Бүгін Абай күніне орай Өскемендегі Орталық алаңда қазақтың ұлы ақыны әр ойшылының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Іс-шараға қоғам және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры әртістерінің театрландырылған прологымен басталды. Олар Абай бейнесін сомдады. Ұлы ақынның шығармалары орындалып, оның ішінде облыстық филармония солистерінің орындауында «Желсіз түнде жарық ай» әні шырқалды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов шығысқазақстандықтарды айтулы күнмен құттықтады.
«Ең қиын кезеңдерде халқына тура жолдан таймауға, «бес дұшпаннан» аулақ болуға және «бес асыл іске» ұмтылуға үндеген ұлы Абай өз халқымен бірге мәңгі жасай береді», – деді өңір басшысы.
Рәсімге қатысушылар Абай ескерткішінің жанында оның рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Абай халқына мол әдеби мұра ғана емес, сонымен қатар адам, білім, еңбек, ар-ұят және қоғам алдындағы жауапкершілік туралы терең ой-толғамдар қалдырды. Оның сөздері бүгінде де өзектілігін жоғалтпай, есімі Қазақстанның рухани тарихының ажырамас бөлігі болып қала береді.
Іс-шара соңында облыстық филармонияның солистері «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындады. Рәсімге қатысушылар естелік суретке түсті.