Астанада кітап оқу мәдениеті дамып келеді

Ғұламалардан ғасырдан ғасырға жетіп келе жатқан ғибратты тәмсіл бар. «Өмірдің ең шалғай және қараңғы жолдарында бағыт беретін шам – кітап»,-дейді кемеңгерлер. Қай кезеңде де кітап өзінің ағартушылық функциясын жоғалтпайтыны анық. Дегенмен, цифрлық дәуірде кітап насихатын күшейту еліміздің алдында тұрған басты мақсат-міндеттің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқитын ұлт қана әлемдік өркениет бәсекесінде көш басында болатынын жиі айтады. Президент Түркінің төрі – Түркістанда өткен құрылтай кезінде «Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығыноятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ»,-деп ізгі қоғам құруға халықты үндегені белгілі.
Бұл игі бастама еліміздің әр аймағында лайықты жалғасын тауып келеді. Әсіресе Астана қаласында кітап оқу мәдениеті дамып, тұрғындардың руханиятқа деген құштарлығы артқаны байқалады. Бір сөзбен айтқанща Елорда – кітап оқитын қалаға айналып үлгерді.
Белгілі жазушы, ақын, зерттеуші Имамғазы Нұрахмет он жылдан астам уақыттан бері Астана қаласының тұрғыны. Қаламгер соңғы жылдары елорданың халқымен бірге зиялы ортасы да қалыптасып үлгергенін айтады. «Бүгінде 180-ге жуық ақын-жазушы тұратын Астана шын мәнінде кітап оқитын шаһарға айналды»,- дейді ол. Ғалым қуатты қалада әдеби, мәдени өмірдің күретамыры бүлкілдеп тұр деген пікірде.
«Кітап адамзаттың ғасырлар бойғы ақыл-парасатының жиналған жері. Кітап оқу арқылы адамның интеллектуалдық деңгейі көтерілсе, екіншіден, рухани күш-қуат алады. Өйткені, интернетте оқыған дүниең кітаптан оқығандай әсері бермейді. Себебі, кітапта адамның еңбегі бар. Жалпы қазақтар арасында кітап оқу 20-ғасырда өте дамыды деуге болады. Жасыратыны жоқ, 20-ғасырға дейін кітап оқу халықтық деңгейге жеткен жоқ. Әдебиеттер тапшы болды, оқитын адам аз болды. 20-ғасырда кітап оқудың жоғарғы сатысына шықтық. Ол кезде кітап оқу деңгейі Еуропаның деңгейінен асып кетпесе төмен болған жоқ. Кітаптар 100-200 мың тиражбен шығып жатты. Сол шығармалар кез келген жерден табылма қоймайтын. Кітап оқу мәдениетінің қалыптасуы, жоғарылауы ұлтың интеллект деңгейінің жоғарылауы деуге болады. Қазір кітап оқу үрдісі тіпті дами түсті»,-дейді жазушы.
Имамғазы Нұрахметұлы елордада кейінгі кезде кітап көрмелері жиі ұйымдастырылатынына қуанышты. Сөз зергері кітап сататын дүкендердің де қатары уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқанын айтады. Қаламгер 32 жыл бойы жазғанын романын Астана қаласында шығаруға мүмкіндік тапқан. Мөде қағанның өмірі мен ерлігін паш ететін «От пен су» атты романы зиялы қауым тарапынан оң бағасын алыпты.
«Мәселен, Досмұхамет Кішібеков, Мекемтас Мырзахметов, Қабдеш Жұмаділов сияқты ағаларымыз жақсы бағалады. Менің замандастарым да тарихи жинақты жылы қабылдады. Түрік оқымыстыларына да беріп, пікірін білдім. Оларға да ұнаған сынды. Бірақ бұл роман мінсіз деген ұғымды білдірмейді. Ендігі жоспар – романның екінші томын шығару» дейді кітап авторы. Ұдайы шығармашылық ізденісте жүретін қаламгер Астана екінші тынысын ашқанын жасырмайды.
Бүгінде шаһар тұрғындары іздеген кітаптарын Ұлттық академиялық кітапхана мен Астана орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен оңай табады. Жайлы орта, кітаптың мол қоры рухани нәр аламын, ізденемін деген жанға көп игілік сыйлайды. Айталық, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрамында 20 шақты кітапхана бар. Елордада орналасқан бұл рухани ошақтар зияткерлік орталық ретінде дамып келе жатыр. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесін басқаратын Гүлбадан Мәдібаеваның айтуынша, заман талабына, уақыт сұранысына сай жұмыс істеу үшін кітапхана қызметкерлері аянып қалмақ емес. Осы бағытта мәдени орын шығармашылық атмосфера қалыптастырып, қала тұрғындары үшін алаңсыз білім жиюға жағдай жасауда.
