Түркістан облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының арнайы прокурорлары 13 жыл бұрын жасалған кісі өлтіру қылмысы бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
2012 жылғы 12 қазанда Сайрам ауданында алты ер адам жәбірленушіні ұрып-соғып, кейін оны Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерге алып барған.
Қазіргі таңда оның тек соққыға жығылғаны ғана белгілі. Ал қылмыстың мән-жайы, соның ішінде кісі өлтірудің нақты жағдайлары туралы құқық қорғау органдары толық ақпаратты жарияламай отыр. Бас прокуратураның мәліметінше, алты күдіктіге қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Өзге мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің Жедел-криминалистикалық департаментінің басшысы Сергей Стихеев құқық қорғау органдары өткен жылдардағы қылмыстарды ашу жұмысын күшейткенін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, заманауи технологиялар мен мұрағаттық материалдарды қайта талдау арқылы тіпті ондаған жыл өткеннен кейін де күдіктілердің ізіне түсуге мүмкіндік бар.
Мәселен, 2025 жылдың желтоқсан айының басында Қазақстанда 70 жастағы әйелді өлтіру және зорлау қылмысы 20 жылдан кейін ашылғаны белгілі болды. Стихеевтің айтуынша, 2006 жылы Қарағанды облысында аса ауыр қылмыс жасалған. Шамамен 70 жастағы әйел дүкенге бара жатып, қараусыз қалған атқораның маңынан өткен.
«Оған қылмыскер шабуыл жасап, өлтіріп, зорлаған. Қылмыс орнында биологиялық іздердің аз ғана мөлшерін қалдырған», – деп бұған дейін айтқан еді ол.
Заманауи технологиялардың арқасында қылмыскер анықталып, ол өз кінәсін мойындады.