freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Жалған коучтар жарға жығады: халық сенімімен ақша жасағандарға жаза қатаң

Құқық
Жалған коучтар жарға жығады: халық сенімімен ақша жасағандарға жаза қатаң
dalanews.kz

Кейінгі жылдары елімізде өзін «коуч», «бизнес-тренер», «психолог», «мотиватор» деп таныстыратындардың саны жауыннан соңғы саңырауқұлақтай көбейді. Әлеуметтік желілерде сән-салтанатқа малынған өмірін көрсетіп, «миллион табудың жолын», «қаржылық еркіндікке шығудың сырын» үйретемін дегендердің курсына мыңдаған адам ақша төлеп қатысты. Инстаграм, тикток және телеграм платформаларында түрлі онлайн-сабақтар мен марафондар қаптады. Бірі тендер ұтып алуды үйретсе, енді бірі санаңды өзгертіп бай атануға болады деп сендірді. Бағасы жүз мыңнан бастап миллион теңгеге дейін жететін курстарды сатып алғандардың арасында кейін алданып қалғанын айтқандар көбейді.

Көп жағдайда мұндай коучтардың кәсіби білімі де, нақты тәжірибесі де болмаған. Алайда әлеуметтік желідегі қымбат көлік, бренд киім, шетелдегі демалыс секілді контент адамдардың сеніміне әсер етті. Соның нәтижесінде қоғамда «инфоцыгандар» деген ұғым пайда болды. Яғни нақты кәсіби тәжірибесі болмаса да, мотивация мен жалған уәде арқылы ақша табатын адамдар көбейді.

Қазір бұл мәселе қоғам талқысына ғана емес, құқық қорғау органдарының бақылауына да ілікті. Соңғы бір жыл ішінде Қазақстанда жалған коучтар мен заңсыз онлайн-курс ұйымдастырушыларға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Кейбір блогерлер сотталып, кейбірі тергеуге алынды.

Ең көп талқыланған істердің бірі - блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты болды. Олар әлеуметтік желі арқылы түрлі онлайн-курстар сатып, қымбат көліктер мен сыйлықтарды ұтысқа қойған. Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыпты блогерлер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде табыс тапқан. Қаржылық мониторинг агенттігі олардың онлайн-курстар арқылы тапқан кірістерін жасырғанын мәлімдеді.

Кейін Астана соты бұл іс бойынша үкім шығарып, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованы кінәлі деп таныды. Сот материалдарына сәйкес, олар шамамен 247 млн теңге көлемінде заңсыз табыс тапқан. Нәтижесінде Ерболат Жанабылов шартты түрде сотталса, Эльмира Төлегенова бас бостандығынан айырылды. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды, себебі олардың әлеуметтік желідегі аудиториясы миллиондаған адамнан тұрған.

Бұдан бөлек, Талдықорғанда өзін коуч ретінде таныстырған азамат «тендер ұтып алуды үйретемін» деп 18 адамнан ақша жинап, 6,5 миллион теңге иеленгені үшін сотталды. Тергеу барысында оның нақты кәсіби білімі болмағаны және уәде еткен нәтижелерінің шындыққа жанаспайтыны анықталған.

Солтүстік Қазақстан облысында да блогерлерге қатысты атышулы іс қаралды. Олар кәсіпкерлерден ақша бопсалады деп айыпталды. Тергеу мәліметінше, блогерлер әлеуметтік желіге жағымсыз ақпарат жариялаймыз деп қорқытып, кәсіпкерлерден ақша талап еткен. Сот нәтижесінде олар 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Соңғы уақытта құқық қорғау органдары блогерлер ұйымдастыратын ұтыс ойындарына да ерекше назар аудара бастады. Себебі көптеген коуч пен инфобизнес өкілдері «курс сатып алсаң — көлік ұтып аласың» деген схеманы қолданған. Ал Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай лотереяларды өткізу үшін арнайы рұқсат қажет. Осыдан кейін әлеуметтік желідегі көптеген блогер өз ұтыс ойындарын тоқтатып немесе жарнамасын өзгерте бастады.

Жалған коучтар мәселесі мемлекеттік деңгейде де көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай барысында жалған психологтар мен коучтарға қатысты шағым көбейгенін айтып, құзырлы органдарға бақылауды күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысының сөзінше, кейбір адамдар халықтың сенімін пайдаланып, алаяқтықпен айналысып жүр.

Қазір Парламентте коучтардың қызметін заңмен реттеу мәселесі талқыланып жатыр. Депутаттар арнайы лицензия, кәсіби сертификат және ресми тіркеу талаптарын енгізуді ұсынып отыр. Себебі бүгінде әлеуметтік желіде кез келген адам өзін «эксперт» ретінде көрсетіп, ақылы курс сата алады. Сонымен қатар жалған жарнамаға жауапкершілікті күшейту және онлайн-курстарды бақылауға алу мәселесі де көтерілуде. Сарапшылардың айтуынша, болашақта коуч қызметімен айналысатын адамдарға кәсіби білім, салық есебі және ресми тіркеу міндеттелуі мүмкін.

Психологтардың пікірінше, адамдардың мұндай коучтарға сенуіне экономикалық қиындық пен тез байып кетуге деген үміт әсер етеді. Әсіресе әлеуметтік желідегі әдемі өмір адамдарға психологиялық қысым жасайды.

«Қауіптің бір шеті – психологиялық әсерінде. Өмірінде қиындыққа ұшыраған адам оккульттік контенттен «жеңіл шешім» іздейді. Нәтижесінде, жауапкершілікті өзінен емес, сыртқы күштерден күтері анық. Бұл жеке тұлғаның дамуын тежеп қана қоймай, тәуелділікке де әкелуі мүмкін. Кей жағдай­да адамдар қаржылай да, рухани да зардап шегіп жатады. Екінші мәселе – коммерция. Оккульт­тік тақырыптағы контенттің көп бөлігі ақылы курстарға, жеке кеңестерге, «арнайы ритуалдарға» ұласады. Бағасы да арзан емес. Мұнда тұтынушының құқығы қорғалмайды, себебі қызметтің нәтижесін дәлелдеу немесе талап ету мүмкін емес. Ақша төленеді, бірақ жауапкершілік жоқ, – дейді кәсіби психолог Балабек Кеніштайұлы

Көп коуч дәл осы эмоцияны пайдаланып, «сен де бай бола аласың», «ойыңды өзгертсең  табысың артады», «менің курсым өміріңді өзгертеді» деген ұрандарды қолданады. Бірақ нақты білім мен тәжірибесіз берілген кеңестер кейде адамдарды қарызға батырып, психологиялық тәуелділікке әкелуі мүмкін.

Қоғамның да бұл мәселеге көзқарасы өзгере бастады. Бұрын мотивация беретін адам ретінде қабылданған блогерлердің табысы, салық төлеуі және қызметінің заңдылығы жиі талқыланатын болды. Бірі мұндай тексерістерді қолдаса, енді бірі мұны қысым деп санайды. Соған қарамастан, қоғамда «ақша үшін бәрін үйрететіндерге» деген сенім азайып келе жатқаны байқалады.

Қазақстанда жалған коучтарға қарсы күрес енді ғана басталып жатыр. Бірақ соңғы сот процестері бір нәрсені анық көрсетті: әлеуметтік желідегі танымалдылық енді заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайды. Мемлекет бұл саланы бақылауға алып, заңмен реттеуге кірісті. Ал халық үшін ең маңыздысы, ақпараттық тұрғыдан сауатты болу. Себебі әдемі сөз бен қымбат көлік кәсіби маман екенін дәлелдемейді. «Табысты болудың құпиясын» сататын әр адамның артында шынайы білім мен жауапкершілік бола бермейді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу