АҚШ президенті Дональд Трамп Италия мен Испаниядан америкалық әскерді шығару мүмкіндігін жоққа шығармады, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Бұл мәлімдеме Вашингтонның Таяу Шығыстағы саясатына қатысты келіспеушіліктер аясында жасалды.
АҚШ әкімшілігі Италия мен Испаниядан америкалық әскерді шығару мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл туралы бейсенбі, 30 сәуір күні Ақ үйде журналистің сұрағына жауап берген АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді. Ол бұл мәселені екі ел үкіметтерінің АҚШ-тың Иранға қатысты әрекеттерін сынға алуымен тікелей байланыстырды.
«Италия бізге ешқандай көмек көрсеткен жоқ, ал Испания өзін өте нашар көрсетті, шынымен де өте нашар», – деп түсіндірді Трамп.
Бұған дейін ол Германиядағы АҚШ әскерінің санын қысқартуды ұсынған болатын және бұл мәселе бойынша шешімді «жақын арада» қабылдайтынын айтқан.
АҚШ әскерінің Еуропадағы орналасуы
Америкалық әскер Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қауіпсіздік жүйесінің бір бөлігі және КСРО-ны тежеу мақсатында орналастырылды, кейін бұл НАТО аясында жалғасты. Уақыт өте келе олардың саны азайды, алайда 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін АҚШ Шығыс Еуропадағы одақтастарын қолдау миссияларын іске қосып, әскери қатысуын күшейтті.
Қазіргі таңда тұрақты әскери базаларды көбейту емес, әскерді ротациялау, жаттығулар өткізу және жедел әрекет ету мәселелері қарастырылуда. AFP агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың соңына қарай Италияда шамамен 12 500 америкалық әскери қызметкер, Испанияда 3 800-ден астам, Германияда шамамен 36 500 әскери орналасқан.