Әлемді рәміздер билейді

«Әнұран» қазақтың тілдік қолданысында болмаған сөз

Олжас Қасым

  • 04.06.2024

1992 жылғы 4 маусым күні тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Содан бастап, 22 жылдан бері  мемлекеттік рәміздер күні мереке ретінде атап өтіледі.  Ту, Әнұран мен  Елтаңбаның қазақстандық патриотизмді, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда маңызы зор.  


                                        Қазақ – рәмізді халық

Әйгілі философ Конфуций «Әлемді заңдар билемейді, рәміздер билейді» деген.  Ал лингвист ғалым Әбдуәли Қайдар болса, осы пікірдің аясын  кеңейтіп «Қазақ – рәмізді халық» деп жазады.  Расында да, мемлекеттік Рәміздер елдің азаттығын айғақтайтын, тәуелсіздігін танытатын басты құндылықтар.  Рәміздер – дүние жүзіндегі ірілі-ұсақты халықтар мен елдердің баршасының өмір салтымен біте қайнасқан. Ұлт үшін қастерлі рәміздердің бірі – Ту. Рәмізтанушы Ербол Шәймерден «Мемлекеттік Тумыздың құрамына енген заттар мен бейнелі белгілердің әрқайсысының өзіндік символдық мәні бар»,- дейді.  Қазақстанның мемлекеттік Туы көгілдір түсті, ортаңғы бөлігінде алтын шапақты күн көрініс тапса, оның астында кереге қанатын еркін керіп ұшқан қыран құсты көреміз. Байрақтың сабында тік жолақ бейнесін құрайтын ұлттық өрнек бедерленген. Тудың негізгі реңкі көкпен қатар Сақ бабаларымыздың болмысын айғақтайтын, өркениеттік деңгейін сипаттайтын алтын түс.  Геральдика қағидаттарына сүйенсек, көк түс тазалықтың, адалдық пен берік сенімнің нышанындай.  Қыран бүркіт – билік, кеңдік пен көрегендік, күш-қайрат ұғымын айқындайтын рәміздік белгі. Байрақта бәдізделген зеңгір аспан бейбітшілік пен дербестікті білдірер болса, біркелкі түс мемлекеттің тұтастығын әйгілейді.

Қазақстанның Мемлекеттік Туының авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.  Мемлекеттік комисияның таңдауы 600 жобаның ішінен Ниязбековтің туындысына түскен.  Бір қызығы, қылқалам шебері ту  көлемін Астананың жел өтінде тұрғаны үшін үлкен, ендірек қылып жасайды. «Алматыдағы жағдай керісінше»,-дейді рәмізді жасаушы. Тәуелсіз Қазақстанның туы  алғаш рет Іле алатауындағы «Абай» шыңында желбіреген. 1995 жылы Лиллихамердегі қысқы Олимпиада кезінде спортшы Қайрат Биекенов  ұстап шыққан. 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетов ғарышқа ұшқанда Қазақстан Туы Жер шарын 150-ден астам рет айналып шықты. Жалпы, тарихта арнайы ту ұстаған батырлар болған. Қандай қиын кезеңдерді бастан өткерсе де, ерлеріміз тудың жығылмауы үшін басын өлімге тіккен. Тудың жығылуы – елдің дұшпандарынан жеңілгенімен пара-пар саналған. 

       «Әнұран» терминін қабылдауға қарсы шыққандар да болған  

Әбдуәли Қайдардың жазуынша, «Әнұран» қазақтың  тілдік қоланысында болмаған сөз.  «Бұл – тілімізге кейін енген «гимн» сөзінің баламасы. Айта кету керек, тоқсаныншы жылдардың басында жаңадан ұсынылған Мемлекеттік рәміздерді ресми бекіту үшін құрылған арнайы комиссияда бұрынғы гимннің орнына «Әнұран» деген жаңа терминді қабылдауға қарсы шыққандар да болған», - дейді лингвист ғалым. 

