Таиланд пен Камбоджа арасында бір апта бұрын басталған ұрыс қимылдары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Таиланд Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Камбоджа корольдіктің шекаралас бірнеше провинциясын атқылап, әуе шабуылдарын жасаған. Ал Камбоджа Қорғаныс министрлігі өз кезегінде түн ортасынан кейін Таиланд әскерилері ел аумағын миномет снарядтарымен және бомбалармен атқылағанын хабарлады.
Сонымен қатар Камбоджамен шектесетін Таиландтың бірқатар провинцияларында сағат 19:00-ден 05:00-ге дейін комендант сағаты енгізілді. Бұған дейін Камбоджа Таиландпен шекарадағы өткізу бекеттерін жапқан болатын.
АҚШ президенті Дональд Трамп 12 желтоқсанда Таиланд пен Камбоджаның премьер-министрлері Анутхин Чанвиракун және Хун Манетпен телефон арқылы сөйлесіп, осы әңгімеден кейін екі ел сол күні, 12 желтоқсанда, барлық әскери қимылды тоқтатуға келісті деп мәлімдеген.
Алайда Анутхин де, Хун Манет те келіссөз қорытындысы бойынша жасаған мәлімдемелерінде мұндай уағдаластықты атап өткен жоқ. Таиланд премьер-министрі тіпті бітімге келу туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Еліміз бен халқымыз үшін төнген қауіп толық жойылды деп сезінгенге дейін Таиланд әскери әрекеттерді жалғастыра береді», – деп жазды ол Facebook парақшасында.
Ал Камбоджа үкіметінің басшысы Facebook-тегі жазбасында Трамппен болған әңгімені атап өткенмен, елі қазан айында Куала-Лумпурда қол қойылған келісім негізінде бейбіт жолмен шешім табуға әлі де ниетті екенін жеткізді.