Бұдан кейін мұғалім оқушының қауіпсіздігіне тек мектеп аумағында, сабақ уақытында және өзінің қызметтік міндетін орындау кезінде ғана жауапты болады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Threads парақшасында жазды. Оның айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заңға маңызды түзету енгізіліп, депутаттар әзірлеген заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілген.
"Бұдан былай педагог оқушының қауіпсіздігі үшін тек мектепте, сабақ уақытында және өз лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болады. Президент тамыз кеңесінде ұстаздардың жауапкершілігі тек оқу-тәрбие процесімен шектелуі тиіс екенін қадап айтқан болатын. "Педагог мәртебесі туралы" заңға маңызды өзгеріс қабылданып, авторлық заңымыз Сенатқа жолданды", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Аймағамбетов бұл өзгеріс мұғалімдердің жауапкершілік шегін нақты айқындауға бағытталғанын атап өтті. Яғни педагог мектептен тыс жерде немесе өзінің лауазымдық міндетіне кірмейтін жағдайлар үшін негізсіз жауапқа тартылмауы тиіс.
Мұғалімдер міндетті тест тапсырудан босатылды
Бұған дейін ұстаздар үшін көптен күткен жаңалық жарияланған еді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдерді аттестациялау кезінде қолданылып келген пәндік білімді бағалау, яғни ПББ тесті бұдан былай міндетті болмайтынын мәлімдеген.
Министрдің айтуынша, педагогтер енді өз пәні бойынша біліктілігін дәлелдеу үшін міндетті түрде тест тапсырудан босатылған. Бұл шешімге қатысты тиісті нұсқаулық бұған дейін өңірлік білім басқармаларына жолданып, оны іске асыру жұмыстары басталған.
Диктант, мазмұндама және шығарма қайта енгізіледі
Қазақстанның орта білім беру жүйесінде оқушылардың сауаттылығын арттыру және құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында бірқатар маңызды жаңашылдық енгізілетіні айтылған еді.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдеуінше, мектеп бағдарламасына дәстүрлі жазба жұмыстары – диктант, мазмұндама және шығарма қайта енгізілген. Бұл әдістер оқушылардың тілдік қабілетін дамытуға, сауатты жазу дағдысын қалыптастыруға және ойлау мәдениетін жетілдіруге бағытталған. Министрлік бұл өзгерісті білім мазмұнын қазіргі талаптарға сай жаңартудың маңызды қадамы ретінде қарастырған. Сарапшылардың пікірінше, классикалық жазба жұмыстарын қайта қолдану оқушылардың сөздік қорын кеңейтіп, жазу мәдениетін нығайтуға оң ықпал еткен.