Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Тегерандағы елшілікті және Тебриздегі бас консулдықты эвакуациялау туралы тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Әлиев Нахчыван әуежайына дрондардың құлауын теракт деп атап, күштік құрылымдарды жоғары дайындық режиміне келтірген еді.
Иран тарапы Нахчывандағы ұшқышсыз аппарат шабуылы Израиль тарапынан жасалған арандату болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Ираннан ұшқан екі дрон Әзірбайжан аумағына құлаған еді. Салдарынан 4 адам зардап шекті. Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Нахчывандағы дрондар соққысын теракт деп бағалайтынын айтты. Қазақстан президенті бауырлас, одақтас Әзірбайжан еліне қарсы жасалған әрекетті қатаң айыптады.
Сыртқы істер министрінің айтуынша, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ирандағы дипломатиялық персоналды толық шығару туралы шешім қабылдаған.
"Бұл үдеріс Тегерандағы елшілікке де, Тебриздегі консулдыққа да қатысты. Қазір осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді ол.
Байрамов кеше Иранның сыртқы істер министрімен телефон арқылы сөйлескенін, сол кезде тараптар осы мәселені талқылағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Иран тарапы жан-жақты тергеу жүргізуге уәде берген, ал Баку сол тексерудің қорытындысын күтіп отыр.