freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Тасмағамбетов арқасын тосты": Досхан Жолжақсынов композитор Нұрғиса Тілендиевке қалай атақ алып берген?

Қоғам •
"Тасмағамбетов арқасын тосты": Досхан Жолжақсынов композитор Нұрғиса Тілендиевке қалай атақ алып берген?
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Досхан Жолжақсыновтың өміріндегі есте қаларлық оқиғалардың бірі – әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевке "Халық Қаһарманы" атағын беруге бастамашы болғаны, деп хабарлайды Malim.kz.

Актер бұл туралы 2021 жылы Qasqa Jol YouTube арнасында журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында айтқан.

Жолжақсыновтың сөзінше, 1998 жылы Нұрғиса Тілендиев қатты сырқаттанып, ауруханаға түскен. Сол кезде ол Иманғали Тасмағамбетовпен бірге композитордың халін білуге жиі барып жүрген. Бір күні дәрігерлер Тілендиевтің жағдайы өте ауыр екенін айтқан.

Сол сәтте Досхан Жолжақсынов Нұрғиса Тілендиевке "Халық Қаһарманы" атағын беру туралы бастама көтергенін еске алады.

"Былай шыққан соң қатты қысылып, көзімнен жас шығып кетті. Нұрағаңдай арыстың кетіп бара жатқанын көзге елестету қиын еді. "Шіркін, неге осы кісіге, қанша буынды қалыптастырған қаһарманға Халық Қаһарманы атағы берілмейді?!" деп едім, Имекең маған оны хат етіп жазу қажеттігін айтты. Бір екі күннен соң Сыздық Жұматайұлы қайтыс болып, мен директор болып тұрған Жасөспірімдер мен балалалар театрынан шығаруға шешім қабылданды. Елбасының өзі қатысатын болды. Ал мен әлгі хатты жазып, дайындап қойғанмы", – деп ойлағанын айтқан ол.

Жолжақсыновтың айтуынша, кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен сәтте ол Нұрғиса Тілендиевтің қазақ мәдениетіндегі орнын атап, оған "Халық Қаһарманы" атағын беруді сұраған.

"19 ғасыр бізге Құрманғазыны беріп еді, 20 ғасыр Нұрғиса ағамызды берді. Өзіңіз бастаған қаншама буын осы кісінің ән-күйімен рухтандық. Мен атақ сұраймын, Халық Қаһарманын сұраймын", – деген ол.

Актердің естелігіне қарағанда, ұсыныс көп ұзамай қолдау тауып, Нұрғиса Тілендиевке "Халық Қаһарманы" атағын беру туралы шешім қабылданған.

Жолжақсынов сол хабарды естіген сәтін ерекше толқыныспен еске алған.

"Ертең ұрпағым жақсы актер, режиссер болдың дер. Бірақ елдің көкірегінде таңбалы болып қалардай не бітірдіңіз десе, Ұлы Нұрғиса Тілендиевтің Халық Қаһарманы атағын алуына дәнекер болдым деп айтамын", – деген актер.

Нұрғиса Тілендиев 1998 жылғы 15 қазанда дүниеден өтті. Досхан Жолжақсынов бұл оқиғаны өзінің шығармашылық жолындағы ғана емес, азаматтық өміріндегі де маңызды сәттердің бірі ретінде бағалаған.

Досхан Жолжақсынов кім?

Досхан Қалиұлы Жолжақсынов – Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері, кинорежиссер, сценарист әрі ән орындаушы. Ол 1951 жылғы 7 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Балықшы ауылында дүниеге келген. Әкесі Қали домбыра тартып, күй шығарған. Болашақ актердің ұлттық өнерге қызығушылығы да бала күнінен осы отбасылық ортада қалыптасқан.

1969 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетіне оқуға түсіп, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның шеберханасында білім алған. Кейін кәсіби еңбек жолын Жас көрермендер театрында бастады. «Qazaqstan» телеарнасының дерегіне сәйкес, ол 1971 жылдан қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып жұмыс істеген.

Досхан Жолжақсынов театр сахнасында Ақан, Сәмет, Глумов, Әзберген секілді сан түрлі мінездегі образдарды сомдады. Оның Ә.Таразидің «Індет» спектакліндегі Әзберген рөлі ерекше бағаланып, бұл жұмысы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болған шығармашылық жетістіктерінің бірі ретінде аталады. 1990-жылдары ол өзі еңбек еткен театрды басқарды. Ресми дереккөздердің бірінде 1995–2001 жылдары театр директоры әрі көркемдік жетекшісі болғаны көрсетілген.

Жолжақсынов театр және кино саласында жалпы 200-ден астам образ сомдаған. Ол тек актер ретінде емес, халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын орындаушы ретінде де көпшілікке жақсы таныс.

Кино саласындағы еңбегі

Досхан Жолжақсыновтың есімін қазақ көрермені ең алдымен «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Алтын күз», «Омпа», «Ақ барыстың ұрпақтары», «Көшпенділер» секілді фильмдер арқылы жақсы біледі.

Оның ең танымал экрандық бейнелерінің бірі – «Даладағы қуғын» фильміндегі Хамит рөлі. Қызылорда облысы әкімдігінің ресми материалында осы образ үшін актер Душанбеде өткен кинофестивальде ер адам рөлін үздік сомдағаны үшін марапат алғаны көрсетілген. Сол дереккөзде «Алтын күздегі» Мұрат, «Көшпенділердегі» Қалден Серен және басқа да рөлдері аталады.

Кейін Досхан Жолжақсынов актерлікпен қатар режиссураға да бет бұрды. Оның режиссер ретіндегі ең белгілі еңбектерінің бірі – «Біржан сал» фильмі. Бұл туындыда ол режиссер қызметін атқарып қана қоймай, басты рөлдегі Біржан салдың образын өзі сомдады.

2015 жылы оның тағы бір ірі режиссерлік жұмысы – «Құнанбай» тарихи фильмі жарық көрді. «Qazaqstan» телеарнасы фильмде Досхан Жолжақсыновтың режиссер, продюсер әрі басты рөлді сомдаушы болғанын хабарлаған. Ал Қазақстанның Германиядағы елшілігінің дерегінде фильм режиссері Досхан Жолжақсынов, сценарий авторы Таласбек Әсемқұлов екені көрсетілген.

«Құнанбай» фильмі арқылы режиссер Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының тарихи тұлғасын экранға шығаруға тырысты. Кейін бұл туынды халықаралық деңгейде де көрсетіліп, 2020 жылы Берлиндегі Zoo Palast кинотеатрында арнайы көрсетілім ұйымдастырылған.

Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильмдері актердің шығармашылық жолындағы маңызды кезеңге айналды. Бұл жобаларда ол бір мезетте тарихи тұлғаның образын сомдап, туындының режиссерлік шешімдеріне де жауап берді.

Марапаттары

Досхан Жолжақсынов 1987 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атанды. 1995 жылы оған Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. 1996 жылы Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі атанып, сол жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

2001 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2016 жылы «Құнанбай» көркем фильмі үшін әдебиет пен өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын екінші рет алды. Осылайша ол Мемлекеттік сыйлықтың екі дүркін лауреаты атанды.

Досхан Жолжақсыновтың шығармашылық жолы бірнеше бағытты қамтиды: ол театр актері ретінде классикалық және заманауи қойылымдарда өнер көрсетті, кинода ондаған есте қаларлық образ жасады, кейін режиссер ретінде ұлттық тарих пен тұлғаларды экранға шығаруға ден қойды. «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Көшпенділер», «Біржан сал», «Құнанбай» сияқты туындылар оның қазақ киносы мен театрындағы көпжылдық еңбегінің негізгі белестеріне айналды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу