АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторындағы ХАМАС қозғалысы мен өзге де қарулы топтарды кезең-кезеңімен қарусыздандыру жөнінде келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Ол бұл туралы өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында жариялап, келісімді Таяу Шығыстағы бейбітшілікке бастайтын «тарихи қадам» деп атады, деп хабарлайды Malim.kz.
Трамптың айтуынша, жоспар бірнеше ай бойы жүзеге асады. Онда ХАМАС-тың қару-жарағы мен туннельдерін жою, Газада жаңа палестиналық азаматтық әкімшілік құру және халықаралық тұрақтандыру күштерін орналастыру көзделген. Келісімнің келесі кезеңдерінде Израиль әскерін Газа секторынан біртіндеп шығару мәселесі де қарастырылған.
Алайда келісімнің жүзеге асуына қатысты белгісіз жайттар әлі де көп. ХАМАС өкілдері құжат жобасының бар екенін растағанымен, Израиль әскері Газадан толық шығарылмайынша қарусыздануға келіспейтінін мәлімдеді. Израиль билігі де әзірге ресми түрде келісімді қолдаған жоқ және Газаның толық демилитаризациялануын басты шарт ретінде атап отыр.
Егер келісім толық орындалса, бұл соңғы жылдардағы Газадағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі болады. Дегенмен тараптар арасындағы өзара сенімнің төмендігі мен жалғасып жатқан әскери іс-қимылдар жоспардың орындалуын қиындатуы ықтимал