Қазақ тарихындағы жылан жылы. 2025 жылдан не күтеміз?

Жыл жағымды жаңалықпен басталады

Malim Админ

  • 31.12.2024

Қазақтар да ежелден осы жыл санауды сіңірген, бір мүшел деп атайды. Сонымен, әр жыл жануар атымен аталып, өзіндік мінез бен қасиетке ие. Жыл қайыру бойынша, іргемізде тұрған 2025 жыл – жылан жылына тұспа-тұс келіп тұр. Бұл жыл күрделілігімен, жұмбағымен және өзгерістерге толы кезеңдерімен танымал. 


Қиындыққа толы жылдар...

Тарихи оқиғаларды қарайтын болсақ, жылан жылында көптеген өзгерістер болғанын аңғарамыз. Небір қиыншылықтар, соғыстар, саяси өзгерістерді қоса алғанда, дүние тарихына оң өзгеріс алып келген оқиғаларын да тізбектеуге болады. Мәселен, ХХ ғасырда келген жылан жылдары түрлі оқиғалар болған: 1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989. Осы сандардың әрқайсысы белгілі бір кезеңдерді еске түсіре алады.

Алысқа бармай-ақ, 1917 жылғы Қазан революциясын, 1929 жылы қазақ даласында болған ашаршылықты, 1941 жылы совет-герман соғысының басталуын айта аламыз. Бірақ қазақ халқы үшін жылан жылы қашан да жайлы жыл деп айтылады. Мысалы, қазақтың аңыз-әңгімелерінде "жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды" деген сөздер бар. Қаншама жайсыз оқиғалардың өткеніне қарамастан, алдағы жылды жақсылыққа жоруға тура келмек.

Жылан жылы деп жалпылама атау бергенімізбен, оның өзі "отты жылан", "су жыланы" деп бөлініп жатады. Бірі аласапыран арқылы келетін өзгерістерді, екіншісі жайлылықты білдіреді-мыс. Әрқайсысының өзіне тән мінез-құлқы, соған сай жылдың өтуі бар іспетті. Дегенмен бұл айтып отырғанымыз көбіне қытайлықтардың жылнамасында кездесетін жорамал екен. Ал қазақы жыл қайыруда мұндай дүние жоқ.

Бізде жылан жылы неліктен жақсыға баланады? Себебі өз еңбегін адал атқарған, нәпақысын тапқан жанға бұл жыл берекелі, табысты жыл болатыны тұспалданады. Сонымен қатар жылан жылы туған адамдар белгілі ғалым, ғұлама, данышпан атанады деп үміттенген. Бір мысал ретінде Абай Құнанбайұлының 1845 жылы, яғни, жылан жылында дүниеге келгенін айтамыз.

Әрқашанда барлық нәрсені жақсыға болжау бізге тән үрдіс. Халықтың сенімінде жылан ешқандай зиян келтірмейтінін, оған тиіспеген абзал екенін алға тартатын әңгімелер жетерлік. Тіпті, "үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып жібер" деген сөзді бәріміз білеміз.

2025 жылдан не күтеміз?  

 2025 жылы елде бірқатар маңызды оқиғалар болмақ.  Қысқаша зерделеп көрейік.

Жылан жылы қазақстандықтар үшін жағымды жаңалықпен басталмақ.  1 қаңтардан бастап «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң күшіне енеді. Осыған байланысты айлық есептік көрсеткіш көлемі 240 теңгеге көбейіп, ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге болады. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 мыңнан асады. Бейнетінің зейнетін көріп отырған жандардың да базалық зейнетақысы 6,5 пайызға көтеріледі. Дәлірек айтсақ, төлемнің ең төменгі мөлшері 95 мыңнан асса, ең жоғарысы 213 мың теңгенің айналасында болады. Бірақ айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюы айыппұлдар көлемінің артуына да ықпал ететінін айта кеткен жөн.

Сонымен қатар, жалпыға бірдей декларацияны бұған дейін 2025 жылы барлық қазақстандық тапсырады деп жоспарланған. Алайда халық алаңдаушылық білдіргендіктен президент декларацияға қатысты мәселені тағы пысықтауды тапсырды. Бұл пәрменнен кейін елдегі мемлекеттік органдар базасы барынша цифрландырылып, шоттар бойынша дерек алмасу жолға қойылды. Нәтижесінде келер жылы табысы туралы есепті тек жеке кәсіпкерлер, құны 70 миллион теңгеден асатын мүлікті сатып алған мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор басшылары мен олардың жұбайлары, сондай-ақ өзге мемлекетте мүлкі немесе шетелдік банкте қаржысы бар азаматтар ғана тапсыратын болды.

2025 жылы кәсіп саласына да көп көңіл бөлінбек. Тұтынушылар мен саудагерлер үшін банкаралық QR төлемдер іске қосылады. Яғни, пайдаланушыларға қай банктің қосымшасы болмасын, ортақ жүйеге келтірілген бір терминалда QR код арқылы сауда жасауға мүмкіндік беріледі.

2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы аталып өтеді. Президент жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз, – деді өз жолдауында.

Мемлекет басшысының айтуынша кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Қазақстанда АЭС-ті қай ел салатыны 2025 жылы белгілі болады. Шешімді мемлекеттік комиссия қабылдайды. Үкімет осыған дейін АЭС салу мәселесінде 4 ел – Корея, Ресей, Қытай және Франция елдерінің технологияларын зерделеп жатқанын хабарлаған болатын.

2025 жылы негізгі ауыл шаруашылығы санағы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді. Санақ екі кезеңге бөлінген. 2025 жылғы 1-31 тамыз аралығында интернет желісі арқылы онлайн режимде және 2025 жылғы 20 қыркүйек – 20 қазан аралығында планшет пайдаланып елді мекендерді аралау арқылы. Жоспарланған ауыл шаруашылығы санағы бойынша арнайы комиссия құрылды.

2025 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарының тұрғындарын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Жоспар бойынша жылан жылында елдегі 25 қала мен 1395 ауылдың тұрғындары тиісті қызметтермен қамтылады.

Әзірбайжанның Шуша қаласында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері бас қосқан жиында 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы болып Ақтау қаласы жарияланды. Жылан жылында Ақтау қаласы төрткүл дүниенің ерекше назарында болмақ. Мәдени жыл наурыз айында TURKSOY ұйымына қатысушы елдердің мәдениет министрлері кеңесінің отырысымен және түркі елдері жұлдыздарының гала-концертімен ашылады. Сонымен қатар, Ақтауда классикалық және халық музыкасының концерттері, фото-картина көрмелері, театр труппаларының, музыкалық және би ұжымдары мен түркі әлемінің басқа да өнер өкілдерінің фестивальдері жоспарлануда.

Коллаж: El.kz   

Байланысты жаналықтар

Қанат Бозымбаев ТЖМ, ІІМ және әкімдіктердің мереке күндеріндегі қауіпсіздікке дайындығын тексерді

09.12.2024

Еліміздегі жолдардың сапасы сын көтере ме? Мониторинг жүргізілді

02.12.2024

Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

02.12.2024

Елімізде 26 млн ұялы байланыс абоненті бар – Статбюро

30.11.2024

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

14.10.2024

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

27.09.2024
MalimBlocks
Қанат Бозымбаев ТЖМ, ІІМ және әкімдіктердің мереке күндеріндегі қауіпсіздікке дайындығын тексерді

Мереке қарсаңында ІІМ мен ТЖМ қызмет көрсетудің күшейтілген жұмыс режиміне көшуде

Еліміздегі жолдардың сапасы сын көтере ме? Мониторинг жүргізілді

Мониторинг қатысушыларының 60% астамы сапасыз жол кесірінен өзі немесе жақындары апатқа түскенін айтқан

Сириядағы соғыс: Асад жанталасуда. Бірақ…

Сирияның “Хаят Тахрир аш-Шам” бастаған антиүкіметтік құрылымдары Мәскеу мен Асад режиміне нағыз “блицкригтің қандай болатынын” көрсетіп бағуда.

Елімізде 26 млн ұялы байланыс абоненті бар – Статбюро

Оның 18,7 млн-ы интернетке қосылған

Қыркүйектің басынан елімізде 7 әскери қызметші мерт болды - журналист

Халықаралық деңгейде ынтымақтастық нығайып келеді

Алты мемлекеттің арнаулы операциялар күштері әріптестік, практикалық іс-қимылдарды пысықтады