Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жеке өміріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Өнер иесі қазіргі уақытта үйленбегенін және жүрегінің бос екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы өнер иесі 2023 жылы "Sputnik Армения" ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында айтты.Әншінің сөзінше, әлеуметтік желі мен ғаламторда ол туралы түрлі қауесет тарап жүр. Алайда Димаш мұндай ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
"Ғаламторда менің бірнеше әйелім бар деп жазыпты. Бірақ мен әзірге бойдақпын, басым бос. Жеке өмірімді көпшілікке жария еткім келмейді", – деді әнші.
Димаш болашақ жары мен отбасылық өмірін ел назарынан тыс ұстағысы келетінін айтты. Оның сөзінше, егер болашақ жары көпшілікке танымал адам болмаса, оны жұрт алдына шығармауы мүмкін.
"Болашақ әйелімді көрсеткім келмейді. Егер ол ел алдында жүрген, халық танитын адам болса, онда жағдай басқа. Бірақ негізінен жарымның көпшілік талқысына түскенін қаламаймын", – деді өнер иесі.
Сондай-ақ әнші болашақ балаларының да көпшілік назарында болғанын қаламайтынын жеткізді. Димаштың айтуынша, жеке өмір құпия болып қалуы керек.
Еске сала кетейік, Димаш Құдайберген жеке өміріне қатысты жиі қойылатын сұраққа жауап берген еді. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Света Айтбаева ұлы Димаш Құдайбергеннің болашақ жарына қатысты пікір білдірген болатын. Бұған дейін Динара Сәтжанның бағдарламасына қатысқан Сабина Мовлаева мен Димаш Құдайбергеннің жасанды интеллект арқылы жұп ретінде көрсетілген видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған. Сонымен қатар әншінің ұстазы Марат Әйтімов 2019 жылы берген сұхбатында әйгілі шәкірті туралы естеліктерін бөліскен.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген – қазақ музыкасын әлемдік сахнаға шығарған танымал әнші, ерекше дауыс диапазонымен көпшілікті таңғалдырған өнер иесі. Ол 1994 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Өнерлі әулетте өскен Димаштың музыкаға деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасты. Ата-анасының шығармашылық ортада болуы оның өнер жолын таңдауына ықпал етті.
Димаш сахнаға ерте жастан бейімделді. Бала күнінен түрлі байқауларға қатысып, табиғи талантымен және ерекше үнімен көзге түсті. Кейін кәсіби музыкалық білім алып, вокалдық шеберлігін жетілдіріп, үлкен сахнаға қадам басты.
Әншінің басты ерекшелігі – өте кең дауыс мүмкіндігі. Ол бірнеше октаваны еркін алып, классикалық шығармалардан бастап эстрадалық әндерге дейін жоғары деңгейде орындайды. Сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай және өзге де тілдерде ән айтып, халықаралық тыңдарманның ықыласына бөленді.
Димаштың шетелде кеңінен танылуына "Славян базары" халықаралық байқауындағы жеңісі үлкен әсер етті. Осы жарыста Гран-при иеленгеннен кейін оның есімі Қазақстаннан тыс жерде де таныла бастады. Кейін Қытайдағы "Singer" жобасына қатысып, ерекше орындау мәнерімен миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулады.
Бүгінде Димаш Құдайберген – әлемнің әр түкпірінде тыңдарманы бар, көптеген халықаралық марапатқа ие қазақстандық әнші. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанып, қазақ өнері мен мәдениетін жаһандық деңгейде насихаттап жүрген тұлға ретінде жоғары бағаланады. Димаш тек дара дауысымен емес, ұлттық өнерді, қазақ тілін және ел мәдениетін әлемге танытып жүрген өнер иесі ретінде де құрметке ие.