Сот отырысында айыпталушылардың қорғаушылары істі қайта тергеуге жіберуді сұрады. Ал жәбірленуші тарап айыпталушыларды үйқамақтан уақытша тергеу изоляторына ауыстыру туралы өтініш хат жолдады,-деп жазды Kazinform.kz.
Ақтөбе облыстық әскери сотына айыпталушы Нұржан Айденов пен Заманбек Төлегенге қатысты іс түсті. Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігімен сот алды тыңдауы басталды. Сот отырысына тараптардың бәрі қатысты.
Айыпталушы Н. Айденовтің қорғаушысы кінәлілердің бәріне бірдей айып тағылмағаны, соның ішінде парашютті жинаған маман мен қойма жетекшісі жауапқа тартылмаған айтты. Мұның бәрін тексеруі тиіс басшы да жауапқа тартылмаған деп есептейді.
Айыпталушы Н. Айденов өз қорғаушысын қолдады.
Айыпталушы З.Төлегеннің де қорғаушысы дәл осы өтініш хатты қолдап, жауаптыларды түгел анықтауды сұрады.
Жәбірленуші тарап болса үйқамақты күзетпен ұстауға өзгертуді, яғни, қамауға алуды сұрады.
— Анасы қазір төсек тартып жатыр. Олар неге бостандықта жүр деп сұрайды. Әкесі де соны түсінбейді. Бала биіктен құлағанда шашылып қалған. Көзі ағып кеткен. Үйқамақты қамауға алуға ауыстыруды сұраймыз, — деді жәбірленушінің қорғаушысы.
Сот алды тыңдауы кезінде айыпталушылар көпбалалы екенін, тергеуде қандай да бір кедергі болмағанын, уақытылы шақыруға барғанын айтты. Тараптардың өтінішін тыңдаған сот кеңесу бөлмесіне кетті. Шешімін 5 қаңтарда шығарады.
Еске салсақ, Ақтөбеде курсант өліміне қатысты тергеу биыл қыркүйекте аяқталды. Майор мен кіші сержант күдіккке ілікті.