«Біреу тиіссе маған айт». Назарбаевтың «өнімі» Ақышевтың жарқын жылдары
Қолы қалт ете қалса Назарбаевтың кеңесшісі яки көмекшісі бола салатын Данияр Ақышевты Назарбаев қызметінен босатты. Бұл нені білдіреді? Өмір бақи демесек те, бірінші планға шыға бастаған кезінен Назарбаевтың жанынан шықпай жүрген бұрынғы Ұлттық банк төрағасының ендігі тағдыры не болады? Ол да Назарбаев айналасымен бірге "тазалауға" ұшырай ма, әлде, Тоқаев өзге бір қызмет ұсына ма? Бірақ, Ақышевтың "өсу жылдарына" көз салып көрдік, қазіргі президентпен жолы түйіскен жері жоқ екен...
Бұрынғы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Қазақстанның Тұңғыш президентінің көмекшісі лауазымынан босады. Қалыптасу, өсу кезеңдері Назарбаев дәуіріне тиесілі Ақышев 2019 жылы Ұлттық банк басшылығынан кеткеннен кейін, қаржы саласында көп аталмайтын болған. Тек «Назарбаевтың көмекшілігінен босады» дегенде ғана: «айтпақшы, ол әлі бар ма еді?» дегендей көңіл-күйде болдық. Оның тез арада ұмытылып кетуіне оның өзі де аз еңбек сіңірген жоқ – тым-тырыс жатып алды. Енді міне, Назарбаев айналасы «тазартуға» ұшырап жатқанда еске түсті. Оның бұлай «жоқ болып кетуіне» өзі ғана кінәлі ме, әлде басқа себептері бар ма?
Ақышев 2019 жылы Ұлттық банк төрағалығынан босаған кезінде Президенттің кеңесшісі қызметіне тағайындалған. Назарбаев отставкаға кетерден дәл 23 күн бұрын төрағалықтан кетіп, үш күннен соң Назарбаевтың кеңесшісі қызметіне тағайындалған Ақышевты Тоқаев өзі уақытша президент болып тағайындала салып-ақ 20 күннен кейін орнынан алып тастады. Сөйтіп, 40 күннің ішінде екі бірдей президентке кеңесші болған Ақышев ақыры Назарбаев жағына шықты.
Ол кезде қазіргідей емес, Назарбаев культі дәуірлеп тұрған шақ, президентке, оның әкімшілігіне, бүкіл мемлекеттік құрылымға ықпалы зор кез, Ақышевтың Назарбаевтың жанына, елеусіз қызметке ауысуы уақытша жағдай сияқты көрінген. Демек, бір орын дайын тұр. Назарбаев әулетінің тыққан-пыққан миллиардтарын (триллиондарын?) заңдастыру немесе жымын білдірмей жөнін табу сияқты жұмыстарға керек болды ма екен, ыңғайлап алған соң, басқа бір орынға жібереді ғой деген де ой болған.
Тоқаев жасаған алғашқы кадрлық өзгерістердің бірі болғандықтан, Ақышевтің орнынан кетуі – жаңа президентке керек емес болғаны ғой деген күмәнға да жетелеуі мүмкін еді, бірақ, біз, керісінше, Назарбаев Ақышевты аттай қалап, сұрап алғандай әсерде болдық. Сондықтан да, қарыштай өсіп келе жатқан жап-жас шенеуніктің ары қарайғы жолы да даңғыл болады» деп сендік.
Бес бас банкирдің қол астында
Қаржы саласындағы шенеуніктер басшылық деңгейге жеткенше анау айтқандай «публичный» болмайды. Әрине, салыстырмалы түрде. Қазақстандықтардың басым бөлігі Ақышевты да Ұлттық банк төрағасы болған күні бір-ақ білді. Бір таңда Қазақстандағы ең атақты адам болып оянды деуге болады. Оның ең атақты адам болуының басты себебі – дәл сол күндері бүкіл қазақ даласы Ұлттық банк деп ән салып тұрған. Қайрат Келімбетов теңге девальвациясына байланысты күнде мәлімдеме жасап, «экранды ашып қалсам, радионы қосып қалсам» болып, сарнап жүрген. Ақыры, елге «ешқандай өзгеріс болмайды» деп уәде беріп алып, бір апта өтпей жатып, 295-ке бір-ақ көтеріп тастады. «Жүген ұстап қалған» көп жұрт Келімбетовтің сатқындығы туралы айтып тауыса алмай жатқан тұс еді.
Бас банкирлер ішінде доллар құнын 2004-2009 жылдары 139-дан 121 теңгеге түсірген Әнуар Сәйденовті айтпасақ, қалған 10 банкир тәуелсіздік алғалы, теңге пайда болғалы бері, теңгені құнсыздандыру эстафетасын жалғастыру үшін ғана Ұлттық банк төрағасы болатындай әсер қалдырады. Әрине, Сәйденовтікі де дәл сол кездегі экономикалық жағдайға байланысты қалыптасқан жағдай екенін ескерте кету парыз. Әлемдік экономикалық дағдарыстан соң, есін жия алмай қойған экономика теңгені әлсіретумен келеді. Әлемдегі азғантай бір өзгерістің өзінен теңгеміз девальвацияға ұшырап шығады. Марченко 153-ке көтеріп кеткен долларды рекордсмен Келімбетов 2015 жылдың қарашасында 280-ге бір-ақ жеткізіп беріп, Назарбаев құрған «Астана» қаржы орталығына тайып тұрды.
Теңгені түзейді деп әкелген, 2007-2014 жылдар аралығында үш бірдей төрағаға орынбасар болған, Қадырдан Дамитов, Ораз Жандосов, Сәйденовтің, Марченколардың көзін көрген, Келімбетовтің өзімен 10 айдай қызмет істескен Данияр Ақышев келе салып бұл «қарыштап даму» курсына екпін қосатынын білдірді. Бір аптаның ішінде доллар теңгеге шаққанда жаңа жүздік белесті бағындырып, 307-ге бір-ақ жетті. Бұдан арғы теңгенің тағдыры белгілі, антирекорд жаңартып, құлдыраудан көз ашпады. Кезінде жұрт 121-ден 150-ге жеткізді деп Марченкоға қатты ренжитін, енді бір жыл ішінде доллардың 100 теңгеге қымбаттатып жіберсе де, Келімбетов-Ақышев тандеміне таңырқай қарап, қоя салатын болды.
Бұған Ақышев та тез бейімделді. Доллар күн сайын қымбаттап жатса да, «бәрі жақсы» деп қойып жүре беруді мықтап меңгерді. Мәселен, 2016 жылдың аяғында Үкімет отырысында жасаған баяндамасында:
«Ішкі валюталық нарықтағы жағдай тұрақты. Ұлттық банк ішкі және сыртқы факторлар әсерінен болатын іргелі трендтерге кедергі келтірмейді. Қараша айының соңында теңгенің биржалық бағамы АҚШ долларына шаққанда 341,44 теңгеге тең болып отыр, ол жыл басынан бері 0,4 пайызға құлдырады. Қазіргі уақытта нарықта теңге бағамының аздаған ауытқуы байқалады», - деп, арқаны кеңге сала сөйледі.
Осыдан бастап, Ақышев теңгені «еркін жүзуге» жіберу туралы айта бастады. Бұл сөз бұған дейін ішінара айтылып жүргенмен, Ақышевқа дейін қазақстандықтарға онша таныс емес сөз болғанын айта кету керек. Мұны Ақышевтың қазақша терминдерді дамытуға қосқан үлесі деп бағаламасақ, бас банкир ретіндегі имиджін жақсарта алмады.
Нұрсұлтан Назарбаев болашақ бір замандарда басқа жағынан ұмытылып кетсе де, шенеунік атаулыны жинап алып, ұрысып отыратын «қатал президент» ретінде есте қалатын шығар. Одан ұрыс естімеген үлкен лауазымдағы шенеунік, сірә, жоқ. Бірақ, ол елге көз қылып қанша ұрысса да, ертеңіне әлгілер түк болмағандай жүре беретін. Орнынан алынып қалған әлдебір шенеуніктің өзі көп ұзамай басқа бір жылы орынға жайғаса салады, тіпті, өсіп кетеді.
Осындай ұрыс естіген, бірақ, өсіп кете алмаған, былайша айтқанда, жолы болмаған бір шенеунік болса, ол осы Ақышев шығар. Ол дәл кетер қарсаңында Назарбаевтан ұрыс естіді және төрағалықтан босады.
Келімбетов доллар бір түнде 188-ден 252 теңгеге секіріп кеткенде «Мен мұны түнде естідім», - деп айды аспанға бір-ақ шығарған соң, көп ұзамай орнын босатып берді. Назарбаев әдеттегідей Сенатқа «өтініш» айтып, Ақышевты ұсынды. Әдеттегідей елдің ұлттық валюта мен банктерге сенімі азайып кеткенін, оған жол беруге болмайтынын (!) айтып, бұл қиындықты еңсеруге шамасы жетеді деп, арнайы таңдағанын айтты. Сенат та әдеттегідей, бір ауыздан құптап шықты.
Осындай керемет мақтаудан кейін жұмысқа кіріскен Ақышев теңгені түзей алмай қойған соң, 2017 жылы «теңгенің құнсыздануына халықтың өзі кінәлі» деген атақты мәлімдемесін жасады. Бұдан кейін де Ақышев төраға болған 3 жыл 3 ай мерзімде теңге құлдырай берді, құлдырай берді. Төраға бола салып, 20 мыңдық купюра шығарып, оған Назарбаевтың суретін шығарып жинаған ұпайының арқасы болар, біраз уақыт бойы Назарбаев оны қорғаштаудай-ақ қорғаштады. Дегенмен, сенім лимиті сарқылмай тұрмайды, 2017 жылы үкімет отырысында өзгелер Ақышевқа сын айтпақ болғанда «Ұлттық банк өткен жылы жақсы жұмыс істеді», деп, тыйып тастаған Назарбаев өзі отставкаға кететін 2019 жылдың басында Ақышевқа «нашар жұмыс істедің», деп ренжіді.
Ақышев соңғы он жылда экономикадағы банктердің кредиттері 5,5 триллион теңгеге ұлғайғанын, көбі қайтара алмай жатқанын айтады. Бұдан ары қарайғы диалогтың дамуы, шиеленісуі, кульминациясы қызық өрбиді.
Назарбаев әдеттегідей мұны жаңа ғана естіп отырғандай дүрсе қоя береді. «Өзіміз дұрыс істеген жоқпыз. Ақшаны кім көрінгенге бердік», деп бастап, біраз жерге барады. Ақышев іліп алып, «Өте дұрыс айтасыз. Кредиттерін қайтармаған кәсіпорындардың дені әлі де жұмыс істеп тұр. Әсіресе, бұл шағын бизнеске қатысты. Көбісінің жеке капиталы жоқ, бірақ жаңа арзан кредит талап етеді. Барлығына қайта несие берілді. Берешек өсіп жатыр", — дейді. Әбден дағдарған Назарбаев ақыры «Енді оларға несие беріп жүре береміз бе, жоқ әлде тәртіп орнатамыз ба? Мен "жеке қадағалау комитеті" керек дегенімде, сен "мен өзім істеймін" деген едің. Ал, бақыла енді! Жұмысың нашар».
Ұлттық банкті Ораз Жандосов басқарып тұрған тұста, бар болғаны 19 жасында қызметке араласып, бес бірдей ұлттық банк төрағасымен жұмыс істеген, ақырында өзі де төраға болған Ақышевтың өзін өсірген бүкіл бір режимді жасақтаған президентінен алған соңғы бағасы осы екен: жұмысың нашар!
Осыдан көп өтпей Ұлттық банк төрағалығын қазіргі Алматының әкімі Ерболат Досаевқа өткізіп беріп, президент Назарбаевтың кеңесшісі болды, бұл қызметі уақытша президент Тоқаев әкімшілігінде де жалғасты. 1996 жылдан бастап Ұлттық банк айналасында қызмет етіп келген Ақышев екі-үш мәрте басқа қызметке ауыса тұрыпты. Біріншісі Президент әкімшілігі әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің жетекшісі, одан кейін үш айға жетер-жетпес уақыт президент көмекшісі (м.а.) болады да, Ұлттық банк төрағалығына өседі.
2019-дағы кеңесшілік қызметтен кейін де үлкен секіріс жасай ма екен деп күткенбіз, бірақ, бұрынғыдай «ешкімнен қорықпа!» деп басынан сипайтын, қорған болатын Назарбаев дәуірі аяқталды. Оның бұған дейінгі бүкіл жүріп өткен жолында қазіргі президент Тоқаевпен түйіскен жері жоқ екен. Демек, Ақышев та Назарбаевтың «өнімі» ретінде «на дно» кете тұратын шығар.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының директорлар кеңесінен шығарылған Ақышевтың ендігі жағдайы не болады? Долларды 280-нен қабылдап алып, 395-ке жеткізіп беріп кеткен Ақышевты қазіргі төраға Ғалымжан Пірматовқа «теңге құнсыздандыру мәселесі бойынша» кеңесші етіп жібермесе, президент өзіне тарта қоймайтын сияқты.
Не де болса, Ақышевтың халыққа «теңге қатты құнсыздануы мүмкін дегенге сеніп, жинағанын көк қағазға жаппай айырбастаған халыққа» кінә арта жүріп жұмыс істеген тағы бір Назарбаев кадры жұмыссыз жатыр. Оны бір кездері «егер біреу араласып, тиісіп жатса маған фамилиясын айт», дейтін Назарбаевтың өзі жұмыстан шығарып жіберді...
Материалда пайдаланылған суреттер ашық интернет көздерінен алынды.