Ақмола облысында Целиноград аудандық емханасының жалпы практика дәрігеріне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол қызметтік жағдайын пайдаланып, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
«Медик әскерге шақырылушыларға әскери қызметті кейінге қалдыруға және “ақ билет” алуға көмектесемін деп уәде берген. Қызметтік мүмкіндігін пайдалана отырып, ол WhatsApp мессенджері арқылы жәбірленушілерден ақша аударымдарын алып отырған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 1,2 млн теңгеден асты», – деп хабарлады Целиноград аудандық соты.
Сот барысында дәрігер кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген.
Сот оған 3 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындап, 1 жылға медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырды.
Сондай-ақ сотталған адам пробациялық бақылауға алынды.