«Статистика келтірер болсақ, шаһар тұрғындарының ішінде кітапханаға келушілер арасында жастардың үлесі басым. Мысалы, мектеп оқушыларының 30-ға жуық пайызы кітап оқуды дағдыға айналдырса, студенттердің 22 пайызы кітапхананың тұрақты оқырмандарына айналған. Ал орта оқу орындарының оқушылары 18 пайызды құрап отыр. Заманауи кітапханалар тек қана оқу залдарынан тұрмайды. Өзара пікір алмасуға, демалуға, көпшіліктің қатысуымен мазмұнды іс-шаралар ұйымдастыруға бағытталған коворкинг орталықтармен де қамтылған. Сонымен берге бірнеше клуб белсенді түрде жұмыс істеуде. Олардың арасында тіл үйретуге, шығармашылық қабілеттерді арттыруға, зияткерлік ойындар ойнауға баулитын түрлері бар»,-дейді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Г.Мәдібайқызы.
2019 жылы Астана қаласы әкімдігі халықтың сұранысын өтейтін бірегей жобаны жүзеге асырғаны белгілі. Ол - «KITAP QALA» ауқымды алаңы. «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» жаз бен күз мезгіледрінде «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы аясында шығармашылықпен айналысатын тұлғалармен жиі кездесулер өткізіп тұрады.Бұл - елорда әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының бірлескен мега жобасы. Елорда тұрғындарының назарына түрлі әдеби кештер ұсынылып отырады. Зеңгір аспан астындағы кітапханадан оқырмандар өзіне керекті кітабын тауып алып, рухани тыныс ашуға мүмкіндік алып отыр. Әсем табиғат аясында елордалық ақындар жырдан шашу шашып, қаланы дүбірге бөлейді. Шараның басты мақсатының бірі – мектеп оқушыларының әдебиетке қызығушылығын арттырып, жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Аталған басқосулар бұл миссияның орындалып жатқанын айғақтайды. Астана шаһары қазір кітапқұмарлар қаласы деп те айтылады. Осындай мағыналы бастамалар мегаполисті жақсы жағынан танытатын игі істерге ұласып отыр.
Жас ақын Азамат Әбілқайыр ірі мегаполистің ширек ғасыр ішінде кітап оқу мәдениеті қалыптасқанын айтады. Әсіресе қолына қалам ұстаған жастардың қатары көбейгеніне ризашылық білдіреді. «Қазіргі таңда кітап оқитын жасөспірімдер саны артты. Дегенмен балаларға арналған кітаптарды көбейтуге тиіспіз. Қазіргі таңда орыс тілі, ағылшын, қазақ тілінде болсын кітап оқудың оң үрдісін байқаймын. Ал қазақ тіліне екпін түсірер болсақ, әрине белгілі бір деңгейде ақпарат көзі өте көп»,-дейді жас талап иесі. Елорда шабытын шалқытқан жас талант қазір балаларға арнап шығарма жазып жүр. Мысалдардан тұратын бір жинақ, сонымен қатар өлеңдер мен прозалық кітабын әзірлеп қойыпты.
Өткен жылдары Тұран төрінде Мемлекет басшысы «Балалар кітапханасы» бағдарламасын мұқият жүзеге асыруда тапсырды. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада тың жобаны іске асыруға жұмыстары басталып кетті. Рухани ошақта бүлдіршіндерге арналған зал жұмыс істеп тұр. Кітапхана қорында Мұзафар Әлімбаев, Қадыр мырза Әлі, Қастек Баянбаев сынды классиктерден бастап қазіргі жас жазушылардың кітаптары жинақталған. Елордалық баспалар жас өркендерге арналған кітаптар шығару көлемін арттырды. Қаладағы қуыршақ театры балалардың талғамына сай қойылымдарын сахналап жатыр. Олардың ішінде өзіміздің төл туындылармен қатар, шетелдік пьесалар да аз емес.
Түйіндей келгенде, Астана кітап оқитын оқырмандар қаласына айналды деп айтуға болады.