Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша басты айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев алғашқы сот отырысында мәлімдеме жасап, өз кінәсін толық мойындайтынын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Сотта сөйлеген сөзінде айыпталушы қылмысқа баруына ұзақ уақытқа созылған психологиялық қысым мен отбасылық жанжалдар себеп болғанын жеткізді.
«Мен жасаған қылмыстарым үшін толық жауапкершілікті мойындаймын. Қандай жаза болса да қабылдауға дайынмын. Менің әрекетім – отбасыма және маған қарсы жасалған әрекеттерге берген жауабым», – деді ол.
Сәрсемәлиев жұбайымен 10 жыл бірге өмір сүргенін және бес бала тәрбиелеп отырғанын айтты. Оның сөзінше, осы уақыт аралығында әйелінің туыстары олардың отбасылық өміріне жиі араласқан.
«Өз балаларым арқылы маған қысым көрсетілді. Бұл ар-намысыма қатты тиді. Мен балаларымды анасынан да, әкесінен де айырғым келген жоқ. Отбасымды сақтап қалу үшін соңына дейін күрестім. Бірақ моральдық және психологиялық тұрғыдан қатты шаршадым», – деді айыпталушы.
Ол туыстарының әрекеттері мен сөздері өзіне ауыр әсер еткенін, соның салдарынан өзін ұстай алмай қалғанын айтты.
Еске салсақ, 2025 жылғы 25 желтоқсанда Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасының жоғалып кеткені туралы хабарланған болатын. Тергеу барысында күдікті ретінде отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев анықталды. Кейін ол жұбайымен бірге Индонезияда ұсталды.
Іс материалдарына сәйкес, 6 қаңтарда зейнеткер ерлі-зайыптылардың мәйіті табылса, кейін олардың екі баласының денесі анықталған.
Төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша келесі сот отырысы 28 мамыр күні сағат 10:00-де өтеді.