Туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр. Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Мұндай күмәннің туындауы заңды. Мен Үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда, алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ, - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Қазақстанға миллиондаған шетел азаматы келді. Ішкі туризм қарқынды дами бастады. Мұның бәрі – өте жақсы үрдіс.
- Әлем елдері туристерді тарту үшін жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасап отыр. Біздің елде көрікті жерлер өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанға тең келетін ел жоқ секілді көрінеді. Алайда белгілі бір себептерге байланысты, соның ішінде жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен туризмнің болашағы зор осы бір саласы әлі күнге дейін кенже қалып отыр. Әзірге таныстыру, яғни презентация жұмыстарынан әрі аса алмай жатырмыз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің атап өтуінше, туризмнің дамуына тұмса табиғатты қорғау деген желеумен кез келген жобаға қарсы науқан ұйымдастыратын кейбір «эко-белсенділер» зиян келтіріп отыр. Көпшілігінің табиғатта шаруасы да жоқ. Олар өзінің танымалдығын арттыру үшін қоғамды дүрліктіруді, қазіргі тілмен айтқанда, «хайп» жасауды ғана көздейді. Туризм бизнесінде әбден әккі болған, бәсекелестердің шыққанын қаламайтын кәсіпкерлер кейде олардың қолтығына су бүркіп отырады.
- Тау шаңғысы туризміне қатысты жағдай да осыған ұқсас. «Шымбұлақ» Алматы қаласының орталығынан небәрі жарты сағаттық жердегі ерекше табиғаттың ортасында тұр. Әлемде оған тең келетін демалыс орны кемде-кем. Алайда көптен бері ештеңе жасалмаған курорттың сыны да, сыры да кетіп, тозып барады. Табиғаттың тамаша тартуы саналатын осы көрікті мекенді дамыту үшін тың тәсілдер қажет. Қазір еліміздегі тәжірибелі девелоперлік компания іске кірісті. Бірақ Үкімет пен әкімдіктің қолдауына қарамастан, жұмыс барысы дайындық және таныстыру шараларынан аса қойған жоқ. Ал көрші елдерде тау шаңғысы инфрақұрылымы қарқынды салынып жатыр, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы тау кластерінің әлеуеті өте зор екенін баса айтты.
- Бұл салада ауқатты адамдарға да, орташа табысы бар азаматтарға да бірдей қызмет көрсетілуге тиіс. Сондықтан ондағы туристік инфрақұрылымды әртараптандыру мәселесіне назар аудару қажет. Туризм саласындағы кадр тапшылығы – өте өзекті мәселе. Сондықтан Түркістанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды. 2024 жылы оқу ордасының алғашқы түлектері дипломдарын алып, еңбек нарығына қосылды. Алайда бұл жеткіліксіз, - деді Мемлекет басшысы.
Президент кадр мәселесін шешу үшін қосымша шаралар қабылданатынын баса айтты.
- Дегенмен салымыз суға кетіп, еңсемізді түсіріп отыруға да болмайды. Әлемдік деңгейдегі таблоидтар саяхатшыларға Қазақстанда демалуды ұсынып жатса, екі есе қарқынмен жұмыс істеуіміз керек. «CNN Travel» 2025 жылы Алматыны Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атады. Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты «ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыру тапсырылды. Қалада инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, жарықтандыру бағытында әлі де көп жұмыс істелуі керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.