Мемлекет басшысының өкімімен Берік Шолпанқұлов берген өтінішіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Еске салайық, бұған дейін BES.media-ға берген сұқбатында Берік Шолпанқұлов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан банктерінің бірінде 7 трлн теңге «аударылғаны» туралы мәлімдемесіне күмән келтірген болатын. Оның айтуынша, тексеру нәтижесінде ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ.
Кейін Акорда бұл мәлімдемеге жауап берді. Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мемлекет басшысы тексерілмеген ақпаратты жарияламайтынын айтты.
Оның сөзінше, егер президент 7 трлн теңге көлеміндегі операцияларды айтқан болса, онда тиісті транзакциялар шын мәнінде болған.
Сондай-ақ, ол бұл ақпарат тек қызметтік кеңеске арналғанын және нақты елдер мен банк дипломатиялық және санкциялық себептерге байланысты аталған жоқ екенін атап өтті.