Бәрі сотталады: шетелдегі соғыстарға қанша қазақстандық қатысқан?
1 сәуірде желіде Украинаға қарсы соғысқа қатысқан 660-тан аса қазақстандықтың аты-жөні бар тізім пайда болды. ҚР ІІМ бұл ақпарат расталмағанын айтып, тексеруді талап ететінін мәлімдеді. Tengrinews.kz редакциясы бұл мәселе бойынша ашық деректерді зерттеген

1 сәуірде желіде Украинаға қарсы соғысқа қатысқан 660-тан аса қазақстандықтың аты-жөні бар тізім пайда болды. ҚР ІІМ бұл ақпарат расталмағанын айтып, тексеруді талап ететінін мәлімдеді. Tengrinews.kz редакциясы бұл мәселе бойынша ашық деректерді зерттеген, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Қандай баптар қарастырылады?
Қазақстанда шетелдегі әскери әрекеттерге қатысқандарға қатысты екі бап қолданылады:
- 170-бап – "Жалдамалылық" (17 жылға дейін бас бостандығынан айыру),
- 172-бап – "Шетел мемлекетінің аумағында әскери әрекеттерге қатысу" (9 жылға дейін бас бостандығынан айыру).
Қылмыстық істердің динамикасы:
2022 жылы:
- 170-бап – іс жоқ.
- 172-бап – 2 іс тіркеліп, 3 іс тергелді.
2023 жылы:
- 170-бап – 3 іс тіркелді.
- 172-бап – 23 іс тіркелді, 25 іс тергелді.
2022–2025 жылдар аралығында:
- 97 іс қозғалды: 5 – 170-бап бойынша, 92 – 172-бап бойынша.
Сот үкімімен 8 адам сотталды.
Кімдер және қалай соғысқа барған?
Қазақстан азаматтары көбіне Ресейдің жеке әскери компаниясы – ЧВК "Вагнер" құрамында соғысқа қатысқаны белгілі болды:
- Сәтпаев тұрғыны: 2022 жылы келісімшартқа отырып, 240 000 рубль айлық уәде етілген. 4,5 жылға сотталды.
- Жаркент тұрғыны: 2023 жылы отбасылық қиындықтар салдарынан ЧВК-ға қосылды. Бахмутта соғысқан. Кейін Қазақстанға оралғанда 7 жылға сотталды.
- Қарағанды облысы тұрғыны: жараланып, еліне оралған соң 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
- СҚО тұрғыны: Ресейде зорлық ісі үшін сотталған, кейін "Вагнерге" тартылып, Донецкіде 9 жылға сотталды.
Мемлекеттік органдар не дейді?
Шетел әскерінде қызмет ету туралы жарнамалар жөнінде журналистер қойған сұраққа жауап берген бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұл мәселемен уәкілетті органдар айналысып жатқанын айтты. Алайда өзі мұндай жарнамаларды көрмегенін жеткізді. Сондай-ақ, журналистер қазақстандықтардың алдап-арбау арқылы соғысқа тартылып, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрленіп жатқаны туралы қауесеттер жайлы сұрады.
"Шетелде жүрген азаматтарымыздың құқықтарын қорғау – бұл Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде. Мен олардың бұл жағдайдан хабардар екеніне сенімдімін және қазір нақты шаралар жоспарлап жатқандарын білемін. Бірақ біз, құқық қорғау органы ретінде, сырт қалмаймыз – қажет болған жағдайда барлық тиісті шараларды қабылдаймыз", – деді Қойгелдиев.
Жалпы алғанда, Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа қатысты бейтарап ұстанымды ұстанып отыр. Ел халықаралық құқықты сақтауға және бейбіт шешімге келуге шақырып келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселенің дипломатиялық жолмен реттелуінің маңызын бірнеше рет атап өткен.
Қазақстанның күштік құрылымдары үнемі азаматтарға шетелдегі соғыс әрекеттеріне қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салып отырады. Жақында Ішкі істер министрлігі бұл үшін өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін екенін ескертті.
2023 жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан "Вагнер" жеке әскери компаниясында соғысқан шетел азаматтары туралы мәлімет сұратқан, алайда нақты жауап алынбады. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан билігінің сұрауларына мазмұнды жауап берілмейтінін, себебі ресейлік шенеуніктер аталған құрылымның мемлекеттік емес мәртебесін алға тартатынын айтты.
Ал Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың пікірінше, қазақстандықтардың шетелге соғысқа аттануына әртүрлі себептер әсер етуде: бірі – пропаганданың құрбаны, бірі – ақша табуға тырысады, кейбіреулері алдап-арбаудың салдарынан кетеді. Алайда барлығы елге оралған соң міндетті түрде сотталады.
"Соғысқа кетіп жатқандар – өз еркімен барады. Бірі жарнамаға алданып, табыс тапқысы келеді, бірі пропагандаға еріп, енді бірі – арбауға түсіп қалған... Бірақ қалай болғанда да, бұл әрекеттер қылмыстық баптармен сараланады, егер "СВО-ға" қатысқан адам Қазақстанға оралса – міндетті түрде сотталады!" – деп мәлімдеді депутат.
Фото: pixabay.com