Қант қызылшасы – ауыл шаруашылығы бойынша жетекші салаға айналуға тиіс

  • 25.10.2021

Бір кездері бүкіл Совет одағы көлемінде аты шыққан Қазақстандағы қант қызылшасы өндірісі ел тәуелсіздік алып, арғы-бергі бағытын айқындап, жекешелендіру жұмыстары жүріп болғанша елде орын алған дағдарыс кезінде ақсап-ақ қалып еді. Зауыттар жабылды. Зауыттың жабылғаны бөлек әңгіме, бүкіл бір қаланы жұмыспен өамтып отырған қант қызылшасын өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқан соң-ақ бұрынғы қант қызылшасын өңдеумен айналысатын мамандар жаппай қалаға көше бастады. Мәселен, Алматы облысындағы Ақсу қан зауыты жабылған соң, сол зауыт орналасқан Жансүгіров кентінде босаған үйдер қаптап кеткен. Зауыт ол қаңырап қалған. Елдің бәрі екі қолға бір күрек іздеп, әр түрлі бағытта жұмыс іздеп кетті. Біреуі жол жөндеуші болды, енді бірі өзге бір құрылыс салаларын төңіректеді, тағы бірі базар жағалап, ұсақ-түйек сауда жасауға ниеттенді. Сөйтіп, бүкіл бір кенттегі қайнап жатқан тіршілік әп сәтте тып-тыныш, жуас қана тіршілікке айналды. Дегенмен, кейеннен жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығын аяқтап қалған кезде зауытты қайта іске қосатыны жайлы сөздің шеті шыға бастады. Сол, сол-ақ екен, әлгі ел-елде, жер-жерде нәпақа айырып жүрген қант өндірушілер жаппай елге көше бастады. Ата кәсіп – елге нәсіп деп, салған жерден өздеріне бұрынғы мамандықтары қымбат екенін айтып, қант қызылшасы өндірісінің қайта жандануын асыға күтті. Ақыры, зауыт іске қосылды.

Зауыттың іске қосылуы тек зауытта істейтіндер үшін ғана емес, бұрын қант қызылшасын өсірген, кейіннен оны өткізетін жер қалмағасын босап қалған егістік алқабына әр түрлі дақыл егіп, қарағайды талға жалғап жүріп жатқан диқандар үшін де үлкен қуаныш болды. Бәрі жаппай қайтадан қант қызылшасының тұқымын іздей бастады. Бұл жағынан жергілікті әкімдік пен жауапты министрліктің қолдауын да бөліп айта кеткен жөн. Мәселен, әлемдегі ең бір өнімді тұқым беретін қант қызылшасының түрлерін әкеліп, оны диқандарға тегін таратты немесе субсидия арқылы қолына ұстатты. Осы-ақ екен, өңірде қант қызылшасы өндірісі жанданып сала берді. Тіпті, бір күндері әйгілі Ақсу қант зауытына диқандар әкелген өнім сыймай қалды. Ақыры, Көксу қан зауыты іске қосылды. Осы тұста Алматы облысымен жарысып, Жамбыл облысында да қант зауыты іске қосылып, екі облыс әріптестікте және бәсекелестікте қант қызылшасы өндірісін дамытуды мықтап қолға алды. Ол ол ма, бір күні тіпті қант қызылшасын батыс өңірде өсіре бастағаны жайлы әңгіме шыға бастады. Мұның барлығы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында қант қызылшасының орны зор екенін көрсетіп берді.

Енді, бүгінгі біздің тоқталайын деп отырғанымыз – қант қызылшасын өсіру мен өңдеудің Қазақстан жағдайындағы ғылыми  көрсеткіштері қандай деген мәселе. Бұл  тұрғыда бізге мамандардың пікірі өте маңызды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидатары Шолпан Оразқызы Бастаубаева мен Керімтай Қонысбеков Төлеуқасымұлы біріге отырып, бұл мәселенің бізге беймәлім, ғылыми қырларын ашып берді.

«Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі 1,4 млрд тоннаны құрайды. Ал, қант қызылшасының үлесі 270 млн тонна. Әлемдегі қант өндірісінің жалпы көлемі 131 млн тонна болса, оның ішінде қант құрағынан – 98 млн тонна, қант қызылшасынан – 33 млн тонна (25,2 %) шығарылады. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер Бразилия – 27,7 млн тонна, Үндістан – 19,9 млн тонна, Қытай – 9,7 млн тонна, АҚШ – 2,2 млн тонна екен. Ал,қант қызылшасынан АҚШ – 4,6 млн тонна, Германия – 4,3 млн тонна, Франция – 4,2 млн тонна, Ресей – 2,3 млн тонна, Польша – 2,0 млн тонна, Түркия мен Украина – 1,9 млн тонна деп айта беруге болады», - делініпті соавторлықпен жазылған мақалада.

Яғни, қант қызылшасының қант шаруашылығындағы алар ауқымы 25 пайыздан сәл ғана асады. Байқағанларыңызда негізінен қантты өсірудегі жетекші орынды күні ыстық елдер алып отыр. Және ол жақта қантты қант құрағынан алады. Ал, қант қызылшасын өсіру біздің ел сияқты салқынаду белдеуде орналасқан елдер үшін тиімді. Демек, бізде бір ғана мүмкіндік бар: Қант қызылшасын өсіруді әрі қарай дамыта түсу. Әйтпесе, қант өндірісі бойынша әлемдік магнат елдерді басып озу туралы сөз айтуға әлі ерте. Дегенмен, осы қант қызылшасы арқылы-ақ көршілес елдерді, Орта Азия нарығын жаулап алуға болады. Оның себебі, біздің елде осы дақылды өсіруге болатындай климаттық белдеулер аз емес. Мамандар бұл тізімге Алматы облысының 9 ауданын (Алакөл, Ақсу, Шеңгелді(Қапшағай қаласы), Ескелді, Кербұлақ, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талдықорған қаласы), Жамбыл облысының 5 ауданын (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) өсіруде және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарын қосып отыр. Демек, осы аталған аймақтар бар күшін салып, қант қызылшасын өсірумен және өндірумен айналысса жоғарыда айтқан жетістікке жету соншалықты қиын емес сияқты.

«Әрине, бұл ретте өнімділіктің, өнімнің сапасы мен шығын көлемінің айтарлықтай әртүрлі болары анық. Өткен жылдардағы қант қызылшасын өсірудің тәжірибесі республикада суармалы жердің әр гектарынан 400 центнерден, тәлімі жерден 200-250 центнерден тұрақты өнім алуға болатынын көрсетеді. Сонымен қатар жобада Солтүстік пен Орталық Қазақстан (Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары) жағдайында да отандық және шетелдік жаңа будандарға экологиялық сорт сынағын жүргізудің мүмкіндігі де қарастырылатын болады», - дейді.

Мамандар Қант қызылшасын өсіру – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі дейді. Қазіргі уақытта азық-түлік резервін жасау, азық-түлік қауіпсіздігі деген сөздерді жиі еститін болдық. Әлем де, Қазақстан да бұл туралы көп айтады. Бұл әсіресе коронавирус пандемиясы кезіндегі карантинде қатты білінді. Егер, мұндай қысылтаяң уақытта қант қызылшасы тығырықтан алып шығатын болса, онда бұл дақылды дер кезінде қолға алған екенбіз ғой деп ойлауға болады.

«Қант қызылшасы – біздің елімізде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бұл қайта өңдеу тұрғысынан барынша сұранысқа ие дақылдың бірі. Дегенмен, өкінішке орай, тұқым өндірісі жөнінен біз елдің тұтыну деңгейінен әлдеқайда артта қалдық. Тұқым нарығында импорттық тұқым 95% құраса, ал, отандық өнімнің үлесі бар болғаны 5% ғана. Бұған қоса көптеген аймақтарда, себілетін тұқым сапасына деген бақылаудың жоқтығынан, карантиндік зиянкестер мен аурулардың еніп кету қаупі туындауда. Қазақстанда қант қызылшасы тұқымын өңдеу, жетілдіру зауытының жоқтығы және элиталық-тұқым шаруашылықтарының болмауы алынған қант қызылшасы тұқымын осы заманғы халықаралық стандарттарға (сорттау, кептіру және т.б.) сай себу кондициясына жеткізуге мүмкіндік бермейді. Осыдан барып жылдағы 25-30 мың егіс бірлігі көлеміндегі шағын цех салудың қажеттілігі туындап отыр. Ол бізге жоғары сапалы тұқым алуға және оны төмендетуге мүмкіндік туғызбақ. Осыған байланысты отандық ғалымдар, өзіміздің селекциядағы жоғары сапалы қант қызылшасы тұқымын алу үшін, аталған жобаны қолға алып, іске кірісті. Қант қызылшасы тұқымдық материалының сапасы оны өндеу жағдайымен тікелей байланысты», - дейді мамандар.

Жалпы, 2015 жылы Алматы облысында 4 020 гектар қант қызылшасы алқабы болса, биыл бұл көрсеткіш 21 мың гектарға ұлғайыпты. Алты жылда бес есе өсіру қалай айтсаңыз да жақсы жетістік. Ол ғана емес, әр гектардан алынатын өнім көлемі де ұлғайып келеді екен. Мәселен, әр гектардан  810 центнерге дейін өнім алған шаруашылықтар бар. Ал, былайынша, орташа есеппен әр гектардан 400 центнерге жуық өнім алынып жүр.

Бұл көрсеткішті одан ары дамыта түсу үшін не істемек керек? Әрине, ауыл шаруашылығы өнімін арттырып, аз алқаптан көп өнім алу – жер ресурстары жыл сайын үлкен про лемаға айналып келе жатқан тұста өте маңызды. Бұл тұрғыда бізге ғылым көмекке келеді. Өнім көлемі ғылым мен шаруашылық ұштасқанда ғана артатыны өзін бұған дейін мың мәрте дәлелдеген. Ғалымдар бұл жағынан ендігі қазақ ғылымы мен ауыл шаруашылық саласының атқаруға тиіс жұмыстарына былайша тоқталады:

«Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы қант қызылшасы өндірісін ғылыми жағынан қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Бұл ретте өнімі сапалы, өнімділігі жоғары әрі ауруға төзімді жаңа сорттар мен будандарды шығаруға, бастапқы және элиталық тұқым әзірлеуді өз деңгейінде жүргізуге, сондай-ақ, оны өндірудің технологиясын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – қант қызылшасының элиталық тұқымы мен аудандастырылған будандарының бастапқы компоненттерін көбейту. Мәселен, республикада жоғары репродукциялы қант қызылшасы тұқымын шығарумен бүгінгі уақытта тек Алматы облысындағы аттестаттаудан өткен екі элиталық-тұқымдық шаруашылық: «ҚазЕжӨШҒЗИ» және «Қамқорлық» ЖШС айналысады. Осы орайда «ҚазЕжӨШҒЗИ» ЖШС жылдық мөлшері 1,5 тоннадан 4,0 тоннаға дейін жететін өзіндік элиталық тұқым өндірсе, ал «Қамқорлық» ЖШС де жыл сайын отандық будан тұқымын 7-ден 10 тоннаға дейін шығарады. Алдағы уақытта тұқым өндірудің осындай көлемі және оны қосымша ұйымдастырылатын тұқым шаруашылықтары арқылы ұлғайту егістік алқабының жоспарланған деңгейіне қол жеткізер еді».

Қорыта айтқанда, қант қызылшасы – біздің ауыл шаруашылығының жетекші саласының біріне айналуға тиіс. Бұған біздің климатымыз да, өзге жағдайымыз да жетеді деп сеніммен айтуға болады.

Байланысты жаналықтар

Шымкент әкімдігіне шетелдік компания ұсыныс айтты

11.03.2021

ВЕДЕТСЯ РАБОТА ПО ОБЕСПЕЧЕНИЮ МИКРОРАЙОНА ТУРАН КАЧЕСТВЕННОЙ ЭЛЕКТРОЭНЕРГИЕЙ

19.05.2021

Шымкентте шығатын құбырлар жарты ғасырға шыдамды

04.05.2021

Мигранты и жилищный вопрос: можно ли стабилизировать рынок аренды?

28.09.2022

А.Мамин: Басты міндет – ауыл тұрмысының сапасын жақсарту

20.04.2021

Таджикистан занял первое место в СНГ по темпам роста промышленности

06.02.2022
MalimBlocks
Шымкент әкімдігіне шетелдік компания ұсыныс айтты

ВЕДЕТСЯ РАБОТА ПО ОБЕСПЕЧЕНИЮ МИКРОРАЙОНА ТУРАН КАЧЕСТВЕННОЙ ЭЛЕКТРОЭНЕРГИЕЙ

Шымкентте шығатын құбырлар жарты ғасырға шыдамды

Мигранты и жилищный вопрос: можно ли стабилизировать рынок аренды?

Колоссальный спрос на аренду квартир, связанный с притоком российских мигрантов, привел небывалым ценам на рынке жилья. В крупных городах стоимость месячной аренды однокомнатной квартиры достиг полумиллиона тенге.

А.Мамин: Басты міндет – ауыл тұрмысының сапасын жақсарту

Таджикистан занял первое место в СНГ по темпам роста промышленности

Этот показатель в России составил 5%, в Узбекистане 9,5%, в Кыргызстане 0,2%, в Казахстане 2,9%