freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Жаңа Конституция жобасы: азаматтардың өтінішіне байланысты құжатқа өзгеріс еніп жатыр

Қоғам
Жаңа Конституция жобасы: азаматтардың өтінішіне байланысты құжатқа өзгеріс  еніп жатыр
Конституциялық сот

Конституциялық комиссияның отырысында Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық нормаларға қатысты азаматтардан, қоғам қайраткерлерінен, құқықтанушылардан, ұйымдар мен комиссия мүшелерінен келіп түскен ұсыныстарға назар аударылып, оларды зерделеу нәтижесінде жобаға қосымша нормалар енгізілгенін атады, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеп. 

«Біріншіден, Конституциялық комиссияға тұрғын үйге қолсұғылмаушылық кепілдіктерін күшейту туралы ұсыныстар түсті. Бұл мәселе жөнінде Мемлекет басшысы кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айтты. Аталған сұрақтарды отырыста комиссия мүшелері Артур Ластаев мырза мен Динара Зәкиева ханым көтерді. Біз бұл тақырып бойынша ұлттық заңнаманы және халықаралық актілерді мұқият зерделедік. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 12-бабына сәйкес, ешкім де өзінің жеке және отбасылық өміріне, тұрғын үйіне қолсұғылмаушылық құқығына қатысты өзгелердің озбырлық араласуына немесе нұқсан келтіруіне ұшырамауға тиіс. Әр адам осындай заңсыз араласудан немесе нұқсан келтіруден заң арқылы қорғалуға құқылы», - деді ол.

Бақыт Нұрмұханов Қазақстан ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде де әрбір адамның жеке және отбасылық өміріне, тұрғын үйіне заңсыз әрі негізсіз араласудан қорғалуға құқығы бар екені атап көрсетілгенін еске салды.

«Конституциялық сот 2024 жылғы 19 сәуірдегі нормативтік қаулысында тұрғын үй адамның және оның отбасы мүшелерінің өмір сүруге қатысты конституциялық құқықтарын іске асыруы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғын үй мүліктің ерекше түрі ретінде Конституцияда айрықша қорғауға ие екені көрсетілді. Қазақстан Республикасында тұрғын үйге қолсұғылмаушылық қағидаты бекітілген және оны қорғауға тек сот арқылы кепілдік беріледі», - деді ол.

Қорытындылай келе, 28-баптың 1-тармағына сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйден шығаруға да жол берілмейтіні туралы толықтыру енгізу көзделді.

«Екіншіден, комиссияға кейбір нормалардың тұжырымдамаларын нақтылау туралы ұсыныстар келіп түсті. Олардың бірқатары ескерілді. Мысалы, преамбулада орыс тіліндегі «исконная» сөзі «исконна» деп өзгертілді («исконная казахская земля» тіркесіне қатысты). Сонымен қатар кейбір баптарда «адам құқықтары мен бостандықтары» деген тіркес «адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары» деп нақтыланды. Бұл өзгерістер преамбулаға, республика қызметінің негізін қалаушы қағидаттарға және сот билігінің адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жүзеге асыруына қатысты нормаларға енгізілді», - деді ол.

Конституцияда көзделген өзге де лауазымды тұлғаларды тағайындау, сондай-ақ Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамдарын жасақтау мәселелері қарастырылды.

«Сонымен қатар заңнаманы жаңартылған Конституциямен сәйкестендіру және еліміздің қолданыстағы құқығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қамтылды. Үкіметке, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ақылға қонымды мерзімде қажетті шараларды қабылдау жүктеледі.

Түйінді түзетулер бірқатар заңдарға енгізіледі. Ратификацияланған халықаралық шарттар қолданыстағы құқық құрамында қала береді. Конституциялық кеңес пен Конституциялық сот осыған дейін адам құқықтары саласында бірқатар нормативтік қаулылар қабылдаған болатын. Олардың заңдық күші Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде сақталады», - деді ол.

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндері барынша жетілдірілгенін айтты.

«Терминологиялық және семантикалық бірізділік қамтамасыз етілді. Құқықтық нормалардың тұжырымдары нақты әрі мазмұны баршаға түсінікті етіп жазылды. Осы ретте заңгерлер мен лингвист мамандардан құрылған жұмыс топтарының ауқымды еңбегін ерекше атап өткім келеді. Пысықталған Конституция жобасы комиссия мен оның жұмыс топтары аясында жан-жақты талқыланып, қолдау тапты. Комиссия мүшелерінің қоғам өкілдерімен кездесулерінде де жобаға оң баға бергендер көп болды», - деді ол.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу