Бүгін, 10 мамырда Қазақстанда 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) ресми түрде басталды. Еліміздегі ең маңызды білім сынағы 10 шілдеге дейін жалғасады. Биыл тестілеуге қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер өтініш берген, деп хабарлайды Malim.kz.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжановтың айтуынша, техникалық мамандықтарға қызығушылық биыл да жоғары деңгейде сақталған. Талапкерлер арасында ең көп таңдалған пәндер комбинациясы – «Математика–Физика». Бұл бағытты қатысушылардың 17,9%-ы таңдаған. Аталған комбинацияны көбіне болашақ инженерлер мен энергетиктер таңдайды.
Ал «Биология–Химия» пәндерін 14,5% талапкер таңдаса, шығармашылық бағыттағы мамандықтарға 12,4% үміткер қызығушылық танытқан.
Биылғы ерекшеліктің бірі – талапкерлердің басым бөлігі тестті қазақ тілінде тапсыруды жөн көрген. Атап айтқанда, қатысушылардың 74%-ы қазақ тілін таңдаған. Орыс тілінде тест тапсыратындар үлесі 26% болса, 851 адам ағылшын тілінде емтихан тапсырады.
2026 жылғы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Талапкерлер 3 міндетті және 2 бейіндік пән бойынша жалпы саны 120 тапсырма орындайды. Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Тест тапсыру уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт беріледі. Сонымен қатар, тест кезінде экрандағы калькулятор, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштік кестесін пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Апелляцияға өтініш беру мерзімі де шектеулі. Қатысушылар тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде ғана апелляцияға өтініш бере алады.
Жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген шекті балдар да өзгеріссіз қалды:
- Ұлттық жоғары оқу орындарына – кемінде 65 балл;
- Басқа жоғары оқу орындарына – 50 балл;
- Педагогика және құқық салаларына – 75 балл;
- Денсаулық сақтау бағыттарына – 70 балл.
ҰБТ нәтижелерін тексеру жұмыстары бейнебақылау арқылы 31 қазанға дейін жалғасады. Егер ереже бұзу фактілері анықталса, талапкердің нәтижесі, тіпті мемлекеттік грант иегері атанған жағдайда да, күшін жоюы мүмкін.