Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ГКНБ) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев екі бап бойынша айыпталды. Бұл туралы оның адвокаты Икрамидин Айткулов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Адвокаттың айтуынша, Ташиевке Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 326-бабы («Билікті күшпен басып алу немесе ұстап тұру, сондай-ақ конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған әрекеттер») және 337-бабы («Қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша айып тағылған.
Сот Ташиевке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау туралы қолхат таңдады. Қорғаушының сөзінше, оның қорғауындағы азамат тағылған айыптарды мойындамайды.
Осы қылмыстық іс аясында Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры Курманкул Зулушев мен Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекұлы да аталып отыр. Алайда олардың нақты процессуалдық мәртебесі әзірге белгісіз.
Бұған дейін Ташиев, Зулушев және Тұрғынбекұлы Ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасына екі рет шақырылып, бірнеше сағат бойы жауап берген. Кейін олар ведомство ғимаратынан еркін шыққан.
Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Қамшыбек Ташиев Қырғызстан халқына үндеу жасап, азаматтарды алаңдамауға және жаппай наразылықтарға шықпауға шақырды.
«Егер кінә болса – адам жауап беруі керек, ал кінәсі болмаса – ол ақталады», – деді Ташиев.
Ол сондай-ақ өзінің заң аясында қорғануға толық мүмкіндігі бар екенін айтып, істің әділ қаралатынына сенім білдірді.
«Уайымдамаңыздар. Барлығы жақсы болады», – деп қосты ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда бірден үш бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаға мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру бойынша ресми айып тағылғаны хабарланған еді.
Биыл ақпан айында Қамшыбек Ташиев Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылған. Оның айтуынша, бұл шешім өзі үшін күтпеген жағдай болған. Ал Қырғызстан президенті Ташиевтің мемлекеттік қызметке қайта оралмайтынын мәлімдеген.
Сонымен қатар, Жогорку Кенеш депутаты Эльвира Сурабалдиева бұған дейін берген сұхбатында Ташиевтің қызметтен босатылуына мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырды деген күдік себеп болғанын айтқан.