Астанадағы әкімшілік соттың апелляциялық алқасы Азаттық радиосының жеті журналисіне аккредитация беруден бас тарту туралы алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы басылымның сайты жазыпты.
Бүгін, 14 қаңтар күні өткен тыңдауда сот - Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі шығарған шешімді заңды деп таныған былтырғы қаулысын күшінде қалдырды.
Бұған дейін, 2024 жылдың 20 тамызында сот Азаттықтың жеті тілшісіне аккредитация бермеген СІМ ұйғарымын дұрыс деп тапқан еді. Осы шешіммен келіспеген редакция апелляция берген болатын. Істі судьялар Әбдірахманова, Қасымова және Шаяхметова қарады.
Сотта адвокат Лилия Гафарова министрлік Азаттық журналистерінің аккредитациясын уақытында қарастырмай, оларды әуелі «аккредитациясыз жұмыс істеуге» мәжбүрлегенін, кейін дәл осы үшін айыптап, Конституцияда бекітілген еңбек ету құқығынан айырғанын айтты. Оның сөзінше, журналистердің материалдарында жалған дерек жоқ, әрі редакция Қазақстанда ресми тіркелген және аккредитацияланған.
Сотта сонымен қатар «шетел журналисі» ұғымының заңда нақты айқындалмағаны атап өтілді. «Құқықтық медиа орталық» заңгері Гүлмира Біржанова Азаттық Қазақстанда 1993 жылдан бері ресми жұмыс істеп келе жатқанын айтып, бұл дауға байланысты тұтас редакция қызметіне қауіп төніп тұрғанын жеткізді.