Дегенмен, ресми қабылданған «Әнұран» термині тілдік қолданысымызға тез сіңіп кетті.  «Гимн» термині әлем елдеріне көне грек тілінен ауысқан деген дерек бар. Бұл сөз Батыс Еуропа елдерінде әу баста «Құдайды мадақтап айтатын өлең» деген мағынада  қолданылған екен. Тәуелсіздікпен бірге өмірімізге енген жаңа терминнің негізгі тірек мәні «ұран» түсінігіне байланысты.  Яғни, әнұран – Қазақстан халқының өткені мен бүгінін, тарихи мұраты мен асқақ арманын әнге қосып айту, ұрандатып, жалпыға паш ету.

Егемен Қазақстанның алғашқы әнұраны 1992 жылы 11 желтоқсанда бекітілген. Реміздің авторлары – Қадыр Мырза Әлі, Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев,  Жадыра Дәрібаева.

Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» өлеңіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың әні 1959 жылы Тың игеру саясатына қарсылық ретінде шыққан болатын. Патриоттық рухтағы музыкалық шығарма алпыс жылдан астам уақыт халық арасында жиі әуелегені белгілі. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ән мәтініне енгізген өзгертуілері бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран  болып бекітілді. 2006 жылы 11 қаңтарда мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Осы сәттен бастап «Менің Қазақстаным» еліміздің Мемлекеттік Әнұраны ретінде ресми салтанатты жиындарда шырқалып келеді.

                                    Ғарышты шарлаған Елтаңба

                Қазақстан Елтаңбасының  авторы ретінде Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың есім-сойы айтылады. Елтаңба құрастыру сайысына авторлар 293-тен аса жоба ұсынған.  Конкурс  сыйақысына 20 мың рубль тігілген. Байқауда үздік деп танылған елтаңба макетін Жандарбек Мәлібеков Өзбекстан  астанасы Ташкенттен жүк көлігімен жасырын түрде әкелген екен.  

Мемлекеттің басты нышанындағы шаңырақ қазақ ұғымындағы ең қадірлі символ. Жақсылыққа алғыс ретінде де «шаңырағың шайқалмасын»,  «шаңырағыңнан шаттық кетпесін» деген  тілектер айтылады. Бір шаңырақтың астында бірнеше этностың тату-тәтті ғұмыр кешуі де ел ынтымағының арқасы. Қанатты қос пырақ – қазақ санасындағы ертеден келе жатқан терең түсінік. Бұл жерде де еркіндік, егемендік мағынасы жатыр. Елтаңбаның жоғарғы тұсында тұрған жұлдыздың да өзіне тән кең ұғымы бар. Қазақта «жұлдызың жансын», «жұлдызың жарқырасын» деген игі сөздердің  де бары мәлім.

Мәлібеков елтаңбаның жоғарғы жағына жұлдыз, жарты ай немесе күнді орналастыруды ұсынған. Бірақ, кейбір депутаттар айды исламдық фундаментализмнің белгісі, ал жұлдызды - кеңестік дәуірдің нышаны деп есептеген. Соңғы шешім бойынша «қазақтарда әр адамның өз жұлдызы бар, жас мемлекет болғандықтан, біздің өз жұлдызымыз, даму жолымыз бар» деген тілекпен қабылданған.  Алғаш рет 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров ғарыш көгіне елтаңбаны алып барды.   

Биыл президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан  Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Қазақстан Елтаңбасын өзгертуді ұсынды.

«Оны кеңес заманындағы гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек», - деді Президент. Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланатынын айтты.

Фото: Ашық дереккөзден    

Байланысты жаналықтар

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

16.11.2024

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

13.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

07.11.2024

Талғарда бірнеше Елтаңба қоқыс арасында шашылып жатыр

02.11.2024
MalimBlocks
Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

Қазақстан рейтингін сыртқы буферлер ұстап отыр

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

Құжат Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға жол ашады

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Президент Қазақстан мен Польша арасындағы байланыс дамып келе жатқанын атап өтті

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланған

Талғарда бірнеше Елтаңба қоқыс арасында шашылып жатыр

Видео әлеуметтік желіде жарияланды