Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесі – LRT-ның жұмыс кестесі мен жолақысына қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
LRT 17 мамыр күні іске қосылатын болды. Жолақы құны 200 теңге, төлемді қолма-қол ақшамен де, банк картасы арқылы да жасауға мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар 7 мен 18 жас аралығындағы оқушыларға және Астанада тіркеліп, тұратын жеңілдік санатындағы азаматтарға тегін жол жүру сақталады.
LRT бағыты елорданың негізгі нысандарын қамтиды. Атап айтқанда, желі Әуежай, Қабанбай батыр даңғылы, «Астана жұлдызы» стелласы, MEGA Silk Way сауда орталығы, Ботаникалық бақ, Abu Dhabi Plaza, Министрліктер үйі, Арыс көпірі, Қалдаяқов көшесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және «Нұрлы жол» вокзалы арқылы өтеді.
Пойыздар күн сайын таңғы 06:00-ден кешкі 23:00-ге дейін қатынайды. Желінің жұмысына 15 пойыз тартылып, қосымша төрт құрам резервте болады.
LRT пойыздарының қозғалыс жылдамдығы сағатына 60 шақырымға дейін жетеді. Әр пойыз бір уақытта 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады.