Венесуэланың тақтан тайған президенті Николас Мадуроның ұсталғаннан кейінгі алғашқы видеосы интернетте тарады. Кадрларда Нью-Йорк қаласының Бруклин ауданындағы тергеу изоляторынан шығып бара жатқан Мадуро отырған кортеж байқалады, деп хабарлайды Malim.kz.
CNN мәліметінше, америкалық журналистер тергеу изоляторынан шыққан кортежді сол сәтте байқап қалған. Бүгін Мадуро Нью-Йоркте сот алдына келуі тиіс.
Ал Fox News арнасының жазуынша, Николас Мадуро мен оның жұбайы бүгін жергілікті уақытпен сағат 12:00-де есірткі терроризміне қатысты айыптар бойынша сотқа тартылады. Алайда олардың камера алдында көрінуі күтілмейді.
Телеарна таратқан видеоларда федералды билік өкілдерінің қолына кісен салынған Мадуроны тікұшақтан броньдалған жүк көлігіне отырғызып жатқан сәті көрсетілген. Кейін көлік сот ғимаратына қарай бет алған болуы мүмкін.
Fox News дерегінше, мұндай сот отырыстары әдетте ұзаққа созылмайды. Куәгерлерден жауап алынбайды: айыпталушылар өз кінәсін мойындай ма, жоқ па – соны мәлімдейді. Ал судья келесі сот отырысының күнін белгілеп, тергеу изоляторынан кепілмен босату мәселесін қарайды.
Алайда заңгерлердің пікірінше, Мадуроның кепілмен босатылу ықтималдығы өте төмен.