АҚШ Біріккен Араб Әмірліктеріне Иранның аралдарының бірін басып алу туралы ұсыныс жасағаны мәлім болды. Бұл туралы The Telegraph жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Басылым мәліметінше, Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдері Әмірліктерді Иранмен шиеленісте белсендірек әрекет етуге шақырып, Иранға тиесілі аралдардың бірін бақылауға алуды ұсынған. Ақпаратқа сәйкес, сөз Лаван аралы туралы болып отыр. Кей деректер бойынша, бұл арал сәуір айының басында БАӘ тарапынан жасырын әскери шабуылға ұшыраған. Алайда бұл мәлімет ресми түрде расталмаған.
Басылым дереккөзі АҚШ-тың бұрынғы қауіпсіздік қызметіндегі жоғары лауазымды тұлғасына сілтеме жасап, ұсыныстың мәні БАӘ күштері арқылы аралды басып алу екенін жазған. Әзірге АҚШ пен Иран билігі бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін БАӘ қорғаныс министрлігі елдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі Ираннан ұшырылған баллистикалық және қанатты зымырандар мен дрондарды қағып түсіргенін мәлімдеген еді. Ал Иран тарапы Әмірліктер аумағына шабуыл жасады деген айыптауларды жоққа шығарған.
Сондай-ақ бұған дейін БАӘ билігі танкерге жасалған шабуыл үшін де Иранды күдіктілер қатарына қосқан болатын.