Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел сот отырысында жәбірленуші болудан бас тартты, деп хабарлайды Malim.kz Kazinform.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Ә. Зейнелдің адвокаты Мұрат Мауметов сот кулуарында мәлім етті.
– Әділет жәбірленуші мәртебесінен бас тартып, Ұлдананың анасына береді. Заң бойынша жәбірленушінің мүддесін екі адам немесе біреуі ғана білдіре алады. Біз әзірге өтінішхат берген жоқпыз, бірақ оны береміз. Өтінішхаттан кейін Әділет сот отырыстарына қатысқысы келмейді. Бүгін қатысуымызды өтінді, – деді заңгер мұрат Мауметов.
Сонымен бірге Ә. Зейнелдің шаңырақ көтеруін оның жеке мәселесі деп атап, пікір білдіруден бас тартты. Сот оның өтінішін қанағаттандырмады.
Айта кетейік, Ұлдана Мырзуанның өмірден өткеніне 8 ай болғанда күйеуі Әділет Зейнел үйленіп алған болатын. Оның бұл әрекеті қыздың туыстары тарапынан наразылыққа ұшыраған еді.
Қайғылы оқиға қалай болды?
2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған еді.
Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан жеткен. Ол зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге ұмтылған кезде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген.
Оқиға салдарынан бес адам түрлі деңгейде жарақат алды.
Ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер он күн бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлер бақылауында болды. Алайда медицина мамандарының барлық күш-жігеріне қарамастан, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 18 қарашада қайтыс болды.
Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм фельдшердің ерлігін жоғары бағалап, Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
Кейін Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Бұл — жас маманның қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен кәсібіне деген адалдығына көрсетілген құрмет.
Ал 2026 жылғы ақпанда Ұлдананың жұбайы Әділет Зейнел әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм жарын әлі де сағынатынын жазған. Ол түсінде Ұлданамен кездескенін айтып, жүрек тебірентерлік естелігімен бөліскен.
Енді жас фельдшердің өліміне байланысты қылмыстық істің сотта қандай шешіммен аяқталатыны қоғам назарында.
Еске салсақ, бұған дейін былтыр күзде елордадағы тұрғын үйде кірпіш қаптамасының құлауы салдарынан мерт болған Ұлдана Мырзуанға қатысты істі сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлаған едік.