29 жастағы ер адам қатты күйзеліс жағдайында ондаған шеге мен бұранданы жұтып қойған. Ол қатты іш ауруымен Самарқанд қаласындағы Республикалық шұғыл медициналық көмек ғылыми орталығының филиалына жеткізілген. Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл операция жасауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Malim.kz.
Дереккөздің мәліметінше, ер адам қабылдау бөліміне жедел іш ауруымен және қатты жайсыздық белгілерімен түскен. Алғашқы тексеру мен зертханалық талдаулар асқазан-ішек жолында көп мөлшерде өткір металл заттардың бар екенін көрсеткен. Бұл науқастың өміріне тікелей қауіп төндірген.
"Жағдай өте ауыр болды. Кез келген кідіріс ішкі қан кетуге немесе ағзалардың тесіліп кетуіне алып келуі мүмкін еді", – деді жоғары санатты дәрігер Юлдош Кулиев.
Дәрігерлер дереу хирургиялық ота жасау туралы шешім қабылдаған. Науқасқа лапаротомия және гастростомия әдістерімен операция жасалды. Ота барысында ер адамның іш қуысынан жалпы салмағы шамамен 200 грамм болатын ондаған шеге мен бұрандалар алынып шықты. Операция шамамен бір сағатқа созылып, сәтті өткен. Қазіргі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық, өздігінен қозғала алады және операциядан кейінгі қажетті ем қабылдап жатыр.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам ұзақ уақыт бойы қатты эмоциялық күйзелісте болған. Психологиялық қысым әсерінен ол өз әрекетін бақылай алмай, осындай қауіпті қадамға барған. Дәрігерлердің айтуынша, стресс адамды болжауға келмейтін әрі қауіпті әрекеттерге итермелеуі мүмкін.