Украина президенті Ресейдің соққыларының негізгі нысанасы энергетика мен тұрғын үйлер екенін атап өтіп, АҚШ пен Еуропаны әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘҚҚ) жүйелеріне арналған зымыран жеткізілімін арттыруға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Осы ретте Киевте Ресей шабуылдарынан кейін шамамен 1700 көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалып отыр.
Өткен аптада Ресей әскері Украина аумағына 1700-ден астам соққы жасаушы дрон, 1380-нен аса басқарылатын авиабомба және әртүрлі типтегі 69 зымыран ұшырды. Бұл туралы жексенбі күні, 25 қаңтарда, Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді. Оның айтуынша, РФ соққыларының басты нысаналары энергетика нысандары, аса маңызды инфрақұрылым объектілері және тұрғын үйлер болған.
«Ресейдің әрбір жаппай соққысы аса жойқын болуы мүмкін. Сондықтан бізге әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандар күн сайын қажет. Біз аспанды қорғауды күшейту үшін Америка және Еуропамен жұмысты жалғастырып келеміз», – деді Зеленский.
Сондай-ақ Украина президенті Вильнюске сапары барысында өңірдегі серіктестер – Литва мен Польшамен ұстанымдарды үйлестіретінін айтты.
«Украинаны күшейту үшін әрбір көшбасшымен жұмыс істеп жатырмыз. Ресей тарапынан қандай қауіп төнетінін бәрі анық түсінуі тиіс, ал мұны ең алдымен біздің халықтарымыз жақсы біледі», – деп қосты Владимир Зеленский.