freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

11 қыркүйек терактілеріне қатысты іс 25 жылдан кейін сотта қаралады

Оқиға
11 қыркүйек терактілеріне қатысты іс 25 жылдан кейін сотта қаралады
Фото: The Bell

АҚШ-та 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерді ұйымдастырды деп айыпталған Халид Шейх Мохаммед пен өзге де күдіктілердің сот отырысы 2028 жылдың маусым айына белгіленді, деп хабарлайды Malim.kz.

Әскери соттың судьясы, АҚШ Әскери-әуе күштерінің подполковнигі Майкл Шрама сот процесін 2028 жылғы маусымда бастау туралы шешім қабылдаған. Бұған дейін прокурорлар сот отырысын 2027 жылдың қаңтарында өткізуді ұсынған.

Мохаммедпен бірге сотқа 11 қыркүйектегі шабуылдарға қатысы бар деп айыпталған Валид бин Атташ, Әли Абдул Азиз Әли және Мұстафа Ахмед әл-Хаусави қатысады.

3 мыңға жуық адамның өліміне әкелген шабуыл

Халид Шейх Мохаммедке 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған террорлық шабуылдарды ұйымдастырды деген айып тағылған.

Сол күні лаңкестер төрт жолаушылар ұшағын басып алған. Екі ұшақ Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасына соғылса, үшіншісі Пентагон ғимаратына бағытталған. Төртінші ұшақ Пенсильвания штатындағы алаңға құлаған.

Шабуылдар салдарынан шамамен 3 мың адам қаза тапты.

Мохаммедке ресми түрде 2008 жылы кісі өлтіру және террорлық шабуылға байланысты айыптар тағылды. Алайда оның ісі бойынша сот процесі бірнеше жыл бойы түрлі себептермен кейінге шегеріліп келді.

Гуантанамо мен азаптау туралы дау

Қорғаушы тарап соттың ұзаққа созылуын АҚШ үкіметінің айыпталушылар Гуантанамо түрмесіне жеткізілгенге дейін ЦРУ-дың құпия түрмелерінде азапталғаны туралы ақпаратты жариялаудан бас тартуымен байланыстырады.

Халид Шейх Мохаммед 2003 жылы Пәкістанда ұсталып, 2006 жылы Гуантанамо түрмесіне жеткізілген.

АҚШ Сенатының 2014 жылғы есебінде ЦРУ Мохаммедке және басқа күдіктілерге «күшейтілген жауап алу әдістерін» қолданғаны айтылған. Құжатта Мохаммедтің 183 рет суға тұншықтыру әдісімен жауап алуға ұшырағаны көрсетілген.

Енді 11 қыркүйек терактілеріне қатысты көп жылдан бері жалғасып келе жатқан сот процесі 2028 жылдың маусымында басталуы тиіс.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу