Байзақтығы жарылыс: Қырық күннен асқан қарбалас

Кейбіреулерін жергілікті әкімдік ұмытып кетсе, енді басқалары ешкімге хабарласпай-ақ, құрылыс жұмыстарын өз күштерімен жасап алған.

  • 07.10.2021

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада оқ-дәрі жарылғанына 40 күннен асты. Бұл апаттан 17 адам қаза тапты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әскери қоймадағы жарылыстан соң 122 нысанға зақым келгенін, оның ішінде 106 тұрғын үйдің 75-і орташа зақымдалғанын мәлімдеп, барлығына жөндеу жұмыстары жүретінін айтқан еді. 

Malim.kz тілшісі Байзақ ауданындағы жарылыстардан жапа шеккен ауылдардың (Қайнар, Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс) жай-күйімен танысып келді.

Алдымен Базарбай ауылына жол тарттық. Ауыл көшелерінде құрылыс жұмыстары мүлдем байқалмайды. Бірақ, ауылдың шет жағындағы Абай Құнанбаев көшесінде орналасқан №2/1 үйдің иесі Мақсат Бурханов  бізге өз шағымын жеткізді.

-Өзім қоғамдық жұмыс істеймін. Алты бала-шағам бар. Үлкені 10 сыныпта, кенжесі бес жаста. Әйелім үй шаруасында. Жарылыс болған күні бізде ешкім эвакуациялаған жоқ.  Бірінші жарылыс басталысымен бала-шағамды алып ауылдан қаштым. Сөйтсек, ауылдағылардың көбісі қашқан екен. Мүмкін содан кейін эвакуация  жасаған болар. Содан кейін түнгі сағат бірлерде жарылыс бәсеңдеген тұста үйге оралдық. Келсем, үйімнің терезелері сынып түсіп қалыпты. Ертесіне әскери полициядан келіп, үйімізді суретке түсірді. Әкімшіліктен де келіп жағдайымызды сұраған. Әкімшіліктің қателігі екі айна ғана сынды деп жазып кеткен.

- Сынған терезеден өзге бүлінген жер бар ма?

- Жарылыстан соң үй іргесі отырған. Міне, мына терезелерді де дұрыс орналастырмапты. Бәрі дірілдеп тұр. Әзірге үңдемей жүрмін. Осы бөлменің қабырғасы екінші бөлменің қабырғасына жалғасып жарылып жатыр. Сыртқы қабырғасы да тура осындай. Терезелерді қимылдатып көрсеткенмін. Әскери полиция «2 млн теңгедей қаржы кетеді» деп еді. Ауыл әкімшілігі мен жоқта келіп,   «екі терезе ғана» деп жазып, қойып беріпті. Жәй әншейін көрсету үшін ғана жасап кеткен. Үйдің қабырғалары ұзақ жылға шыдамайды. Тұрғын үйдің шатырын ашып, үстіне сейсмикалық белдеу құйып, екі-үш қатар кірпішті қаламаса болмайды. Қазір енді еденіміз сықырлап жатыр. Үйді былтыр ғана сатып алғанмын. Бұрын сықырламайтын. Өзімнің істеуге мүлдем шамам жоқ. Қабырғасы жарылған бөлмеге өзім жатамын. Бала-шағамды емес, құлап басатын болса мені бассын деп. Қорқып қалдық, шыны керек!

Осыдан кейін аудан орталығы Сарыкемерден 11 шақырымдағы Жібек-Жолы ауылына соқтық. Бұл ауылда да тұрғын үйлердің сыртына қарап, құрылыс жұмыстарын байқамайсыз. Жол-жөнекей ауыл тұрғындарынан сұрастырып, әскери қоймадағы жарылыстан кейінгі жөндеу жүргізіліп жатқан «Айна – city» құрылыс компаниясыныңжұмысшыларымен сөйлестік.  

 –Үй ішіндегі төрт бөлмені және үй сыртын сылап жатырмыз. Сонымен бірге үй іргесінің сыртын қаптаймыз. Жұмыс жасап жатқаныма бесінші күн. Алла қаласа, бүгін бітіріп қалармыз, – дейді Шалмұрат Қартанбаев

 –Бүгін осы үйге келдім. Осының алдында бір үйді бітірдім. Жалпы, осы ауылда жұмыс істеп жатқаныма 15 күндей болған екен. Бұл үйдің есік-терезелері бүлінген. Осыларды ауыстырып берсем бітіремін.

Айлық жағын бірден емес, аз-аздан ғана беріп жатыр. Түскі асымызды үйдің егелері береді. Оларға рақмет! – дейді Абай Измуханов.  

Бір қызығы осы екі үйдің ортасында орналасқан Қайрат Рысқұлбеков көшесіндегі №9 үйдің иесі Ғафур Ахметов жергілікті биліктен өзіне ешкімнің хабарласпағанын айтады.

 

–Маған бір тиын да берген жоқ. Мына терезені де, барлығын өзім салдым. Қабырғалардың гипсында өзім сылап шықтым. Міне, терезенің тұрысын қара! Есікті жөндеу қажет. Жауаптылар бір-екі күнде келіп көмектессе екен. Өзім жұмыссызбын. Мен сыртта құрылыс жұмыстарымен айналысып жүргенде келіп кетіпті. Одан кейін де жағдайымды біліп келсе болады ғой. Есік-терезелерді әкеліп берсе, өзім-ақ салып аламын. Бір түйір құмда түсіріп берген жоқ. Әкімшілікке баратындай қолым бос емес. Өзім осыларды істеудемін. Осы үйде әке-шешем үшеуміз тұрамыз, – дейді Ғафур.

     Әскери қоймаға ең жақын орналасқан Қайнар ауылына келдік. Байзақтағы ауылдардан қатты жапа шеккен тұрғын үйлер осында. Ауылға кіргеннен-ақ, бірдең құрылыс жұмыстарына көзіңізге түседі. Әрбір үйдің қасына уақытша шатырлар құрылған. Үй иелері мен кейбір жұмысшылар сол шатырларды уақытша паналап жатыр. Шатыр ішіне жылыту қазандықтары тұр. Біз қызмет барысында қаза тапқан сержант Марат Мешінбайдың анасы –  Қымбаткүл Алибаеваға көңіл айтып, қалін сұрадық.

 

–Баламның жақында қырқы өтті. Қызымда осы әскери бөлімде жұмыс істейді. Ол да жарақат алды. Қазір ем қабылдап жүр. Үйде қызым және немерем үшеуміз тұрамыз. Үйдің сау тамтығы қалмаған. Уақытша осы шатырда тұрып жатырмыз. Ішіне пеш қойды. Бірақ, қайсібір үйдегідей болады дейсің?

Әкімнің елбасына айтқан 15 млн теңгесі сіздерге берілді ме?

– Әлі берген жоқ. Оған арнайы құжат жинау керек дейді ме, сондай. Бірақ, естіп жатырмын. Беретін шығар, бәлкім. Баламның тірі жүргені керек еді, басқа  ештеңенің қажеті де жоқ еді.

Құрылыс жұмыстарына көңілдеріңіз тола ма?

–Әйтеуір барын салып балалар істеп жатыр ғой. Күн суытпай кіріп алсақ екен. Құрылыс жұмыстарына бір айдай уақыт болды. Бізге тезірек біткені жақсы. Жағдайымызды сұрап ауданның да, ауылдың да әкімдері келіп аралап жүр.

Әскери қоймаға ең жақын үйлердің бірі – Қайнар ауылындағы Бірлік көшесіндегі №4 үйдің иесі Есенгелді Сарымсақовпен де сөйлесіп көрдік. Өзі ІІІ топтағы мүгедек. Бұл үйде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.

–Балалардың барлығы лагерьде. Бұл жерде төрт адам түнейміз. Үйдің құлаған қабырғалары да болды. Жойқын жарылыс есік-терезені, үйдің шатырын да қиратты. Ең бастысы қысқа қалып кетпесек. Малдарымыз қысқа деп жинаған жем-шөбімізді жеуде. Қыста енді не береріміз белгісіз? Жем-шөпте қымбаттап кетті. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ауылымыздағы әрбір шаңыраққа 200 мың теңгеден берді. Үйдегі жиһаздардың барлығы да қираған. Олардың қалай болатынын білмеймін. Кейбіріне несиеге алынған дүниелер еді.

Байзақ ауданындағы сапарымыз Үшбұлақ ауылымен аяқталды. Мұндағы үйлер Базарбай мен Жібек жолы ауылындағыдай. Тұрғын үйлер Қайнардағыдай қатты зардап шекпеген. Ауыл тұрғындарының көбісі үйлерін қалпына келтіріп алған. Алайда, «Үшбұлақ медициналық тірегі» ғимаратының төбелері бүлінген. Кейбір бөлмелерге жапсырылған гипсокартондардың шүріптері сыртына шығып кетіпті. Аты-жөнін атамауды сұраған кіші медбикенің айтуынша: «Жөндеу бойынша әкімшіліктен шешім шығарылды. Бірақ, ешкім келіп жөндемеді. Басшылықпен кеше сөйлестім. Олар келеді деп отыр. Алайда, ешқандай да нәтиже жоқ. Тек ауылымыздың бір кәсіпкері тереземізді салып берді.» - дейді.

Ауылдағы Үшбұлақ бастауыш мектебінің терезелері де қайта салынған. Аталған мектептің меңгерушісі – Бибіжамал Рысбекова: «Аудандық білім бөлімі жарылыстың ертесіне келіп, мектептің терезелерін салғызды. Ал, мектептің кейбір ішкі қабырғалары жарылыс әсерінен жарылған. Құлаған қабырғаларының барлығын қайтадан сыладық» - деп отыр.  

Байзақ ауданындағы зардап шеккен тұрғындардың жалпы жағдайлары осы. Кейбіреулерін жергілікті әкімдік ұмытып кетсе, енді басқалары ешкімге хабарласпай-ақ, құрылыс жұмыстарын өз күштерімен жасап алған. Қазіргі таңда күннің суытып, елдің кейбір аймақтарында қар түскенін ескерсек, облыс басшылығына құрылыс жұмыстарын жылдамдатқызып, зардап шеккен үйлерді қайтадан қарап шығу керек сияқты.

Қайрылда МАЖЫРАҰЛЫ
 

Байланысты жаналықтар

Жамбыл облысында әкімдік 335 млн теңгені заңсыз жұмсамақ болған

14.05.2024

Ағасы кетті, інісі келді, баласы «өсіп» келеді – Мәшбек әулеті

07.04.2022

Сапарбаев та кетті

07.04.2022

Ұшып кеткен шатыр немесе Сапарбаевқа сәлемдеме  

30.11.2021

"Денсаулық" саяжайы. Ештеңе жоқ, өлесің де қаласың         

03.11.2021

Сапарбаев уәдесінде тұрмаса, жолды жауып, пойызды тоқтатамыз

25.10.2021
MalimBlocks
Жамбыл облысында әкімдік 335 млн теңгені заңсыз жұмсамақ болған

Кінәлілер жауапқа тартылды.

Ағасы кетті, інісі келді, баласы «өсіп» келеді – Мәшбек әулеті

Бердібек Сапарбаев - Назарбаев дәуірінде қалыптасқан, әкім болудан рекорд жасаған шенеунік. Қазір зейнет жасында. Бүгін Жамбыл облысы әкімі қызметінен босатылды. Бірақ, ол құрған отбасылық династия рекордсмен әкімнің орнын жоқтатпайтын сияқты...

Сапарбаев та кетті

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ұшып кеткен шатыр немесе Сапарбаевқа сәлемдеме  

Редакциямызға Жамбыл облысындағы Мойынқұм ауылынан Гүлмира Әлиасқарова есімді тұрғын хабарласып, «қорыққанды ғана сыйлайтын мына заманда шатырының ұшып кеткенін» айтып күйінді. Оқырман сөзін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.

"Денсаулық" саяжайы. Ештеңе жоқ, өлесің де қаласың         

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Денсаулық» саяжайының тұрғындары бірнеше жыл қатарынан не жарықсыз, не сусыз, не жолсыз күн көріп келеді.

Сапарбаев уәдесінде тұрмаса, жолды жауып, пойызды тоқтатамыз

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойындағы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Ақшолақ ауылының тұрғындарына жергілікті билік уәде бергенімен, газ жұмыстары әлі жүргізілмепті.