ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік, өндірістік және спорттық нысандардың жағдайымен танысты.
Іссапар Лермонтов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйді аралаудан басталды. 1975 жылы пайдалануға берілген ғимаратта 41 пәтерде тұрғындар өмір сүріп жатыр, тағы 17 пәтердің бос тұрғаны анықталды. Аймақ басшысы бос пәтерлерді қалпына келтіріп, тұрғын үй қорын тиімді пайдалануды тапсырды.
Сапар барысында әкім 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Никольск-1» ЖШС қызметіне назар аударды. Кәсіпорын егін және мал шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. 20 мың гектардан асатын жері бар шаруашылықта бүгінде 15 адам еңбек етеді. Мемлекет тарапынан минералды тыңайтқыштар, пестицидтер және тұқым сатып алуға арналған субсидиялар ұсынылып келеді.
Нұрымбет Сақтағанов Алтай қаласының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен де танысты. Мұнда 600-ден астам бала түрлі спорт түрімен шұғылданады. Әсіресе хоккей модуліндегі керлинг секциясы ерекше танымал. Жергілікті спортшылардың ішінде халықаралық деңгейде нәтижеге жеткендер бар. Солардың бірі — Ангелина Пеняева. Ол Қазақстан құрамасының сапында 2025 жылғы 19–26 қазан күндері АҚШ-тың Миннесота штаты, Эвлет қаласында өткен «Pan Continental Curling Championship» турнирінде күміс медаль жеңіп алған. Ангелина 2020 жылдан бері керлингпен кәсіби түрде айналысып келеді.
Аймақ басшысы жас спортшылармен кездесіп, алдағы жарыстарда табыс тілеп, облыс намысын әрдайым абыроймен қорғайтындарына сенім білдірді.
Сапар соңында облыс әкімі аудан дүкендеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тексерді. Ол кәсіпкерлерге бекітілген шекті бағалардың сақталуы міндет екенін еске салып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.