Қырғызстанның алғашқы президенті Асқар Ақаев Ыстықкөл халықаралық форумында сөйлеген сөзінде елдің қазіргі басшысы Садыр Жапаровқа қолға алынған реформаларды толық жүзеге асыру үшін қосымша уақыт қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қырғызстандық БАҚ-тың хабарлауынша, Ақаев алдағы он жыл ішінде ел экономикасы айтарлықтай серпіліс жасауға әлеуетті деп есептейді.
Оның айтуынша, Садыр Жапаров президенттік қызметке кіріскен кезде мемлекет экономикасы күрделі жағдайда болып, әлеуметтік-саяси ахуал да тұрақсыз еді.
Асқар Ақаев бүгінде Қырғызстан экономикасы тұрақты өсім жолына түскенін атап өтті. Ол әлеуметтік саладағы оң өзгерістердің нәтижесі бірнеше жылдан кейін толық көрінетінін айтты.
«Алдымен экономика дамиды, содан кейін оның игілігін халық сезіне бастайды. Бұл – экономикалық дамудың табиғи заңдылығы», – деді ол.
Сондай-ақ Ақаев Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылысы мен Қырғызстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігіне сайлануын елдің маңызды жетістіктерінің қатарына қосты.
Форум барысында ол қырғыз халқы Садыр Жапаровқа «қырғыз экономикалық ғажабын» жүзеге асыру үшін қосымша мандат берсе, бұл орынды шешім болатынын жеткізді.
Оның пікірінше, мұндай ауқымды міндеттерді орындауға кемінде 8-10 жыл қажет.
Айта кетейік, Асқар Ақаев 2005 жылғы Наурыз революциясынан кейін Қырғызстаннан кетіп, сол жылдың сәуір айында президенттік өкілеттігін тоқтатқан болатын.