыс істеп, өз дағдыларын үнемі жетілдіре алады. Энергетикаға жаңа қуаттармен қатар, кәсіби кадрлар қажет», – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар жаңа нысанда жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.
«Жобаны іске асырудың арқасында 300 тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіліп, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады», – деді «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Ыдырысов.
Жоба қаланың және өнеркәсіп өндірісінің өсуі жағдайында ерекше маңызға ие. Қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуы оны жаңғыртуды ғана емес, аумақтың перспективалық дамуын ескере отырып, жаңа қуаттар құруды да талап етеді.
Өңір басшысының айтуынша, жобаны іске асыруда мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы маңызды рөл атқарады.
«Мемлекет пен инвестор күш біріктірген кезде тұрғындар күнделікті өмірде байқай алатын нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Атап айтқанда, үйдегі жылу, әлеуметтік инфрақұрылымның сенімділігі және қала экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер. Біздің міндетіміз – жобаның сапалы, қауіпсіз әрі белгіленген мерзімде іске асырылуына жағдай жасау», – деді ШҚО әкімі.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Шығыс Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту және халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру жолындағы кезекті қадам болмақ.